Шымкентте 2011 жылы туған балалар арасындағы чемпионатта "Тұран" мен "Екібастұз" жасөспірім командаларының ойыны жаппай төбелеспен аяқталды. Төбелестің неден басталғаны белгісіз. Себебі, тікелей эфир кезінде камера төбелестің басталған сәтін түсіріп үлгермеген. Төреші екі команданың ойыншыларын қоса алғанда бес қызыл қағаз көрсетті. Кездесу "Екібастұз" командасының жеңісімен аяқталды.
Осы орайда Қазақстан футбол федерациясы мұндай әрекетті қатаң айыптап, оны спорт пен футбол қағидаттарына мүлде жат деп мәлімдеме жасады.
Оқиғаға қатысты төрешілердің хаттамасы мен бейнематериалдар ҚФФ-ның Бақылау-тәртіптік және этикалық комитетіне жіберілген. Құзырлы орган отырысы келесі аптада өтеді.
Кінәлілерге футболдан өмір бойына шеттетуге дейін қатаң жаза қолданылуы мүмкін.