Байқоңырға зымыран керек пе, дирижабль керек пе?

19677

Өнертапқыштың ұсынысын министрлік қайта пысықтауға жіберді. 

Байқоңырға зымыран керек пе, дирижабль керек пе?

Белгілі инноватор, 11 өнертабыстың авторы, "Байқоңыр" түбінде тұратын зейнеткер Сәбит Жанболған өзінің инновациялық жобасына мемлекеттен қолдау таппай жүр. "Байқоңырдың" орнын басатын жаңа зымыран ұшыру алаңының құрылысы ұзағандықтан, ол Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге бірлескен қазақстандық-ресейлік конструкторлық бюро құруды ұсынған болатын. 

"Суды конденсациялаушы дирижабльдің" (СКД) макеті мен тәжірибелік үлгілерін әзірлеген ғалым өнертабысына қазақстандық патент алып үлгеріпті. Жобасы "Қазақстанның зияткерлік меншігі" ғылыми-практикалық журналында жарияланған да. 

Ұшақ пайда болған кезден бастап қолданыстан шығып қалған дирижабльдің Байқоңырға не керегі бар? Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетінің мәліметінше, Қазақстанның су шаруашылығы Қытай, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан секілді көрші елдердің саясатына тәуелді. Көршілер осы өзендердің бастауында әртүрлі бөгендерді белсенді тұрғызуда. Салдарынан Қазақстанға келетін су азайған. 

"Осы орайда біздің дирижабльдер ауаның жоғарғы қабаттарындағы ылғалдан су жинап, оны тікелей әуе жолымен тұтынушыға жеткізе алады. Роботтандырылған пилотсыз дирижабльдер автономды режимде, күн батареяларынан жұмыс істейді. Олар өздеріне бекітілген суға зәру аймақтарда тәулік бойы, үздіксіз қызмет етеді. Сонымен бірге олар ауа мен су ортасына, топырақтың жай-күйіне үздіксіз мониторинг жүргізе алады. Бұдан бөлек, ормандарға, егістіктерге төнген өрт қаупін жоғарыдан анықтайды және жедел сөндіреді. Қажет болса, құбырлар мен жолдардың ахуалын қоса бақылауды жүктеуге болады. Бұл дирижабльдерді әскери және ғылыми мақсаттарда, барлау үшін пайдалануға мүмкіндік бар. Ең бастысы, ол судан тарығып, қурағалы тұрған егінді шұғыл сумен қамтамасыз етеді", – дейді инноватор. 

Сонымен қатар бұл алып құрылғыларды табиғи немесе техногендік апаттардан зардап шеккен аудандарды сумен және электр қуатымен жабдықтауға қолдануға болады екен.

"Бұл құрылғылар қауіпті дерт жұқтырған орман не егістік алқаптарын дезинфекциялай алады. Себебі СКД-лардың жүк көтеру қабілеті 5–8 тоннаға дейін жетеді. Сериялық өндіріске қойылса, бағасы жақсы бір жеңіл автокөліктің құнымен ғана теңеседі. Себебі, комплектациялық тораптары әлдеқайда аз. Эксплуатациялық шығындары – минимум. Жанар-жағармайды пайдаланбайды. Ішінде экипажы жоқ. Тұрақтайтын порт-айлақ та қажет емес. Күтіп ұстауына қойма немесе гараж салудың қажеті жоқ", – дейді Сәбит Жанболған.

Ғалым елдегі судан тарыққан аумақтарды "ұяшықтарға" бөлуді ұсынады. Ұяшық ішіндегі дирижабльдер саны халықтың тығыздығына, өңірдің өрт қаупіне, суарылуға тиіс жерлердің ауданына байланысты болады. СКД-лар атмосфераның жоғарғы қабаттарында ұшып жүріп, конденсатор арқылы ауадан су жияды. Жинаған су қорымен бірге ұяшықтардың үстінен патрульдеп жүреді. 

СКД патентінің қорғаушы құжатының мерзімі келесі 2021 жылғы 30 маусымда аяқталмақ. Содан кейін идеяны өзге елдер еш рұқсатсыз меншіктеп кетуі ғажап емес.

Жалпы, мұндай ірі жобаларды АҚШ-тағы Илон Масктің Space X компаниясы секілді алпауыттар әлемнің әр түкпірінен жинап, жүзеге  асыратыны мәлім. Атмосфераның жоғарғы қабаттарынан ылғал жинауды Қытай қолға алуда. Ал Қазақстанның қолынан әзірге бұл келмейтінге ұқсайды. 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі А.Батырқожа инноватордың жобасы қабылданбағанын мәлім етті.

"Сәбит Жанболғанның бұл жобаларын біздің Аэроғарыш комитеті де, оның ведомстволық ұйымдарының мамандары да бірнеше рет қараған. Жоба авторымен бірге талқылаулар мен пікірталастар өткізілді. Ғылыми-техникалық кеңес отырысында талқыға салынды. Оның қорытындысында С.Жанболғанға жобасын ғылыми тұрғыдан пысықтай түсу ұсынылды. Алайда сол ұсыным-рекомендациялар ескерілмеген сияқты. Пысықталған жобалар мемлекеттік қолдау шаралары аясында жүзеге асырылуы ықтимал. Бірақ онымен Білім және ғылым министрлігі, "Qaztech Ventures", "Ғылым қоры" АҚ айналысады. Бұл кісінің идеялары қызықты, инновацияшыл, дегенмен, оларды нақты әзірлеуге кірісу үшін ғылыми дәлелденген базасы болуға және тиісінше рәсімделуге тиіс", – деді вице-министр Азамат Батырқожа.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу