"Баламмен орысша сөйлесуге тыйым салды"

4739

НЗМ-де бұрын сотталған шетелдіктің жұмыс істеп келгеніне бастапқыда шошынған жұртшылық енді жақ-жақ болып, бірі зияткерлік мектепті, бірі британдық оқытушыны, енді бірі оның бұрынғы әйелін ақтап жатыр.  

"Баламмен орысша сөйлесуге тыйым салды"

Даулы мәлімдемелерімен аты шыққан "Не молчи" құқық қорғау қоғамдастығы таяуда Білім және ғылым министрлігіне шағым жолдады. Онда 2018 жылғы қазаннан бері – Талдықорған қаласындағы, ал 2021 жылғы қыркүйектен бері – Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінде (НЗМ) информатика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген Ұлыбритания азаматына қатысты құпия жария етілді. Атап айтқанда, ағылшын патшалығының құрамындағы Уэльстің астанасы Кардиффте Корольдік қылмыстық соттың үкімімен Ли Эшфордтың 2017 жылғы мамырда сотталғаны және оған оқытушылық қызметпен айналысуға тыйым салынғаны хабарланды. Ұлыбританиядан арнайы алғызылған құжаттар қоса берілді. Кейбір дерек бойынша қозғалысқа бұл ақпаратты шетелдік мұғалімнің бұрынғы әйелі – Қазақстан азаматы ұсынған.

Бұған қоса, Қазақстанның Еңбек кодексінің 26-бабының 2-бөліміне сәйкес, білім беру ұйымдарында бұрын сотталған адамдарға жұмыс істеуге тыйым салынған.

Элиталық білім ордасы дереу үн қатты.

"Ол мұғалім кеше өз еркімен жұмыстан кетті. Қосымша ақпарат жоқ. Себебі НЗМ ішінде қызметтік тергеу жүргізілуде. Бұған өзіміз мүдделіміз. Қажет болса, бұл іске полиция қосылады", – деп хабарлады мектептің баспасөз қызметі. Білім ұйымында қызметтік тергеу жалғасуда.

Л. Эшфорд зияткерлік мектептеріне жұмысқа орналасқанда соттылығының жоқтығы туралы құжат ұсыныпты. Соның негізінде жұмысқа қабылданған. Ол құжатының жалған екені енді анықталуда.

Балалары НЗМ-де оқып жатқан ата-аналар әлеуметтік желіде бұған мектеп әкімшілігінің еш айыбы жоқтығын, бар кінә – қолдан жасалған анықтама ұсынған шетелдік мұғалімде екенін алға тартады. Рас, мектеп әкімшілігі ондай құжаттың дұрыс-бұрыстығын өз бетінше неге тексермегені белгісіз. Себебі соттылығы туралы тиісті құжаттарды феминистік қозғалыс еркін алғыза алған.

Осы оқиғаға қатысты енді Ли Эшфордтың экс-зайыбының пікірі белгілі болды. Ол бұрынғы күйеуінің кім екенін, қалай істі болғанын егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Шетелдік оқытушының бұрынғы әйелі Гүлмира кезінде оның әдемі сөздері мен жағымды қылықтарына жүрегі елжіреп, жары болуға келіскенін айтады.

"Ол салмақты, сенімді, қамқор адам болып көрінді. Алдымен бірге тұрдық, кейін үйлендік. Баламыз өмірге келді. Жағдай ушықты, кез келген ұрыста долданып, айғайлап шыға келетін. Махаббатты, қарым-қатынасты сақтауға тырыстым. Бәрі ретке келетін шығар дедім. Бірақ арамызда шиеленіс туындаған сайын ол өзін-өзі ұстай алмай қалатынды шығарды. Өзінің айтқаны дұрыс екенін, отбасыдағы барлық проблема менің кесірімнен туындайтынын дәлелдеуге барын салатын. Оның сынынан сабақ алып, дұрысталуға тырыстым. Алайда оның агрессиясы күшейе берді", – дейді ол. 

Гүлмира мен Ли 2,5 жылдай бірге тұрыпты. Гүлмира осы уақытта өзін күйеуінің бірнеше рет пәтерден қуып шыққанын, шапалақпен ұруды не бетіне түкіруді әдетке айналдырғанын, қолынан сүйрегенін, тамағынан буындырғанын және үйдегі әртүрлі заттарды лақтырғанын жеткізді. Ол Қазақстанда екі рет полиция шақыртыпты. Бірақ тәртіп сақшылары келісімге келіп, бітісуге көндірген-мыс.

Оқиға жалпақ елге жария болған соң, Гүлмира өз өмірінің бүге-шігесін баяндап берді. Отбасыдағы дау-жанжал жиілеген соң ол күйеуінің үгіттеуімен сонымен бірге Кардиффке көшіп кетеді, туыстарынан, таныстарынан ажырайды. Ли болса, ағылшын еліндегі ата-анасының қолдауына сүйеніп, отбасындағы ахуалды ретке келтіргісі келсе керек.

"Менің туристік визам аяқталды. Осы уақытта Лидің ата-анасы мені Қазақстанға қайтарып, немересін алып қалудың амалын қарастырды. Олар маған жаулық көзқарас танытып, тиісумен болды. 6 айлық ұлымды Лидің інісінің бөлмесіне қамап тастап, оған мені жібермеді. Бірде қоярда-қоймай әлгі бөлмеге кіріп кеттім, мұнымды ұнатпаған Лидің әкесі мені үйінен қуып шықты. Бөтен елде жападан жалғыз қалдым. Барар жер, басар тауым жоқ, бойымды үрей буған. Содан Құтқару қызметіне хабарластым. Лидің анасы да мені жек көрді, себебі "ұлымды агрессивті еттің" деп мені кінәлады. Ақыр соңында баламды алып, Қазақстанға орала алдым", – дейді Гүлмира.

Өкінішке қарай, оқиға осымен аяқталмаған. Қоңырау шалған Ли жақсы әке бола алатынына сендіріп, жеке үйде тұруға шақырады.

"Ол менен 2 мың фунт стерлинг (1 миллион теңгедей) ақша алды. Бірлесіп, Кардиффте үйді жалға алдық. Ол оны тұрмыстық техникамен, жиһазбен жабдықтады. Менің визамның ақысын төледі. Мен оның мінезі түзеледі деп сендім. Содан 2016 жылдың қарашасында ұлымыз екеуіміз ұшып барып, бір отбасы ретінде тұра бастадық. Дегенмен қарым-қатынасымызда салқындық сезілді. Бірде мен оған жаңалық жеткізіп, екінші баламыздың болатынын хабарладым, алайда ол қуанбады. Ары қарай бізде қаржылық қиындықтар басталды. Лидің жалақысы коммуналдық қызметтерді төлеуге, азық-түлік пен киім-кешекті сатып алуға жетпеді. Жергілікті муниципалдық салықты төлемегеніміз үшін соттан шақырту келді", – дейді Гүлмира.

Ол отбасы бюджетін дұрыс ұйымдастыра алмағаны, туындаған проблемаларды елемегені, отбасының қаржыдан тарықпауына қам жасамағаны және болашақты ойламағаны үшін Лиді кінәлайды.  

"Қаржы туралы сөз шыға қалса, ол жауап беру орнына, теріс айналып, ата-анасының үйіне түнеуге кетіп қалатын. Ал ата-анасы оны маған қарсы қояды. Тілдік нышан бойынша кемсіту болды: ата-анасы олардың үйіне барғанда маған ұлыммен орысша сөйлеуге тыйым салды. Ли өзінің көзінше орысша телеарналарды көруіме рұқсат етпейтін. Өзі Қазақстанда 5 жыл тұрса да, орысша білмейтін", – дейді Лидің экс-әйелі.

Қынжылтатыны сол, 7 аптаға жеткенде жүктілік тоқтап қалған.

"Бұл туралы 9 аптадан кейін УДЗ-дан өту барысында білдім. Сол күнгі кеште түсік тастадым. Жан төзбес аурудан зар еңіреп жылап жатсам да, Ли келіп, жағдайымды сұрамады. Оның орнына үйден кетіп қалды. Біраз уақыт өткен соң қайта оралды, бірақ киімдерін алып кетуге ғана келіпті. Оны кетірмей ұстап қалу үшін ұлымды ертіп апардым. Бұған ол жібімей, керісінше ашуға мінді. Мен қашып, залдың есігін жауып алып, жасырындым. Ол есікті бір соғып ашып, бұл үйден тайып тұруымды талап ете бастады. Бұрышқа тығылған мен сонда тұрған гитараны қолыма алдым. Бұдан біраз бұрын осылай гитарамен жасқағанымда, Ли жолай алмаған. Ал бұл жолы ол аспапты қолымнан жұлып алып, сонымен басымнан ұра бастады. Гитара бөлшектеніп, быт-шыт болғанда ғана тоқтады", – дейді Гүлмира.

Әйелін соққыға жыққан Ли Эшфорд бір жылдық баласын қолына алып, машинасына отырғызып, көлігін оталдыруға кіріседі. Басынан қан сорғалаған күйі оның соңынан тұра ұмтылған зайыбы жолай ұялы телефоннан жедел жәрдемнің телефонын терген бойы, автомобильдің артқы есігінен отырып үлгереді. Ли баласы мен әйелін ата-анасының үйіне алып барады. Осы кезде полиция да сол жаққа жеткен. Л. Эшфордтың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Сот оған әйелі мен баласына жолауына тыйым салған.

Гүлмира бұрынғы күйеуінің Қазақстандағы мектепте 2 миллион теңгедей жалақы алса да, ұлына дұрыс қараспағанын айтады. Бірақ оның баласымен кездесіп, сыйлық жасап тұрғанын жасырмайды.

Дегенмен Ли Эшфордтың досы Александр оның отбасындағы шиеленістің тууына әйелі кінәлі деген сенімде.

"Лиді біржақты айыптаушылар оның зайыбының не істегенінен мүлдем хабарсыз. Сау адамның басына ондайды жасау келмес еді. Бірақ Ли сыпайылық, парасаттылық сақтап, сырды сыртқа шашпайды. Оны еске алудың өзі оған психологиялық тұрғыдан ауыр, жанына жара түсіреді. Мен де айта алмаймын. Феминистер қозғалысы болса, оған құзғындай жабылуда. Бұл отбасыда барлық қиындықты көтерген адам болса, ол – Ли. Ол өте ұстамды адам болатын. Оның айыбы – бір рет ашуына ерік беріп, әйелін сабағаны", – дейді Александр.

Қалай болғанда, баласының анасына қол көтерген, жалған құжат жасап, бөтен елдің білдей білім ордасын алдаған адамның ісін ақтауға болмайтыны сөзсіз.

Бұл оқиғадан алатын сабақ қандай? Отандық балабақшалар, мектептер, колледждер мен жоғарғы оқу орындары, тіпті тіл курстары шетелден оқытушы шақыртқанда оның ұсынған құжаттарына имандай сенбей, өз бетінше тексергені жөн.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу