Балалар жәрдемақысын төлеу мерзімі ұзарып, мөлшері артпақ

18996

Балалардың әп-әдемі мейрамын ересектер қор қылғандай еді: Үкімет екінші айы бітіп қалғанда, "Балалар жылының" жоспарын жария етті.

Балалар жәрдемақысын төлеу мерзімі ұзарып, мөлшері артпақ

"Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы және бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық мұратымыз" деп ересектер алдына міндет қойып еді Президент Қ. Тоқаев. Ол пафосты сөздерді 2021 жылғы 31 желтоқсанда, Қазақстан халқын жаңа 2022 жылмен құттықтауында айтты.

"Мен Мемлекет басшысы ретінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беремін. Жастарға зор үміт артамын. Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Балаларға ерекше көңіл бөлуіміз қажет. Олардың әл-ауқаты – мемлекетіміздің табысты болашағының сенімді кепілі", – деген Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды "Балалар жылы" деп жариялады.

Көшеге шыққанның көбі "миллениалдар" ма?

Өкінішке қарай, ізінше "қаралы қаңтар" оқиғалары болды. 227 адам қаза тапты. Соның ішінде екі бала оққа ұшты. Алматы қаласында, Алматы және Жамбыл облыстарында тағы жетеуін дәрігерлер өлім аузынан алып қалыпты. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Қаңтарда ел Аза тұтты, қайғы жұтты. Балалар мәселесі жайына қалды. Енді ғана ес жиған ел биыл "Балалардың жылы" екенін еске түсіруде.

Білім және ғылым министрлігі "Балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы" Үкімет қаулысының жобасын жариялады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылғы жағдай бойынша елімізде 1-ден 17 жасқа дейінгі 6 295 590 бала бар. Салыстыру үшін айтсақ, осыдан он жыл бұрын, 2011 жылы балалардың жалпы саны 4 851 538 бала болған.

"Біз "бала ғой, баланың ісі шала ғой" деп елей бермейміз, шынында кері кеткен кеңес заманын да, ауыр дағдарысты 90-шы жылдарды да, әлем күрт өзгерген "миллениум" кезеңін де білмейтін, Интернет пен әлеуметтік желілер пайда болған дәуірде дүниеге келген миллиондаған қазақстандық өсіп-жетіліп келеді. Оларды бізге қарағанда, мүлдем басқа құндылықтар мен қызығушылықтар еліктіреді. Олар әлемге ашық, көбі бірнеше тілді меңгерген. ЕуроОдаққа қосылған Балтық елдерінің, Польша, Словакия, Чехия және басқа да бұрынғы "соцлагерь" республикаларының тәжірибесі көрсеткендей, өзі үшін тартымды жағдайлар, ынтықтыратын дүниелер болмаса, бұл жастарды мемлекетте байлап ұстай алмайсың", – дейді әлеуметтанушы Қайсар Мақанов.

Австралиялық ғалым Марк МакКриндлдің тұжырымдауынша, компьютер, планшет, смартфон секілді түрлі экран алдында өскен "Альфа ұрпағы" аға ұрпақтың құндылықтары мен мұраттарын қабылдамауы мүмкін. Ал ересектер болса, өзара жағаласып жүріп, мұны ұмытып кетті.

Тергеу амалдары көрсеткендей, "қасіретті қаңтар" оқиғалары кезінде көшеге шыққандардың, кейін ұсталғандардың басым көпшілігі (прокуратура дерегінше, 85 пайыздайы) 29 жасқа дейінгі жас қазақстандықтар. Сонда әлеуметтанушылар тілімен айтқанда, көшеге негізінен "миллениалдар" немесе "Y ұрпағы" (1981-1996 жылдары өмірге келгендер) және ішінара "зумерлер" (1997-2011 жылдары туғандар) шыққан болып тұр. Ал оларды алмастыратын, 2012 жылдан бері туған "Альфа" буыны, одан кейінгі Бета, Гамма буындары өзін қалай ұстайды? Әлеуметтанушылар бұл тұрғыда бізде әзірге терең зерттеулер жүргізілмегенін айтады.

Үкімет "Балалар жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарында" да бұл мәселеге көңіл бөлмегені байқалады.

"Балалар жылының" контенті қандай?

Сонымен жоспардың ең ірі әрі қымбат жаңалықтарына тоқталсақ.

Ең алдымен, құжаттың басты әрі ең жағымды жаңалығын айтайық: "баланың бір жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақыны төлеу кезеңі 1,5 жасқа дейін ұзартылады және оның мөлшері 1,5 есе арттырылады", – делінген жоспарда.

Осы мақсатта алда бюджетті қайта нақтылау кезінде 214 млрд 745,2 миллион теңге қарастырылмақ. Міндеттің орындалу мерзімі ретінде желтоқсан айы көрсетілген. Дегенмен демографияға серпін беруге тиіс бұл әлеуметтік маңызды жаңалықтың нақты қай күні өмірге жолдама алатынын алда (бәлкім наурыздағы жолдауында) Президенттің өзі жариялайды деп күтілуде.

Тағы бір жаңалық 2022 жылы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға (бас тартылған, тастанды балаларға) жеке жәрдемақы түрін енгізу мәселесі пысықталады деп жоспарланған.

Балалар мектеп асханаларында картамен есептесе алатын болады. "Мектепте асханаларды бейнебақылау камераларымен жарақтандыру және қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі шаралар кешенін іске асыру" деген пункт бар.

"Аурулардың барлық түрлері бойынша, оның ішінде орфандық аурулар бойынша балаларды амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін кеңейту" шарасы қосымша 16 млрд 400 млн теңгені қажет етеді.

Мәдениет және спорт министрлігі, "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы және әкімдіктер "экскурсиялық-танымдық балалар-жасөспірімдер туризмін дамытуы" керек. Яғни туристік орындарға саяхаттар ұйымдастырылады. Әзірге бұл жобаға 35,6 миллион ғана берілген.

Перспективті ауыл-кенттерде, ауылдық аудан орталықтарында, қалаларда 908 инновациялық даму орталығының құрылысы қолға алынбақ. Жобалар қарашаға дейін басталуы шарт.

Кеңес кезінен қалған мектеп-интернаттар орнына, аудан орталықтарында және қалаларда аз қамтылған отбасылардың балалары үшін жаңа форматтағы 300 мектеп-пансионат салу мәселесі пысықталады. Арнаулы мектептер мен мектеп-интернаттарды қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге 7 млрд теңге бөлінбек.

"Балалар жылын" мерекелеу аясында "Оқушының мәдени нормативі" республикалық мәдени-білім беру жобасы қолға алынады.

Осы жылы "Менің отбасым – шығармашыл отбасы", "Менің отбасым – көптілді отбасы", "Менің отбасым – Оқитын отбасы", "Менің отбасым – спорттық отбасы", "Менің отбасым – көңілді отбасы" және басқа да өңірлік байқаулар, Әкелер кеңесі, Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, Әжелер кеңесі қатысатын өңірлік байқаулар ұйымдастырылмақ.

Маусым айында барлық өңірде, каникул кезеңінде "этнолингвистикалық балалар лагерлері" ашылуы қажет.

Қыркүйекте барлық мектептерде оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту бойынша тестілеу өткізілмек.

Желтоқсан айына дейін оқушылардың жеке білімінің, шығармашылық, спорттық жетістіктерін көрсетуінің жаңа технологиясы – "Оқушының электрондық портфолиосы/мектеп түлегінің портфолиосы" жобасы енгізіледі. Бұл жобаға 250 миллион теңге бөлінбек.

Өңірлерде маусымда "Жас құтқарушы" республикалық слетін өткізуге 10,7 млн теңге, ал "Айбын" республикалық әскери-патриоттық жиынына 158,9 млн теңге бағытталады.

Медиа және ақпараттық сауаттылық бойынша 5-11 сыныптарға арналған "Жаһандық құзыреттілік" курсын әзірлеуге – 15,9 млн, қарашада балалар өкілдері арасында "Жылдың балалар омбудсмені" республикалық конкурстық фестиваліне – 20 млн, қазанда оқушылар арасындағы "Сөз мерген" республикалық дебат турниріне – 46,3 миллион беріледі.

Қарашада мектеп парламенттері көшбасшыларының республикалық слетін ұйымдастыру 20 млн теңгеге, "Жаңа Қазақстанды бірге құрамыз!" атты балалардың әлеуметтік бастамалары мен стартаптарының республикалық фестивалін өткізу – 53 миллион теңгеге түспек.

Атап өтетін жайт, "Президентская новогодняя елка 2023 года: видео поздравление Главы государства" деген бөлімді қазақшаға "2023 жылғы Президенттік жаңа жылдық шырша: Елбасының бейне құттықтауы" деп аударып қойыпты. Бірақ қазақ балаларын да Қ. Тоқаев құттықтайтыны белгілі болды. Техникалық қате жіберілген көрінеді.

Желтоқсанда өңірлерде ерекше білім берілуін қажетсінетін балалар үшін "Newart" балалар шығармашылығы фестивалін ұйымдастыруға бар-жоғы 6 млн теңге бөлінген екен.

Ал "Бала дауысы" ұлттық балалар ән байқауына – республикалық бюджеттен 309,4 миллион, "Astana Piano Passion" республикалық жас пианистер конкурсын өткізуге – 124,9 миллион теңге қарастырылған.

"Мен спортты таңдаймын" спорттық-бұқаралық іс-шарасын өткізу 313,8 миллион теңге тұрады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу