"Бәйтерек" холдингі Сингапур моделімен жұмыс істейді

4867

Жаңа жүйе баспананың өзіндік құнын 10% арзандатпақ. 

"Бәйтерек" холдингі Сингапур моделімен жұмыс істейді

Шілде айында "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің үш бірдей компаниясы бір ғана операторға бірікпек. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында холдингтің басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаев қысқарту қалай іске асатынын түсіндірді. 

"Мемлекет басшысының тапсырмасына орай холдинг тұрғын үй блогын оңтайландыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. "Бәйтерек девелопмент", "Қазақстан ипотекалық компаниясы" және "Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры" біріктіріледі. Бірыңғай операторға "Даму" қорының құрылыс компанияларын субсидиялау функциясы да беріледі. 1 шілдеге дейін қолданыстағы заңнамаға осы бойынша өзгертулер енгіземіз. Бірыңғай оператор біздің түсінігімізде стратегиялық жоспарлаудан бастап құрылыс жобасының барлық кезеңін сүйемелдейтін болады. Инжиниринг, мониторинг, іске қосу кезеңдері түгел бір ғана оператордың бақылауына өтеді", – деген холдинг өкілі бұл қысқартулардың  "Тұрғын үй құрылысы жинақ банкіне" қатысы жоқ екенін ескертті. 

"Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" жүйені дамытатын жалғыз банк ретінде жеңілдетілген тұрғын үй несиесін беруді жалғастырады. Осылайша, "Бәйтеректің" өз ішіндегі бес оператор екеуге дейін қысқарады. Тұрғын үй блогы "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің" тарабынан түсетін сұранысты қанағаттандыратын болады.

Баспана салу жаңадан құрылатын бірыңғай оператор арқылы іске асады. Бірыңғай оператор құрылыстың жаңа тәсілдеріне, тың технологиялар мен тиімді құрылыс материалдарына басымдық береді. Сондай-ақ, құрылыс тәсілдерін түбегейлі қайта қарайды. Осыған байланысты құрылыс материалдарының Мarketplace жүйесін дайындап жатырмыз. Бұл платформада тапсырыс беруші мен жеткізуші ешқандай делдасыз байланыса алады. Оған қоса бекітілген баға бойынша ұзақ мерзімді Off-take келісімшарттар жүйесін енгізу қолға алынды. Осының арқасында өңірлердегі құрылыс комбинаттары мен материал жеткізушілер тұрақты тапсырыспен қамтылады. Бұл шаралар баспананың өзіндік құнын орта есеппен 10% арзандатады деп отырмыз", – деді Әнуар Омарқожаев.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу