Байқоңыр қазақыланып келеді

Бүгінде "Жұлдызды қалашықтағы" Ресей Федерациясы мектептерінде қазақтың тілі, әдебиеті және тарихы оқытылып жатыр.  

Байқоңыр қазақыланып келеді Фото: Нұрболат Нұржаубай

Ерекше айтарлық жайт, 30 жылдан бері мұнда 4 көшеге тұңғыш рет қазақтың игі жақсыларының есімі берілген. 

Байқоңыр қаласында осы күні 12 мектеп болса, оның 5-еуі қазақстандық білім беру стандарты бойынша жұмыс істейді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Сондай-ақ, жер кіндігі саналатын қалада еліміздің білім стандарттарымен жұмыс істейтін бөбекжай-балабақшалардың саны да көбейіп келеді. Жақында ғана "Жұлдызды қалашықта" екі балабақша ашылып, ел игілігіне табысталды.

"Бұл – соңғы жылдары алғаш рет істеліп жатқан жұмыстар. Биыл да тағы бір балабақшаның біздің ҚР стандартына сәйкес балаларға білім беру бойынша мүмкіндік туады. Сөйтіп кезекті жоямыз және әрі қарай осы жұмыстар жалғасын таба береді", - дейді ҚР Президентінің Байқоңыр кешеніндегі арнаулы өкілі, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай.

Байқоңыр қалалық №25 бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Айнұр Ажимова қазақтілді балабақшаға сұраныстың өте көп екенін айтады. 

"Қазіргі таңда 7 топ жұмыс істеп жатыр. Барлығы – қазақ тілінде, балалар толық. Сұраныс өте көп. Балабақшаны алдағы уақытта 240 орынға толтырамыз деп мақсат қойып отырмыз. Балалардың келуі өте жақсы. Ата-аналар күнде таңертең балаларын қуана алып келеді", - дейді ол.

Бүгінде Байқоңыр қаласында 16 балабақша бар. Оның үшеуі қазақстандық білім стандартына сәйкес білім беруде. 

"Мемлекетіміздің мәртебесін көтеру мақсатында Байқоңыр қаласында екі қазақ балабақшасы ашылып жатыр. Бұрын бізде қазақ балабақшасы жоқ болатын. Мұны қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында жақсы ойластырылып жатқан іс-шара деп есептеймін", - дейді "Байқоңыр қалалық қазақ тілі" қоғамдық бірлестігінің төрайымы Қалымша Алтынбайқызы.

Жауаптылар жыл соңына дейін тағы бір балабақшаны қазақтілді етіп, мектепке дейінгі ұйымдардағы кезектілік мәселесін шешуді көздеп отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу