Балабақша тәрбие беріп, бала бақса

8115

Қалалық кеңес жұмыс істеп тұрған балабақшалардың қызметін реттеп, жаңа балабақша ашуды тоқтатуды ұсынды.

Балабақша тәрбие беріп, бала бақса

Соңғы уақытта Қызылордада балабақша саны айтарлықтай өсіп кеткен. Егер 2013 жылдың сәуірінде облыс орталығындағы жекеменшік балабақша саны 41 болған болса, қазір ол 209-ға жеткен.

Сондай-ақ қалада 26 мемлекеттік балабақша жұмыс істейді, оның ай сайынғы ақысы 10000 теңге. Ал жекеменшік балабақшадағы баға 5000-нан 20000 теңгеге дейінгі аралықта. Әр балаға мемлекеттен демеуқаржы төленетіндіктен, кәсіпкерлер  мектепке дейінгі мекемелерді қуана-қуана ашады.

Қызылордада мемлекеттік-жеке әріптестік аясында жекеменшік балабақша ашу – балаларды мектепке дейін тәрбиелеу мен білім беруге бағытталған "Балапан" мемлекеттік бағдарламасын іске асырудан басталған.  

Қызылорда қаласында бағдарлама 2015 жылдың соңында іске қосылды. Қазақстанның мектепке дейінгі мекемелер қауымдастығының мәліметіне қарасақ, сол кезде балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту 100% болған. Алайда жекеменшік балабақшалар сонда да ашылған. 2016 жылы тағы 60 шақты жекеменшік балабақша ашылған. Маманның айтуынша, тіпті ашылған балабақшаларды балалармен толтыра алмай отырғанына қарамастан, кәсіпкерлер балабақша ашуға және осы қызмет түріне мемлекеттік тапсырыс алуға құжат тапсыруда.

Қызылорда қаласының білім беру мекемесі ақпаратына сүйенер болсақ, 2009 жылы 765 бала жекеменшік балабақшаға  барған, олардың әрқайсысына ай сайын 10890 мың теңге төленіп отырған. Бүгінгі күні жекеменшік балабақшаларға  15857 бала барады,  оның әрқайсысы ай сайын 24390 мың теңге  төлейді.

Жекеменшік балабақшалардағы қызмет көрсету сапасына шағымданған ата-аналардың қоғамдық кеңеске түскен өтініштері қоғамдық комиссияға олардың жұмысын тексеруге себеп болды. Қоғамдық комиссияның құрамына ҚК мүшелері, қоғамдық және қалалық білім беру бөлімінің  өкілдері кірді. Бас-аяғы 209 мектепке дейінгі мекеме тексерілді. Олардың жұмысы негізгі төрт көрсеткіш – санитарлық-эпидемиялық нормалар, мәзір, жазғы сауықтыру жоспары мен балалар ойнайтын орындардағы жабдықтар бойынша бағаланды.

Балабақша не, дүкен не бәрібір
Жүргізілген монторинг  қорытындысы талқыланған қоғамдық кеңестің отырысында Қазақстанның мектепке дейінгі мекемелері қауымдастығының Қызылорда қаласы филиалының директоры Наталья Мишукова қалада жұмыс істеп тұрған мектепке дейінгі мекемелердің саны балалардың санынан асып кеткенін айтты.

"Бізде жаңадан ашылған кез келген балабақша мемлекеттен демеуқаржы алады, – дейді ол. – Жағдай, көрер көзге оғаш көрінеді. Сондықтан байқау өткізу керек шығар. Өйткені қоғамдық тексерістен көріп отырғанымыздай, қаладағы 17 балабақша балаларды күту шартын мүлдем сақтамайды. Біреуінде әжетхана киім шешетін орында орналасқан, оны шкафпен жауып қоя салған. Дәретхана қағазының орнына кітап парақтарын қолданады. Ал басқа бір балабақшада балалардың ойнайтын жерін қамыс басып кеткен. Біз тексеріп барғанда, бұл балабақшаның балалары қараусыз өз беттерімен ойнап жүрді, ал тәрбиешілер болса қамыс жұлып жүр. Тағы біреуінде балаларды қабылдап жатқанына қарамастан, жөндеу жұмысы жүріп жатыр. Ал біреуінде тіпті бала жоқ, мектепке дейінгі мекемеде той өткізуге дайындық жүріп жатқанның үсінен түстік. Сонымен бірге ас үй, балалар ойнайтын орын, санитарлық торап жабдықтарына қатысты кемшіліктер анықталды".

"Қызылордада жалпы 209 жекеменшік балабақша бар, – дейді Наталья Мишукова. – Бұл мекемелердің бәрі білім беруден гөрі кәсіпкерлік сипатқа ие. Бизнесмендерге балабақша ашу не, дүкен ашу не бәрібір. Мұндай мекемелердің меңгерушілерінде педагогикалық білім де жоқ, оқу бағдарламасы мен балардың танымдық қабілетін дамытуға мән беріп жатқан  жан жоқ. Айына бес мың төлейтін балабақшаларда құнарлы тамақ беру туралы түсінік қалыптаспаған. Олардың негізгі мәзірі картоп пен макароннан тұрады".  

Наталья Мишукованың айтуынша, тексерілген балабақшаларды төрт топқа жіктеуге болады. "Жақсы" деген баға алған бірінші топқа 105 балабақша кірген, олардың жұмысына жеңіл-желпі ескерту жасалған. Екінші топтағы 66 балабақшаның жұмысы "қанағаттанарлық" деп бағаланды. 22 балабақша "қанағаттанарлықсыз" деп бағаланған үшінші топқа кірген. Барлық ескертуді жою үшін мекеме басшыларына уақыт берілген. Олардың тоғызы айтылған ескертулерді ескеріп, кемшіліктерді жоюға тырысқан. Ал қалған 17-сі ескертуден еш нәтиже шығармаған. Қоғамдық кеңес қалалық білім беру бөліміне бұл балабақшаларға енді мемлекеттік тапсырыс бермеуге ұсыныс жасады. Сондай-ақ осы мектепке дейінгі мекемелерге тексеру жүргізу үшін прокуратураға арыздану керек деген мәселе де қарастырылды.

Сондай-ақ Наталья Мишукова мемлекеттен демеуқаржы алатын балабақшаларда бала жетіспейтіндіктен,  балаларды екі жастан бастап қабылдау мүмкіндігін   ұсынды. Сонымен қатар балабақшаның ақысын ең төменгі деңгей 10 мың теңге көлемінде бекіту керек деп отыр. Ол бұл ұсынысын құр айтып қана қоймай, мұны дәлелдеп өтті.

"Норма бойынша бір баланың тамақтануына бір күнде 455 теңге жұмсалуы керек, ­- деді ол. – Енді бұл санды 22 жұмыс күніне  көбейтіңіз. Сонда мектепке дейінгі мекмелерде балалардың тамақтануына жұмсалатын соманы көреміз. Ал айына бес мың теңге төлейтін балабақшаларда қоректік тамақ бар деп айту мүмкін емес".

Осыған қарап отырып, көп ата-аналар "құлағым тыныш болса болды" деп өздерінің жан тыныштығын ойлайма? деген ой келеді, - дейді қалалық қоғамдық кеңес мүшесі София Теңізбаева. – Көбісі балабақшаның бағасына қарайтыны түсінікті, дегенмен де баласын жақсы көретін ата-ана баласының балабақшадан күні бойы немен айналысатынын білген дұрыс қой. Тағы бір ескеретін фактор бұл балабақшаларда көрсетілетін тасымал қызметі. Қазір көп балабақшада мұндай қызмет түрі бар, яғни балабақшаға өздері алып кетіп, әкеліп тастайды. Бұл қызмет түрін кейбіреулері бөлек төлейді, ал кейбір балабақша мұны ай сайын төлейтін ақының ішіне кіргізіп қойған. Осындай қызмет түрі болғанмен да, ата-аналар бір сәт баласының жағдайына мән беруі керек қой".

Ең бірінші білім берілуі керек
Сондай-ақ отырыста қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Анар Изден де сөз алды. Ол балабақшаны кәсіпкерлік көзі етіп қарауды   қою керектігін баса айтты. Оның айтуынша, балабақша ең бірінші жалпы білім беретін мекеме екенін естен шығармаған жөн.                                                                                

"Балабақшаларлың рейтингі ең бірінші білім беру туралы заң талаптарына, мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысы туралы жалпы ереже, жалпы оқу бағдарламасына және санитарлық ереже мен норма талаптарын ескеруі керек. Балабақшалардың рейтингі нақты әдіснама мен құралдарды қолдану арқылы жасалу керек деп ойлаймын. Білім беру туралы заңын кәсіпкерлік кодекспен байланыстырып қойғанына қарамастан, балабақшалар білім беру мекемелеріне қайтарылуы керек. Ең бірінші, санитарлық ереже мен нормамен тығыз байланысатын білім беруде қадағалау болу керек", - дейді Анар Изден.

Ол өз сөзінде мемлекеттік-жеке әріптестік бағдарламасы жақсы іске асқанына тоқталып кетті.

"Балабақшаларда орын жоқ деген проблема шешілді. Енді мектепке дейінгі мекемелердің жұмысына лицензия жасау керек.  Үш жыл жұмыс істеген балабақша аттестациядан өтуі керек. Ал мұны жасағысы келмейтіндер нарқытан кетуі керек", - деп түсіндірді ол.

Сонымен бірге Анар Изден қалалық білім беру мекемесінің  әдістеме бөліміне өзінің бастапқы функциясын қайтаруды ұсыныды. Оның айтуынша, ол кәсіпкерліктің емес, керісінше, білім берудің мәселелерін шешуде үйлестіру орталығы болу керек.

"Мен, өзім балабақша меңгерушісі болғандықтан, оқу бағдарламасы мен әдісетемелік  құралдарды дер кезінде ала алмайтындығымызды айтқым келеді. Бұл тек біздің қалада ғана емес, жалпы республика бойынша бар мәселе. Сондай-ақ кәсіпкерліктің мәселесінен гөрі білім беру үрдісіне баса мән беру керектігін айтқым келеді. Иә, құрметті мектепке дейінгі мекеме меңгерушілері мен директорлары, сіздер өз бизнестеріңізді ашып, жұмыс орнын ұсынып отырсыздар. Алайда бұл бизнес ең бірініші балаға білім беру мен тәрбие беруден тұратынын естен шығармаған жөн. Сондықтан бизнес жасауда негізгі міндетті атқару керек", - деді ол.

Анар Изденнің айтуынша, балабақшалар меншік түріне қарамастан, өздеріне қойылатын талапты қатаң сақтауы тиіс.

"Мысалы, интернетте тәрбиешілердің балаларды ұрып жатқаны туралы бейнероликтер толып жатыр, - деді ол. – Мұндай фактінің бар екені рас. Бірде осындай оқиғаға түсінік берген білім беру мекемесі өкілінің сөзін тыңдадым. (бірден айтайын, біздің өңір емес) Сонда ол балабақша жекеменшік, оған білім беру мекемесінің араласу құқы жоқ екенін айтты. Бұл дұрыс емес. Балаларға білім беру мен тәрбие беруді, олардың жағдайын білім беру мекемесі қадағалау керек. Бұл олардың тікелей міндеті".  

Сондай-ақ білім беру мекемесі мектепке дейінгі мекемелерде жұмыс істейтін мұғалімдердің құрамын бақылау керек. Жекеменшік мекемелер де өз қызметкерлерін біліктілік талаптарына сай жұмысқа алуы керек. 

Жиналыстың соңында қорытынды шығарылды. Комиссия мүшелері маңызды жұмысы жасалғанын, енді нәтижені көру керектігін айтты.

Гүлназ Ермағанбетова, Инна Бекеева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу