"Байқоңыр" зымыран зәріне, ал "Бәйтерек" борыш батпағына батуда

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
12067

Шенеуніктер тіпті Қазақстан мен Ресей арасындағы паритетті, тепе-теңдікті жоюға дейін бармақ.

"Байқоңыр" зымыран зәріне, ал "Бәйтерек" борыш батпағына батуда

"Бәйтерек" бірлескен кәсіпорны Кеңес одағының ізімен күйрей бастаған "Байқоңыр" ғарыш айлағы орнында отандық экологиялық таза "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін тұрғызу үшін 2005 жылы құрылған болатын.

Қазіргі кезде "Бәйтерек" БК" АҚ-ының 529 мың 600 қарапайым акциясының 50%-дық үлесі Қазақстанның Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне тиесілі. Ал қалған жартысына Ресейдің "Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыш ғылыми-өндірістік орталығы" федералдық кәсіпорны иелік етеді.

Бұл "Бәйтерек" жаңа ғарыш айлағында қос мемлекет терезесі тең дәрежеде жұмыс жасауы үшін керек. Әйтпесе, мысалы, "Байқоңыр" қазақ жерінде орналасқанымен, ол ресейлік әскери құрылымдар мен шенеуніктер бақылауында екені жасырын емес.

Алайда алда жаңа космодром бойынша да теңдік жойылып, бақылаушы пакетке, тиісінше серіктес шешімін бұғаттау құқығына Ресей ие болатынға ұқсайды.

Осы орайда Қазақстан мен РФ үкіметтері арасындағы "2004 жылғы 22 желтоқсандағы "Байқоңыр" ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге" өзгерістер мен толықтырулар  енгізетін жаңа хаттама жобасы жарияланды.

Оған сәйкес, он бес жылдай әрекет етіп келген. "Бірлескен кәсіпорынның жарғылық капиталы ұлғайған жағдайда, тараптардың әрқайсысынан акционерлерге тиесілі дауыс беретін акциялардың тең санымен көрсетілетін акциялардың саны бойынша тараптар тепе-теңдікті сақтайды" деген 3-бап жойылады.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мұның "Бәйтеректің" борышын өтеп, оны банкроттықтан сақтап қалу үшін қажет екенін білдірді.

"2019 жылғы 15 қарашада "Бәйтерек "БК" АҚ кредитін өтеу бойынша жеңілдікті кезең мерзімі аяқталады. Бүгінде сол бюджеттік кредитті қайта құрылымдаудың барлық мүмкін тетіктері таусылғандықтан, "Бәйтерек" БК" АҚ-ның банкроттық рәсімін болдырмау және "Бәйтерек" жобасы бойынша негізгі атқарушы ұйым ретінде қызметін жалғастыру үшін Қазақстанның мүдделі меморгандары бюджеттік кредит бойынша берешекті қосымша қарапайым акциялар шығару жолымен конвертациялауды ұсынды. Мұндай шарттарды келісімде бекіту қажет, өйткені еліміздің ішкі заңнамасында бюджеттік кредит бойынша берешекті жарғылық капиталға конвертациялау көзделмеген", – деп түсіндіреді ведомство.

Осылайша, "Бәйтеректің" борышын жай акцияларды қосымша шығарумен өтеу көзделіп отыр: ол акциялар алдымен бюджеттік кредитті сөндіру үшін Қазақстан Үкіметіне беріледі, бірақ артынша оларды Қазақстан Ресейге тапсырмақ. Бұл Ресейдің "Бәйтерекке" кеңестік "Зенит-М" ҒЗК нысандарын беруінің өтеуі болмақ.

"Берілетін акциялардың саны Ресей беретін мүліктің нарықтық құнына сай болады. Акцияларды мүлікке айырбастау бойынша болжанып отырған рәсімдердің нәтижесінде акционерлер арасындағы акциялар саны бойынша бұрынғы тепе-теңдік бұзылады. Осыны ескере отырып, бірлескен кәсіпорындағы жарғылық капитал ұлғайған жағдайда акциялардың саны бойынша тепе-теңдікке қол жеткізуді көздейтін норманы Келісім мәтінінен алып тастау қарастырылуда", – делінген хаттама жобасына негіздемеде.

"Бәйтерек" БК" АҚ-ы бас директоры Қуат Мұстафиновтың мәліметінше, Ресей Қазақстанға Байқоңырдағы, нақтырақ айтқанда 45, 42, 43-ші алаңдардағы зымыран ұшыру кешенін, техникалық кешенді және тұрғын үйлерді, сонымен қатар инженерлік желілер мен коммуникацияларды тапсырған. 3 алаңда барлығы 243 нысан бар. Оның 220-сы ғимарат, қалған 23-і – инженерлік-коммуникациялық желі.

Соңғы қаржылық есебі бойынша "Бәйтерек" БК" АҚ-ында 139 адам жұмыс жасайды. Оның қазақстандық филиалы - Байқоңыр қаласында, ал ресейлік өкілдігі Мәскеудегі "Новозаводская, 18" мекенжайында орналасқан.

"Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру үшін Қазақстан Үкіметі кезінде бірлескен кәсіпорынға 223 млн долларға пара-пар сомада бюджеттік кредит берді. Қарыз 19 жылға небәрі жылдық 0,5% мөлшерлемемен ұсынылды. Жаңа ғарыш айлағы сол бойы іске қосылмағандықтан, қазақстандық-ресейлік кәсіпорын оны қайтара алмады.

Жалпы, бұл осы жобаға қатысты алғашқы дағдарыс емес. 2015 жылғы қарашада кредитті игерудің мерзімі аяқталды. "Бәйтерек" БК-ын қаржыландырудың тыйылуы еңбек ұжымындағы әлеуметтік кернеудің өсуіне, жеткізушілер мен жалға берушілер тарапынан сотқа шағымдануларға, қазақстандық-ресейлік кәсіпорынның банкрот болуына, сондай-ақ "Бәйтерек" жобасының толық тоқтауына соқтыра жаздады. Бұл жөнінде сол кезде Үкіметке жолданған "Бәйтерек" кешенін құру жобасын жүзеге асыру үшін бөлінген бюджеттік кредитті қайта құрылымдау мәселесі жөніндегі анықтамада" айтылған.

Сондықтан Үкімет бюджеттік кредитті игеру мерзімін және жеңілдікті кезеңді ұзартуға барды.

Оның үстіне "Бәйтерек" бухгалтерлік есепті теңгеде жүргізеді. Функционалдық валютасы ретінде де Қазақстанның ұлттық валютасы бекітілген. Бұл ретте 2005 жылдан бері теңге бірнеше дүркін девальвацияны бастан кешкені мәлім. Тіпті бергіні алғанның өзінде, 2017 жылғы 31 желтоқсанда айырбас бағамы ретінде 1 доллар 332,33 теңгеге тең деп белгіленсе, 2018 жылғы 31 желтоқсанда доллар бағамы 384,2 теңгеге жеткен. Бұл да компания жағдайын ауырлатпаса, жеңілдетіп отырған жоқ.

2018 жыл қорытындысында "Бәйтерек" БК кассасы мен ағымдағы шоттарында небәрі 215,3 млн теңге ғана қалған. 2017 жылғы 31 желтоқсанда ол сома 365 миллионнан асатын.

Оның үстіне компания Алматыда орналасқан "Қазақстандық ғарыш технологиялары" ЖШС-ның 9% үлесін сатып алыпты. Алайда аудиторлар анықтағанындай, "Бәйтерек" ол кәсіпорынға айтарлықтай ықпалын жүргізбейді және 2017-2018 жылдары одан еш дивиденд пен табыс алмаған. 

Әйтсе де, "Бәйтерек" БК басшылығы болашақта кешеннен келуі мүмкін қаржы ағындары компания міндеттемелерін орындауға жетеді және ол өз қызметін жалғастырады деп санайды.

Қаржылық есебіне жүгінсек, биылғы жыл басында бірлескен кәсіпорынның борышы 13,4 млрд теңгеге жеткен.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу