БАҚ туралы атышулы екі бап Парламентке табысталмақ

"Жалған ақпарат тарату", "жала жабу" тармақтары Қылмыстық кодекстен алынады.  

БАҚ туралы атышулы екі бап Парламентке табысталмақ

Елордада өтіп жатқан қазақ тілді контент таратушылардың форумында БАҚ туралы заңдағы атышулы 130 және 174-баптар мәселесі қызу пікірталас туғызды. Әсіресе, "жалған ақпарат тарату" және "жала жабу" тармақтары дәстүрлі БАҚ-тың адымын тұсап, дәстүрлі емес ақпарат көздерін алға шығарып жіберді деген пікір жиі қайталанды.

Форумның модераторы, Қазақстан баспасөз клубының атқарушы директоры Сәкен Балбаев  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аясында осы мәселені көтеріп жүрген Айдос Сарымға сауал тастады.

Саясаттанушының айтуынша, атышулы баптар Қылмыстық кодекстен Әкімшілік құқық бұзу кодексіне ауыстыралтын күн алыс емес көрінеді.

"Жуықта Үкімет Парламентке заңға өзгертулер жобасын табыстайын деп отыр. Соның ішінде жаңағы атышулы екі бап бар. Оның да қызық тұстары бар екен. Баспасөзге қатысты айтсақ, бұл баптар Қылмыстық кодекстен әкімшілік жазалау кодексіне ауысады. Қазір біршама жеткен жетістігім... Рас, адамға  жоқ жерден кінә тағуы мүмкін, басқа болуы мүмкін. Яғни бұл айыппұл жағына қарай кетеді. Бірдеңе жаздың ба, ол үшін басыңмен жауап бересің. Ол үшін сені түрмеге  қамамайды, бірақ  ақшалай жаза беріледі. Әлемдік тәжірибе солай. Мүлдем алып тастауға тағы болмайтын сияқты", – деген саясаттанушы Парламент аталмыш өзгертулерді жеделдетіп қабылдайды деген үміті бар екенін жеткізді. 

"Өзгерістер болады. Негізгі жұмыс топтары бәрін жасады. Үкімет негізгі заңдардың бәрін жасап шықты. Осы жақын арада Парламентке ресми түрде түседі. Енді Президент Парламентке жеделдетіп қабылдасын деген пәрмен береді деп күтіп отырмыз", – деді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі.

Ал журналист Қуандық Шамахай демократиясы дамыған АҚШ пен Жапония сияқты елдерде БАҚ туралы заң атымен жоқ екенін еске салып, бізге де солардан үлгі алу керек деген пікір айтты.

"Жалған ақпарат тарату, қоғамды негізсіз дүрліктіру, жала жабу әрекеттерді Конституцияның өзі-ақ реттей алады. Егер Конституциямыз дұрыс жұмыс істеген болса, оған бәріміз бірдей бағынсақ, БАҚ туралы заңның қажеті де болмай қалады, – деді ардагер журналист.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу