"Бәйтерек" холдингі инвестиция тарту бағытындағы жұмысты күшейтті

8629

Холдинг бірнеше бағытта нәтижелі жұмыс істеп келеді. 

"Бәйтерек" холдингі инвестиция тарту бағытындағы жұмысты күшейтті Фото: "Бәйтерек" холдингі

"Бәйтерек" ҰИХ" АҚ Басқарма төрағасы Рустам Қарагойшин экономиканы қаржыландыру көлемін ұлғайту бағытында екінші деңгейлі банктермен қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингі қызметінің нәтижесінде 2025 жылы барлық бағыт бойынша жалпы қаржыландыру көлемі 10,4 трлн теңгеге жеткен. Осылайша 77 ірі жоба, шағын және орта бизнестің 27,4 мың  және 131 экспорттаушылардың жобалары қаржылай қолдау тапты.

"Сонымен қатар, көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін 7,2 мың фермерге қолдау көрсетіліп, 11,4 мың ауыл шаруашылығы техникасы лизингке берілді. Сондай-ақ 77,5 мың отбасы, оның ішінде 11,6 мың кезекте тұрған азаматтар баспанамен қамтылды. Бұл 2025 жылғы экономика өсіміне 1% тармаққа дейін үлес қосуға мүмкіндік берді. 2026 жылы Холдинг экономиканың нақты секторын қаржыландыру көлемін 8 трлн теңге деңгейінде сақтайды. Оның ішінде 3,9 трлн теңге Холдинг тарапынан ірі инвестициялық жобаларды тікелей қаржыландыруға бағытталған. Ал 4,1 трлн теңге – кепілдендіру, сақтандыру, субсидиялау мен шартты қаржыландыру құралдары арқылы қарастырылған. Оның шамамен 50%-дан астамы екінші деңгейлі банктер арқылы бағытталады", – деді Басқарма төрағасы Парламенттің бірлескен отырысынан кейінгі брифингте.

Өткен жылмен салыстырғанда Холдингтің екінші деңгейлі банктерді қолдау көлемі 3,1 трлн теңгеден 4,1 трлн теңгеге дейін ұлғайды.

"Біздің инвестициялық холдинг ретінде мақсатымыз – екінші деңгейлі банктердің экономикадағы қаржыландыру көлемін ұлғайту. Биыл 8 трлн теңге болды, келесі жылы да көрсеткіш осындай деңгейде сақталады. Осы соманың ішінде жыл сайын банктердің көлемін ұлғайта береміз. Бағана айтып өткенімдей, екі жыл бойы 12,6%-бен кәсіпорындарды қаржыландырып келеміз. Біздерден алса да, екінші деңгейлі банктерден алса да, бұл 12,6%-ға тең", – деп атап өтті ол.

Ұлттық банктің осы жылдың 1 сәуіріндегі деректеріне сәйкес, екінші деңгейлі банктердің несие портфелі 43,4 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде 25,1 трлн теңге – халыққа берілген кредиттер, 18,3 трлн теңге – бизнеске берілген несиелер, соның 2,5 трлн теңгесі – Холдингтің банктерді қолдау шаралары аясындағы қаржыландыру. Осы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Холдингтің жинақталған тікелей қолдау несие портфелі 7,7 трлн теңге болды. Бұл – экономиканы несиелеудің жалпы көлемінің шамамен 14 пайызы, дейді Рустам Қарагойшин.

"Бәйтерек" ұлттық инвестициялық холдингінің қолдауы нәтижесінде 2025 жылы 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 140 мыңнан астам жұмыс орны сақталды. Бұл ретте 596 млрд теңге көлемінде салық түсімдері қамтамасыз етілді.

Инвестиция тартудың бірыңғай экожүйесі

"Бәйтерек" ҰИХ" АҚ аталған жүйеде отандық жобаларға тартылатын инвестициялардың сапасы мен көлеміне жауапты. Рустам Қарагойшиннің сөзінше, осы мақсатта жобаларға қаржылық-экономикалық сараптама жүргізіліп, қаржыландыру тетіктері айқындалады.

"Холдингтің әкімдіктермен және салалық министрліктермен өзара жұмысы "Инвестицияға тапсырыс" қағидаты негізінде құрылған. Осыған сәйкес мемлекеттік органдармен бірлесіп, экономиканың қажеттіліктеріне қарай жобалар тізімі қалыптастырылады. Оның ішінде ел үшін маңызды өндірістер, инфрақұрылымдық нысандар, жаңа технологиялар және басқа да қызмет бағыттары бар. Аталған жобалар Холдинг қарауына келіп түседі. Сонымен қатар Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен екінші деңгейлі банктердің жобаларды қаржыландыруға қатысуын кеңейту бойынша алдын ала келісім жасалады. Жаңа инвестициялық міндеттерді тиімді іске асыру мақсатында қолданыстағы құрылымдық бөлімшелердің функциялары қайта қаралып, келесі бағыттар бойынша төрт салалық инвестициялық дирекция құрылды: агроөнеркәсіп кешені, тамақ өнеркәсібі, құрылыс және құрылыс материалдары, тау-кен металлургиясы, машина жасау, энергетика, химия, инфрақұрылым, логистика, көлік, туризм және басқа да салалар бар", – деп түсіндірді Басқарма төрағасы.

Бұдан бөлек тәуелсіз директорлардан тұратын Инвестициялық кеңес құрылған. Оған ірі жобаларды іске асыру тәжірибесі бар мамандар тартылды.

Рустам Қарагойшин инвестор тарту бағытындағы жұмыс жүйелі түрде күшейтіліп жатқанын баса айтты. Барлық қатысушы үшін тұрақты негізде оқыту іс-шаралары өткізіліп келеді. Жобаларды іріктеу процесі нәтижеге бағдарланған шешім қабылдау жүйесіне негізделеді және оған тәуелсіз директорлар институты барынша қатысады.

"Іріктеу 5 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде жобалар алдын ала қаралады. Екінші кезеңде жобалар Холдингтің еншілес ұйымдарында терең сараптамадан өтіп, директорлар кеңесінің тәуелсіз директорларының қатысуымен қаралып, қаржыландырылады. Үшінші кезеңде экспортқа бағытталған және инфрақұрылымдық ірі жобалар Холдингтің инвестициялық блогында талқыланып, қажет болған жағдайда бұл жобаларға инвесторлар KazakhInvest және елшіліктер арқылы тартылады. Төртінші кезеңде экономикалық әлеуеті жоғары жобалар Инвестициялық кеңесте қаралады. Мұнда жобаның тиімділігі, ерекше қолдау қажеттілігі және ірі инвестор тарту мәселелері талқыланады. Соңғы кезеңде мақұлданған, стратегиялық және ерекше шарттарға қажеттілігі бар жобалар Үкімет жанындағы консультативтік органдардың қарауына ұсынылады", – деді спикер.

1145 жоба іріктелді

Бүгінде 1145 жоба ұлттық инвестициялық холдингтің іріктеуінде тұр, олардың ішінде 266 жоба қаралып жатыр. Жобаларды таңдауда ұлттық басымдықтарға қосатын үлесі, импортты алмастыру және экспорт әлеуеті, жаңа жұмыс орындарын ашу және қолданыстағы жұмыс орындарын сақтау факторлары ескерілгені атап өтілді.

"Агроөнеркәсіптік кешені бойынша Ұлттық цифрлық инвестициялық платформасы аясында жобалар тізімі де іріктелді. Бұл ішкі нарықтың импорт тәуелділігін азайтып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерімен ішкі нарықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, болжамды деректерге сәйкес әлеуетті жобалар тізімін іске асыру 2030 жылға дейін сүт пен ірімшік, құс еті, қант және жылыжай көкөністері бойынша импортты 100% алмастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жобалар ет өңдеу өнімдері бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейін арттырып, импортты 79%-ға дейін жабуға ықпал етеді.

Холдингтің қарауындағы және Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа арқылы түсіп жатқан құрылыс материалдарын өндіру жобаларын іске асыру нақты нәтижелерді қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, икемді құбырлар импортының 3%-ы алмастырылады, металл конструкциялар импортының 15%-ы жабылады, ал ағаш өңдеу өнімдері импорты 7%-ға азаяды. Холдинг 2030 жылға дейін импортқа тәуелді салаларды дамыту және отандық өнім өндірісін арттыру бойынша жұмысты жалғастырады", – деп атап өтті Рустам Қарагойшин.

"Бәйтерек" холдингі мен Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа арқылы қаралып жатқан өңдеу өнеркәсібі жобаларын іске асыру қазірдің өзінде айтарлықтай нәтиже беріп отыр. Мәселен, металлургия өнімдерінің экспорты – 178%-ға, химия өнеркәсібі өнімдерінің экспорты – 77%-ға, ал астық өңдеу өнімдерінің экспорты 16%-ға ұлғаяды.

Фермерлер жан-жақты қолдауға ие

Холдинг қызметінің негізгі басымдықтарының бірі – фермерлерді қолдауға арналған тиімді экожүйе құру. Қазір шаруаларға жеңілдетілген қаржыландыру құралдары беріледі. Атап айтқанда, оларға көктемгі егіс жұмыстары мен айналым қаражатына жылдық 5 пайызбен несие беру, қарыз сомасының 85 пайызына дейін кепілдік ұсыну, инвестициялық жобаларды жылдық 12,6 пайызбен қаржыландыру, асыл тұқымды мал сатып алуды 6 пайызбен қолдау құралдары қолжетімді. Сонымен қатар заманауи техника мен жабдықтарды жылдық 5 пайыздан басталатын мөлшерлемемен жеңілдетілген лизингке беру тетіктері де бар.

Рустам Қарагойшин "АгромашХолдинг" базасында әлемдік брендтердің техникасы шығарылып жатқанын, фермерлерді сапалы тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мақсатында "Qazaq Kalium", "KazAzot" және басқа да жобалары іске асырылып жатқанын тілге тиек етті.

"Қабылданып жатқан шаралар ел бойынша орташа өнімділікті арттыруға үлес қосады. Мысалы, бір гектар жерде бидай өнімділігін 20 центнерге дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Экспорттық нарықтарға шығу үшін Экспорттық-кредиттік агенттік тарапынан сақтандыру және кепілдендіру құралдары қарастырылған. Бұдан бөлек, өсімдік шаруашылығы нарығына қатысушыларды біріктіру мақсатында Холдинг "Adal" қорын іске қосты. Бұл платформа отандық фермерлердің экспорттық нарықтарға шығуына мүмкіндік беріп, агроөнеркәсіп өнімдерінің ұйымдастырылған экспорт тетігін қалыптастыруға бағытталған. Бастапқы кезеңде Қор жұмысы бидай экспортына негізделеді. Кейін бұл тетік кезең-кезеңімен ауыл шаруашылығы басқа өнімдерді де қамтитын болады", – дейді Басқарма төрағасы.

Шағын және орта бизнеске қандай көмек көрсетіледі

"Бәйтерек" ҰИХ" АҚ шағын және орта бизнесті қолдаудың кешенді экожүйесін қалады. Бұл бағытта кепілдендіру, субсидиялау және жеңілдетілген қаржыландыру құралдары арқылы 2026 жылы шамамен 3 трлн теңге бағыттау жоспарланып отыр. Рустам Қарагойшин бұл сала басымдыққа ие екенін жеткізді.

"Себебі бұл сектор экономикалық белсенділікті арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға және өңірлер экономикасын дамытуға ықпал етеді. Осыған байланысты бизнесті қолдаудың қаржылық және қаржылық емес шараларын, сондай-ақ "бір терезе" қағидаты бойынша қызметтерді қамтитын кешенді экожүйені дамыту жалғасып келеді. Мысалы, Өнеркәсіпті дамыту қорының жабдықтарды жаңарту бойынша модернизация бағдарламасы "Даму" қорының бірыңғай фронт-офистері арқылы жүзеге асырылады", – деп түсіндірді спикер.

Биыл "Өрлеу-лизинг" бағдарламасы іске қосылды. Нәтижесінде өтінімдер 10 жұмыс күні ішінде қаралады. "Бәйтерек" инвестициялық холдинг ретінде алдағы уақытта да отандық бизнестің тұрақты дамуына жан-жақты қолдау бойынша жұмысты жалғастыруға ниетті.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу