Балабақшаларға қатысты жұртты алаңдатқан жаңалық өмірге жолдама алды

625

Мектепке дейінгі тәрбие және білім беру ұйымдарындағы ауыр ахуал сарапшылар мен депутаттарды жақ-жақ қылып, таластырып қойды.

Балабақшаларға қатысты жұртты алаңдатқан жаңалық өмірге жолдама алды Фото: wishescards.ru

Таяуда Ақтаудағы 14-ші шағынаудандағы жекеменшік балабақшада болған сұмдық жағдай жұртшылыққа жаға ұстатты.

Анасы Камиланың мәліметінше, 1,5 жасар бүлдіршін Әсияны өзінен үлкен бала 40 минут бойы ұрып, тістеген. Ал, тәрбиеші бұл кезде орнында болмаған.

"Оқиға күндіз болған, бірақ ол туралы кешке қызымызды алып кетуге келгенде ғана білдік. Қызметкерлердің ешқайсысы телефон соғып, бізге болған жайтты хабарлаған жоқ. Бейнебақылау камераларының жазбасын қарағанымда, 40-50 минут бойы қызымды басқа баланың ұрып-соғып, тістеп, тұншықтырғанын көрдім. Осы уақыт бойы зар илеп жылаған балдырғанға бірде бір күтуші, тәрбиелеуші назар аудармаған", – дейді зардап шеккен қыздың анасы.

Әйел балабақша басшылығының және бұзақы баланың ата-анасының райынан қайтармақ болған талаптарына көнбей, полицияға шағымданған. Полиция әкімшілік бап бойынша іс қозғауды жоспарлаған.

Мұндай оқиғалар балабақшалардағы балалардың қауіпсіздігін күшейту туралы Президент тапсырмасының толыққанды орындалғанына қатысты күмән тудырады. Өйткені мұндай оқиғалар жиі қайталанады.

Осыған байланысты депутаттар қатаң қадамға барды. 2025 жылғы 1 шілдеде Парламент қабылдаған "Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік наградалар, білім беру және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының негізгі баптары күшіне мінді.

Құжатқа Президент 2024 жылғы 30 желтоқсанда қол қойып, сол күні ресми жарияланды. Алайда жаңа заңның кейбір баптарының қолданысқа енгізілетін күні кейінге қалдырылды.

Соның ішінде 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап, Қазақстанда мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру ұйымдарын, яғни, бүкіл балабақшаны және шағын орталықтарды лицензиялау енгізіледі. Сондай-ақ, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бұл ұйымдарға кімдердің кіріп-шыққанын бақылау үшін "Face ID" енгізу қарастырылған.

Бұл талаптар депутаттарды екі тарапқа жарды. Бір жағы жекеменшік балабақшаларды мемлекеттік лицензиялауды қызу қолдаса, екінші бөлігі қызу қарсы шықты. Оқу-ағарту министрлігі де бұған наразы болыпты.

"Әрине, әр депутаттың өз пікірі бар, бірақ мен министрдің ұстанымын толық қолдаймын. Неге? Біз кезінде шағын кәсіпкерлерге: "балабақша салыңыздар, мемлекет қолдау көрсетеді!" дедік. Ақша шығарды, салды. Әрине, оның талапқа сай келетіні, сай келмейтіні бар. Ол басқа әңгіме. Бірақ бәрі дұрыс емес деп айтуға негіз жоқ! Егер қойылған талапты орындаса, ары қарай жұмыс істеуіне мүмкіндік беру керек. Лицензиялау деген бақылауды күшейту дегенді білдірмейді! Лицензиялау айналып келгенде сыбайлас жемқорлыққа, бюрократияға әкелуі мүмкін. Лицензия сатылады. Мұны осы салада жұмыс істеген азаматтар жақсы біледі. Оны сатып алады", – деді Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов.

Ол Абай облысының Абай ауданындағы Сарыжал ауылына жасаған сапарынан бір мысал келтірді. Ауылда кәсіпкер жігіт жаңадан 2 қабатты балабақша салған. Заманауи талапқа сай, керектінің бәрі бар, ата-аналар да, балалар да риза көрінеді.

"Бұл азамат сол ауданға 4 балабақша салып берді! Сондай азаматтарды жан-жақты қолдау орнына енді лицензия ал деп негізсіз талаптар қоятын болдық. Оны алу үшін сала шенеуніктерінің азапты тексерулерінен өтуі керек. Олар мін іздеп, сын тағумен болады. Осыдан кейін ешкім бұл бизнеске барғысы келмейді. Балабақша ашу деген миллиардтап ақша табу емес, олар күнін әрең көріп отыр. Жұмысшы, білікті тәрбиеші алады, жалақы төлейді. Ауылда балабақша өзін ақтамайды. Министрліктің ұстанымы дұрыс еді", – дейді Сабильянов.

Мәжіліс депутат Ирина Смирнова да Жаңбыршин бастаған бір топ әріптесінің неге аққұла жекеменшік балабақшаларға "жауыққанын" түсіне алмапты.

"Олардың тарапынан жекеменшік білім беруге қатысты жәбірлейтін, көңілге қаяу салатын көптеген ауыр сөз айтылды. Жеке балабақшалар біздің елді құтқарды. Шенеуніктер кезінде мемлекеттік балабақшалардың ғимараттарын жаппай сатып жіберіп, миллиондаған ата-ана кішкентай баласын қайда апарарын білмей, жұмыс істемей, дағдарып отырғанда оларға осы жеке балабақшалар көмекке келді, қолын ұзартты. Сол кезде пайдаланып-пайдаланып, енді алақол шенеуніктерге тәуелді етіп қойғалы тұр. Жеке балабақшалар балаларды түсініксіз, бөгде бағдарламамен оқытып жатыр деген енді жалған", – деді Смирнова.

Оның байламынша, мемлекет бағыттайтын, ваучермен келетін балаларды қабылдау, азын-аулақ дотация алу үшін жеке балабақшалар онсыз да шетсіз-шексіз тексерістерден, комиссиялардың алдынан өтеді.

"Жоғарыдан талап күшейген соң тексерістер бүгінде тіптен үдеп кетті. Коттедждерді жалдап отырған мектепке дейінгі тәрбие ұйымдарына: "жер учаскесі нысаналы мақсатына сай емес" деп тиісетін көрінеді. Содан біразы жабылып тынды, үлкен бөлігі жабылу жайын ойластыруда. Бізде мемлекеттік балабақшалар онсыз да басымдыққа ие. Тек оларға ғана арқа сүйесек, жекені желкелеп, өңменінен тепсек, ертең мемлекеттігінің ғимараттары қайтадан сатылып, балалар далада қалмай ма? Біз балаларды қорғауымыз керек, әр шешіміміз солардың мүддесіне сәйкес келгені маңызды", – дейді мәжілісмен.

Депутат Айтуар Қошмамбетов жазда жеке балабақшалар мен шағын орталықтардың 700 өкілімен кездесіпті. Олар лицензияны тықпалаушы топтың өздеріне қарсы бағытталған "агрессиясын" түсінбейтіндерін жеткізген. Ешқандай қылмыс жасап қойған жоқ, заң аясында істеуде.

"Жұмысы сапасыз деген жаппай айыптауды да әділетсіз санайды. Тек бір жыл ішінде жеке балабақшаларға қатысты Бас прокуратураның, Оқу-ағарту министрлігінің және басқа уәкілетті органдардың 3 толқын тексерісі өткен. Әрбір балабақша мұқият тексерілді. "Face ID" жаппай енгізу керек дейді. Бәлкім, жоба жаман емес те шығар, бірақ Ата заң бар ғой. Егер ата-анасы баласының бет-жүзінің цифрландырылуына келіспесе не болады? Балабақшаға кіргізбей қояды ғой? Бұл өте маңызды мәселе", – деді мәжілісмен.

Ол жерге қатысты проблема туындағанын растады. Жекешелендіру толқындары кезінде мемлекет мыңдаған балабақшаны жауып, ғимаратын жекеге беріп жіберді. Тапшылықты жабу үшін салаға бизнесті шақырды. Олар коттедждерде жаппай осы ұйымдарды ашты.

"10-15 жыл бойы мұны мемлекет құптап келді. Енді тексерістер кезінде: жеке балабақшаларға: "жер теліміңнің нысаналы мақсаты басқа, мұнда коммерциялық нысан емес, тұрғын үй тұруы қажет, не нысаналы мақсатын өзгерт, не жап!" дейді екен. Оны өзгерту миллиондаған шығынды талап етеді. Бұл да әділетсіз", – деді депутат.

Кейбір қалаулы жаңа Салық кодексі қабылданғанда, онда балабақшалар үшін қосымша салықтық жеңілдік енгізуді ұсынды, бірақ Үкіметтен қолдау таппады.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде елде 11,8 мыңнан астам балабақшада 1 миллионнан астам бала тәрбиеленуде. Сол миллионның басым көпшілігі, 600 мыңнан астамы жеке балабақшаларға барады.

Соған қарамастан, шенеуніктер жеке ұйымдарды үнемі бюджеттік шөміштен қағады. Мысалы, Қошмамбетовтің дерегінше, Алматы облысына республикалық бюджеттен нысаналы түрде саланы қолдауға 9 миллиард теңге бөлініпті.

Бірақ бұл өңір жан басына шаққанда бюджеттен ең аз дотация алатындықтан, облыстық мәслихат ол қаржыны басқа қажеттіліктерді өтеуге жұмсауға мәжбүр болған. Сол мемлекеттік қолдаудан қатты үміттенген балабақшалардың тиісті жоспарлары адыра қалды.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев балабақша өкілдерімен кездесіпті.

"Балалардың қауіпсіздігі маңызды мәселе екеніне біз де толық келісеміз, құптаймыз! Бұл бағытта үлкен шаралар қабылдануда. Мәселен, балабақшаларға қатысты алдын ала хабарландыру тәртібі күшейтілді. Оның талаптары лицензиялаудың тәртібіне дейін көтерілді. Бүгінде балаларды балабақшамен қамтуда жекеменшік мекемелердің рөлі орасан зор. Жалпы, лицензиялауды бүгін-ертең емес, кейін енгізген дұрыс болар. Өйткені бұған кәсіпкерлердің де дайындығы керек. Олардың мүдделері бұзылмауы керек. Сонымен қатар біз қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізудеміз", – деді министр.

Бірақ лицензиялауды және мемлекеттік бақылауды күшейтуді талап еткен тарап сол ұстанымында табандады. Бұл бастама авторларының бірі, Мәжіліс депутат Еділ Жаңбыршин балабақшаларда балаларға қатысты зорлық-зомбылықты күнде болмағанымен апта сайын жаңалықтардан көріп отырғанын алға тартты.

"Осыған байланысты мен әріптестеріммен бірге білім беру ұйымдарын лицензиялауды ұсындық. Бастапқыда Үкімет біздің бастамамызды қолдамады. Олардың негізгі уәжі – егер лицензиялайтын болсақ, олар арнайы талаптарға сәйкес келе алмай жабылып қалады, бұл балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтудың төмендеуіне соқтырады. Біз сонда балалардың құқығын былай ысырып қойып бизнесті қолдауымыз керек пе? Бізге сол түсініксіз. Лицензиялауды енгізіп, білім ұйымдарының қайсысы сапалы білім, тәрбие беріп жатқанын, балалардың не ішіп, не жейтінін білу маңызды деп ойлаймын", – деді ол.

Жаңбыршин қала әкімі болғанда, өз жұмысын ең алдымен балабақшаларды қадағалау мәселесінен бастапты.

"Сол кезде көрдім, оқу-әдістемелік құралдары жоқ. Балабақша басшылары қосымша кереуеттер қойып, "сұр" схемамен ақша жасаған. Бұл бақылаудың әлсіз екенін көрсетеді. Егер мемлекет талапты дұрыс қойса, ол жерде дұрыс сапа мен тәлім-тәрбие болады. Қазір құрылысшы да, агроном да, кім көрінген балабақша ашып алды. Психологиядан, педагогикадан хабары жоқ адамдар сабақ береді. Сондықтан лицензиялау керек. Бизнесті қорғаймыз деп баланың қауіпсіздігін ысырып қоюға болмайды. Баланың тәрбиесі мен денсаулығы бизнес емес. Ондайды қоюымыз керек!", – деп шорт кесті депутат.

Депутат Мархабат Жайымбетов те тек бақылауды күшейтуге жақ.

"Мен осы "Face ID"-ке қарсы азаматтарды түсінбеймін! Бюджеттен мектепке дейінгі білім мен тәрбие ұйымдарын қолдауға бөлінген миллиардтаған қаржы ұрланып жатыр. 100 бала деп жазып, орнына 50 баланы алады. Біз адал қызмет ететін кез келген кәсіпкерді қолдаймыз. Адал болмаса, қолдамаймыз", – деді ол.

Мәжілісмен Мұрат Әбенов те жеке балабақшалардағы қызметтің сапасы мен балалардың қауіпсіздігін лицензиялаумен байланыстырады.

"Ия, бизнес әлдебір заманда бізге көмектесті. Өйткені мемлекет бала тәрбиесімен айналыспады. Енді айналысады. Бизнесте проблема туындайды екен деп балалардың денсаулығын тәуекелге сала алмаймыз. Егер балабақшасы талапқа сай болса, несіне қорқады? Бізде ығай мен сығай балабақша ашып алған, әкімдікке, министрлікке қысым көрсетеді, бақылау жүргізуге кедергі келтіреді. Бизнесі адал болса, ашық болсын, қандай адамдардың, неше баланың кіріп-шығатынын "Face ID"-мен көрсетсін. Көшеде, басқа барлық жерде самсатын камераларды қойып қойдық. Одан ешкімнің құқығы бұзылған жоқ. Балабақшаның кіреберісінде де бақылау болуға тиіс", – деді Әбенов.

Ақыр соңында ымыра-компромистік шешім қабылданды. Балабақшаларды лицензиялау енгізіледі, бірақ оны енгізу әріге – 2027 жылғы 1 қаңтарға қалды. Лицензиялау жеке балабақшалардың жабылуына соқтыра ма, жемқорлық көбейе ме, ол 2027 жылдан кейін мәлім болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу