Байқоңырға қатысты бір қуанышты, бір алаңдатарлық жаңалық жарияланды

833

Ресейдің пилотты космонавтикасы уақытша болса да доғарылды.

Байқоңырға қатысты бір қуанышты, бір алаңдатарлық жаңалық жарияланды Фото: unexploredworld.ru

Мәскеу "Байқоңыр" айлағын сол үшін жалға алып келген болатын.

Ресейдің иелігінде 5 космодром бар: біріншісі – Қазақстанда орналасқан және РФ жалға алған "Байқоңыр". Әлемдегі – ең ірісі.

Екіншісі – кеңестік "Свободный" ғарыш айлағы базасында тұрғызылған, Қиыр Шығыста, Амур облысында орын тепкен "Восточный".

Үшіншісі – РФ-тің Архангельский облысындағы "Плесецк" әскери космодромы. Төртіншісі – Астрахан облысындағы ең ескі полигондардың бірі – "Капустин Яр", ғарыштық зерттеулер мақсатында пайдаланылады, ғарышқа жететін әскери мақсаттағы зымырандар сыналады.

Бесіншісі – Оңтүстік Оралдағы "Ясный" ұшыру базасы. Ол шағын жер серіктерін ұшыру мақсатында қолданылады.

Дегенмен, осы бесеудің ішінде жалғыз "Байқоңырдан" ғана ғарышкерлер ұша алатын. Енді оған да нүкте қойылды. "Роскосмос" келесі пилотты ғарыш кемесінің нақты қашан ұшатынын ақпарат құралдарына айта алмады.

Кеше америкалық ғарыш агенттігі "Байқоңырдағы" старттық кешенде қызмет көрсетуші алып кабинаның қирағаны туралы хабардар екенін мәлімдеді. NASA АҚШ пен РФ арасындағы "күрделі қатынастарға" қарамастан, Халықаралық ғарыш станциясына экипаждарды жасақтау мәселесінде "Роскосмоспен" тығыз ынтымақтастықта екенін хабарлады. Қазіргі кезде Ресей өз ғарышкерлерін орбиталдық станцияға тек Илон Масктың SpaceX компаниясының Crew Dragon ғарыш кемесімен ғана аттандыра алады.

Ресейлік ақпарат құралдарының дерегінше, таяуда, 27 қарашада "Союз МС-28" ғарыш кемесін "көтерген", экипажы бар "Союз-2.1а" зымыран тасығышын ұшыру кезінде "Байқоңыр" ғарыш айлағы айтарлықтай зақымдалған.

Ресейлік RTVI телеарнасы "құлыптардың" Ресей космонавтикасының ғарышқа жолын жауып тастағанын жеткізді. Әңгіме зымыранның астындағы қысымға шыдамай уатылып түскен кабина құлыптары туралы.

"Қолда бар деректерге сәйкес, "Байқоңыр" ғарыш айлағындағы ғарышкерлерді ұшыратын жалғыз старттық үстелдің (екіншісі – "гагариндік старт" бүгінде істен шығып, мұражайға айналған) қирауына бірнеше фактор себепкер болуы мүмкін. Оқиғаның бір алғышарты ретінде дереккөздеріміз "зымырантасығышты ұшыруға дайындық жұмыстарындағы салақтықты, бақылаудың нашарлауын" атады. Сондай-ақ, старттық үстелдің жекелеген элементтерінің "шаршауы", олардағы тозу жырықтары, оларға түскен шектен тыс вибрациялық жүктеме де ықпал еткенге ұқсайды", – деп мәлім етті телеарна.

Бірақ старттық үстелдің күйреуіне қатысты тергеу жалғасуда, сондықтан түпкілікті себептері кейін жарияланады. Бұдан бөлек, ресейлік сарапшылар "Байқоңырдағы" аталған 31/6 ұшыру кешенінің өзі де көнергенін, ол 65 жылдай бұрын салынып, 1961 жылдан бері тоқтаусыз пайдаланылып келгенін қаперге салды.

Тиісінше, қызмет көрсету кабинасы жаңартылғанның өзінде кешеннің "өне-бойындағы" коррозия, тозу жырықтары (усталостные трещины) апаттардың қайталануына соқтыруы ғажап емес.

"Байқоңырдағы" апат туралы халықаралық ақпарат құралдары жарыса жазып, шетелдік мамандар қызу талқылай бастаған соң "Роскосмос" та ресейлік ғарышкерлерді ұшыратын жалғыз алаңның жарамсыз болып қалғанын мойындады.

"Старт орнына зерттеу жүргізілді. Мұндай тексеріс зымыран ұшырған сайын жүзеге асырылады. Нәтижесінде, старттық үстелдің біраз элементтері бүлінгені анықталды. Енді старттық кешеннің жалпы жай-күйіне бағалау жүргізілуде. Қалпына келтіру үшін қажетті барлық резервтік элементтер бар. Таяу арада бүлінулерді жоюға күш салынады", – делінді РФ ғарыштық мемкорпорациясының бастапқы мәлімдемесінде.

Ізінше, ресейлік сарапшылар бұл кабинаның кеңес кезіндегі ең мықты болаттан және құпия қоспалы материалдардан жасалған "тұғырнама" екенін еске салды. Сарапшылар қазіргі Ресейде ондай технология жоғалғанын жасырмады. Содан соң "Роскосмос" агенттігі күйреген кабинаны жөндеу немесе ауыстыру 6 ай және одан көп уақытты талап ететінін мойындады.

Ғарыш кемесі 27 қараша күні табысты ұшып кеткендіктен, оның ішіндегі ресейлік ғарышкерлер Сергей Кудь-Сверчков пен Сергей Микаев, сондай-ақ NASA астронавты Кристофер Уильямс Халықаралық ғарыш айлағына аман-сау жетті. Алайда енді олардың қалай кері қайтатыны белгісіз.

Өйткені ұшыру кешеніне үлкен нұқсан келді. Зымыран тасығыштың ұшырылуын бастан-аяқ видеоға түсіріп тұратын дрон 8У216 қызмет көрсету кабинасының газды қайтарушы науаға құлап түсіп, бәрін қиратқанын тіркеді.

"Қызмет көрсету кабинасы дегеніміз – зымыран тасығыштың газын жұтқыш бетон қабырғасынан суырылып шығатын метал конструкция. Оның өлшемі 19х17 метр және салмағы 144 тонна. Кабинада 2 көтеру платформасы орналасқан. Ұшыруды дайындау кезінде қызмет көрсету кабинасы зымыранның астына барып тіреледі. Ондағы платформалар көтеріледі және зымырантасығыштың бірінші және екінші сатысының қозғалтқыштарына қызмет көрсетуші мамандарды жеткізеді. Осы жерден, зымыранның астыңғы жағынан команда барлық старталды жұмыстарды жүргізеді", – деп түсіндірді ғарыш бойынша сарапшы Виталий Егоров.

Ұшыру алдындағы дайындық аяқталған соң көтеру платформалары төмен түседі, ал "қызмет көрсету кабинасы" арнайы рельстер бойымен жылжып, старттық үстел астындағы қуысқа тығылады. Қуыс арнайы қорғаныштық плитамен – метал шымылдырықпен жабылады және 2 құлыппен бекітіледі.

Сарапшының тұжырымдауынша, 27 қарашада "Союз-2.1а" зымырантасығышын ұшыруға дайындық жұмыстары қалыпты, штаттық сипатта өтті. Ұшыруға 44 минут қалғанда қызмет көрсету кабинасы өз ұясына енді. Алайда кейінгі тексеру көрсеткендей, кабина қуыс-ұясында мықтап бекітілмеген немесе ескірген құлыптар зымыранның "тепкініне", қатты серпініне төтеп бере алмаған.

"Салдарынан, ұшыру кезінде қозғалтқыштардан алапат қарқынмен шығатын газдар ұратын зымыранның астындағы кеңістік пен қызмет көрсетуші кабина орналасқан бос қуыс арасында қуатты қысым пайда болған. Ғаламат қысым кабинаны лезде қуысынан суырып алып, оны газды қайтарушы науаға лақтырып жіберген. Кабина алдымен зымыранның соңынан аспанға қарай ұшқан да, ізінше 20 метр биіктіктен науаға төңкеріле құлаған. Соның кесірінен, бұл ұшыру алаңы ұшыруларға енді жарамайды", – деді Егоров.

Сонымен бірге, агенттік "Байқоңырдағы" бүлінген 31/6 ұшыру алаңы – ғарышқа пилотталатын (ішінде ғарышкері бар) ұшырылымдарды жүзеге асыруға арналған Ресейдің иелігіндегі жалғыз сертификатталған старттық кешен екеніне назар аудартты.

Бұл жайт улы зымыран тасығыштардың ұшуын қаламайтындарды қуантуы мүмкін. Бұған қоса, Қазақстанның өзі салып жатқан жаңа "Бәйтерек" ғарыш айлағына деген қажеттілік пен тапсырыс артуы мүмкін.

Бұл оқиға тек Ресейді пилотталатын космонавтикадан айырумен шектелген жоқ. Habr.com жазуынша, "Байқоңырдағы" апат NASA және РФ ғарыш агенттігінің әбден көнерген Халықаралық ғарыш станциясын пайдалануды тағы 4 жылға ұзарту бойынша жоспарын бұзды.

Ресей тарапы 2025 жылғы 21 желтоқсанда "Байқоңырдан" "Прогресс МС-33" жүк кемесін ХҒС-қа ұшыруды жоспарлаған еді. Енді оны жолдауды 2026 жылға қалдырды, нақты мерзімі белгісіз. Ал, "Союздың" келесі пилотталатын миссиясы кем дегенде 2026 жылғы шілдеге қалдырылды. Одан әрі шегерілуі ықтимал.

Мұндай жағдайда Илон Масктың компаниясына орбиталды станцияда қалған ғарышкерлерді қайтаруға және оларға азық-түлік пен керек-жарақ жеткізуге жұмылуға тура келеді.

Осылайша, Ресейдің биылғы ғарыштық ұшыруларын осымен тұйықтап, қорытындысын шығара беруге болатындай. 2025 жылы Ресей жалпы саны 15 зымыран тасығышты көк сеңгіріне ұшыра алды. Оның 6-уы – "Байқоңырдан", 8-і – "Плесецк" космодромынан, тек жалғыз зымырантасығыш қана – қаржылық дағдарысқа ұшыраған "Восточный" ғарыш айлағынан ұшырылған. Бұлардың барлығына дерлік РФ қорғаныс министрлігінің әскери-ғарыш күштері тапсырыс берді. "Роскосмос" шетелден бірде бір тапсырыс ала алмаған, коммерциялық клиенті болмаған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу