banner

Балаларды тоңдырып қойған шенеуніктер жазаланды

3042

Павлодар облысында білім беру мекемелерін жылыту мәселесі мәз емес.

Балаларды тоңдырып қойған шенеуніктер жазаланды

Павлодар облысындағы бірнеше мектептің оқушылары кабинеттерге бүрсең қағып отырып білім алуға мәжбүр. Себебі оқу орындарындағы жылу параметрлері белгіленген температуралық режимнен тым төмен, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бұған дейін Аққулы ауданындағы Ямышев және Қарақала ауылдарында тұратын бір топ ата-ана мектептердің іші салқын екенін айтып, облыс әкімдігіне шағым жолдаған болатын. Бұл білім беру мекемелеріндегі ауа температурасы 18-19 градусқа дейін әрең жетеді. Бұдан соң аймақ басшысы Әбілқайыр Сқақов екі елді мекенге арнайы барып, жағдайды тез арада түзеуді тапсырған еді.

"Шынында да, екі оқу орнында жылу жеткіліксіз. Бұл ретте мәселе көмірдің жетіспеушілігінде емес. Оның қажетті қоры бар. Егер от жағушылар мен басқа да мамандардың жұмысы дұрыс ұйымдастырылса, бәрін шешуге болады. Жалпы бұл – Аққулы ауданына ғана тән жағдай емес. Барлық аудандардың әкімдері мектептердегі температуралық режимді тексеріп, қажет болған жағдайда шұғыл шаралар қабылдауы қажет. Балалар тоңып қалмау керек", – деген еді облыстың әкімі.

Бірақ бұл тапсырма жергілікті жерлердегі басшылардың бәріне бірдей жетпегенге ұқсайды. Себебі әлі күнге дейін іші аңырап тұрған мектептер бар. Мысалы, кеше Ақтоғай ауданы Әуелбек ауылындағы мектептің жылу батареяларын ажыратуға тура келгені туралы хабар тарады. Себебі мұнда жағатын көмір жоқ. Бұл туралы әлеуметтік желіде видео жариялаған жергілікті тұрғындардың бірі ғимарат ішіндегі температура сағат сайын төмендеп бара жатқанын жеткізді.

Ал бүгін Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов елді мекенге барып, жағдаймен танысты. Көмірдің біткені туралы ақпарат рас екен. Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арыновтың сөзінше, бұған қатты отынды уақытылы жеткізбеген мердігер компания кінәлі.

"Өткен аптаның басынан бері көмір жеткізушімен келіссөздер жүргізіп жатырмы. Ол қатты отынды жұма күні жеткіземіз деп уәде берген. Бірақ сөзінде тұрған жоқ. Сондықтан бөлмелерді қолда бар көмір қалдықтарымен жылытуға тура келді", – дейді аудан басшысы.

Белгілі болғандай, жергілікті әкімдікке қарасты білім беру бөлімі өткен жылдың тамыз айында "Рахимов" жеке кәсіпкерлігімен 45 млн теңгелік келісімшарт жасаған. Бірақ бұл компания осы уақытқа дейін қатты отынды толық көлемде жеткізген жоқ. Сол себепті бір айдан астам уақыт бұрын кәсіпкердің үстінен міндетті уақытылы орындамағаны үшін сотқа арыз берілді. Сондай-ақ "Рахимовты" жосықсыз мердігер ретінде тану туралы өтініш жолданды.

"Бұл мектепте қалыптасқан жағдай – бюрократия мен немқұрайлылықтың нақ өзі. Әкімдік көмір жеткізушімен соттасып жатқанда балалар тоңып жүр. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдардың ешқайсысы бұл мәселені білім басқармасына да, облыс әкімдігіне де хабарламаған. Неге бәрі үнсіз отырған? Көмір өндіретін аймақта тұрып қатты отыннан тапшылық көру – қисынға келмейтін нәрсе. Егер жергілікті билік бұл туралы уақытылы айтқанда, мәселені уақыт оздырмай шешетін едік", – дейді Әбілқайыр Сқақов.

Сондықтан аймақ басшысы Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов пен Павлодар облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлына қатаң сөгіс жариялады. Бұл іске жауапты өзге де қызметкерлерге қатысты жауапкершілік шараларын қолдануды тапсырды.

Ал мектепке кешелі бері 40 тонна көмір жеткізілді. Бұл кемінде бір айға жетуі тиіс.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу