Байқоңыр қос үкіметтің назарынан тыс қалып тұр

7742

Қалада проблема қордаланып қалған. Бір ғана тұрғын үйлерді жекешендіру мәселесі бірнеше жылдан бері шешімін таппай келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Байқоңыр қос үкіметтің назарынан тыс қалып тұр

Бүгін Парламент Сенатында Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы "Байқоңыр" кешенін жалға беру шартына қатысты заң жобасы қаралған. Жобаны жоғары палата қабырғасында Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қорғаған. Құжатты талқылау барысында сенатор Бекболат Орынбеков Байқоңырдың "сақалды" проблемасын көтерді. 

Жалпы 2050 жылға дейін Ресейге жалға берілген Байқоңыр ғарыш айлағы тарихында 3 мыңнан астам ғарыш зымыраны мен 150-ге жуық ғарышкерді орбитаға ұшырыпты. Ресей ғарыш айлағын жалға алғаны үшін Қазақстанға жылына 115 млн доллар төлейді. Яғни осыған дейін 27 жылдың ішінде бюджетке шамамен 3,1 млрд доллар түскен. Алайда 76 мыңнан аса тұрғыны бар, оның ішінде 49 мыңнан астам Қазақстан азаматы тұратын Байқоңыр қаласында бірқатар проблема шоғырланып қалған.

"Атап айтқанда, Ресей тарапынан қолданыстағы инфрақұрылымды күтіп ұстауға ғана қаражат бөлінеді. Қаладағы тұрғын үй қоры жаңартылмайды. Инженерлік инфрақұрылымы мен әлеуметтік нысандардың тозығы жеткен. Қазақстан тарапы да қолданыстағы заңнамалар негізінде Байқоңыр қаласының инфрақұрылымдық жобаларын тікелей қаржыландыра алмайды", - деп атап өтті бүгінгі жиында Бекболат Орынбеков.

Сонымен қатар қаржы жетіспеушілігі салдарынан Қазақстан азаматтарын сапалы біліммен қамтамасыз ету де проблемаға айналған. Қазір қалада 9200 оқушы тәлім алатын 12 мектеп бар. Оның ішінде Ресейдің 7 мектебінде 4 мың, ал Қазақстанның 5 мектебінде 5200 оқушы білім алады. Ресейлік мектептегі 4 мың оқушының 1408-і – Қазақстан азаматтары. Олардың ресейлік білім беру бағдарламасымен оқуына байланысты мемлекеттік грант алып, жоғары оқу орындарына түсуі кезінде қиындықтар туындайды.

"Осыған байланысты сұрақ қойғым келеді. Қолданыстағы заңнамаларға өзгеріс енгізіп, жалға алу кезінде төленетін түсімдер есебінен Байқоңыр қаласы мен оған іргелес жатқан Төретам, Ақай елдімекендерін дамытуды қаржыландыру жұмысы қалай және қашан шешіледі? Екіншіден, Байқоңыр қаласының 11 600 пәтерінде тұрып жатқан Қазақстан азаматтарының баспанасын жекешелендіру мәселесі де қалай, қашан шешімін табады?" - деп сұрақ қойды сенатор.

Депутаттың бұл сұрағына жауап берген Қаржы вице-министрі Ербол Қарашөкеев шынында да аталған мәселелердің өте күрделі әрі өткір екенін мойындады. Оның сөзіне сенсек, Байқоңыр кешенінен түсіп жатқан жалдау ақысымен нысаналы түрде Байқоңырды, Төретам, Ақай елдімекендерін қаржыландыру – тұжырымдамалық мәселе. 

"Бізде мүдделі мемлекеттік органдар бұл мәселені біршама талқылаған. Түсіндіріп кетейін: жалдау ақысы салық емес түсімдер, яғни ол бірден бюджетке түседі. Оның бір бөлігін арнайы түрде осы елдімекендердің дамуына жіберу мүмкін емес. Себебі ол бюджеттік қағидаттарға қайшы келеді. Соған қарамастан, осы елдімекендердің инфрақұрылымын дамытуға қаржыландыруға толық мүмкіндік бар деп санаймын. Мысалы биыл Байқоңыр қаласын және Төретам елдімекенін қаржыландыру үшін нысаналы трансферт арқылы бюджеттен 2,5 млрд теңге жоспарланған. Жалпы Қызылорда облысына республикалық бюджеттен 22,7 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Қаражатты жолдауға дайынбыз. Ол үшін тиісті мемлекеттік органдар ұсыныстарды дайындап, Қаржы министрлігіне енгізуі керек", - деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, Байқоңыр қаласындағы 11 мыңға жуық пәтерді жекешелендіру – бұрыннан келе жатқан күрделі мәселе. Оны жекешелендіру үшін қолданыстағы тұрғын үй заңнамасына өзгерістерді енгізудің қажеті жоқ. 

"Біріншіден, ол Қызылорда облысы әкімдігінің құзыретіндегі шаруа. Жекешелендіру процесін бастау үшін Қызылорда облысының әкімдігі сол пәтерлерді Ресей тарапының жалдауынан шығаруы тиіс. Мәселені Байқоңыр кешенінің мәселелері бойынша Қазақстан – Ресей үкіметаралық комиссиясының күн тәртібіне енгізу керек. Ресей тарапынан келісім алған жөн.. Егер келіссөз жүргізілсе, ол пәтерлерді Қызылорда облысы әкімдігінің коммуналдық меншігіне пәтерлер өтеді. Ол жұмыс басталды", - деп түйді Ербол Қарашөкеев.

Бұл мәселе төңірегінде Сенат спикері Мәулен Әшімбаев нақты тапсырма берді. Оның сөзінше, байқоңырлықтардың проблемасын Қаржы министрлігі бақылауға ұстау керек. 

"Комиссияда да, Үкіметте де осы проблема көтерілуі тиіс. Сенаторлар халықтың мәселесін көтерді. Сондықтан "мүмкіндік бар" деп шектеліп қалмай, ары қарай жұмыс істеу керек. Жекешелдіруге үйлерді шығарып беруге көмектескен дұрыс", - деп ескертті Мәулен Әшімбаев.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу