"Баланы БАҚ-тан да қорғау керек": Заманына қарай заң қалай өзгереді

962

Баланың құқығын қалай қорғау керек? Заңды күшейтумен бұл мәселе реттеле ме? Сарапшылар не дейді? Іnbusiness.kz қоғамда бәріне қатысты осы өзекті мәселеге үңіліп көрді. 

"Баланы БАҚ-тан да қорғау керек": Заманына қарай заң қалай өзгереді Фото: ainanews.kz

Зәкиева заңды күшейтуді ұсынады

Қазақстанда кейінгі жылдары бала құқығының бұзылуы, оларға қарсы жасалған қылмыстар БАҚ-тың басты тақырыбына, қоғамның талқысына түсетін үлкен мәселеге айналды. Адам естіп білмеген ең сорақы қылмыстардың балаға қарсы жасалып жатқаны жаға ұстатып, бұл мәселеге Президент те назар аударған. Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның айтуынша, елде жыл сайын балаларға қарсы 2 мыңға жуық қылмыс жасалады екен. Қорқыныштысы, ресми статистиканың өзі күн сайын 1-2 бала өз-өзіне қол жұмсайтынын немесе осындай әрекет жасауға тырысатынын көрсеткен.

Динара Зәкиева ең жоғары деңгейде тапсырма түскендіктен, депутаттармен және құзыретті мемлекеттік органдармен бірлесіп балаларға қарсы қылмыстар және олардың қауіпсіздігі туралы заң жобасы әзірленгенін айтады. Заң жобасы ең алдымен, балаларға қатысты жасалатын зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәдениетін қалыптастыруды көздейді екен.

Фото: Facebook/Dinara Zakiyeva

"Бұл дегеніңіз ең алдымен – жазаның бұлтартпастығы және қылмыстың алдын алу жүйесі. Онда 4 кодекс пен 10 заңға өзгеріс енгізуді көздейтін 50-ден астам ереже бар, – деп мәлімдеді Динара Зәкиева таяуда Мәжіліске келген кезінде.

Түзетулер кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуге қатысты. Яғни мұндай қылмыстар бойынша жазаны қатайтып, бұлтартпау шарасын қамтамасыз ету мақсатымен тараптардың татуласуына жол бермеу және бас бостандығынан айыру ұсынылады. Одан бөлек осы құжат арқылы инфрақұрылымдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, балаларға арналған мекемелерді лицензиялау, буллингке қарсы бағдарлама бойынша кешенді шаралар әзірленген. Отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетудің жүйесі мен инфрақұрылымын құру жоспарланған.

Мәселе өткенде Мәжіліс жанындағы қоғамдық палатада да қызу талқыланғаны бар. Әркім әртүрлі ой айтып, балалардың құқығын қорғауда өз ұсыныстарын аямай-ақ беріп жатыр. Алайда сол ұсыныстардың бәрі теп-тегіс, жұп-жұмыр болып заңға ене қала ма? Сарапшылардың көкейіндегі басты сұрақ та осы.

"БАҚ балаларға жасалған зорлық-зомбылықты насихаттап жатыр"

Экс-депутат әрі белсенділігімен белгілі Зәуреш Батталова бұл тақырыпқа өз ойын қосады. Оның сөзінше, жалпы бала құқығын қорғауда ең алдымен отбасының рөлін айқындап алу керек. Ол үшін Батталованың пайымдауынша, ең алдымен ақпараттық жұмыс керек.

Фото: pixabay.com

"Бұқаралық ақпарат құралдарында зорлық-зомбылық ашық насихатталып жатыр. Ашып қараңыз – әлеуметтік желілерде балалардың аяусыз сабалып жатқан видеосын ондап табасыз. Сол жайтпен де күресу керек. Себебі видеоресурстардан түрлі кадрларды көріп алған кейбіреулер айналып келіп сол әрекетті іс жүзінде істеп көруге тырысады. Сол себепті зорлық-зомбылықтың, сабалған, соққы жығылған видеолардың қай түрін көрсетуге болады, қай түрін көрсетуге болмайды – соны айқындап, арасын ашып алайық", - дейді ол.

Зәуреш Батталова Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі сондай ақпараттарды, видеоматериалдарды тарататын ресурстарды жазалауы тиіс деп есептейді. Динара Зәкиеваға осы ретте бұл бағытта заңға енгізілуі тиіс өзгерістерді есепке алар деп үміттенеді.

Сарапшылардың кейбіір Ішкі істер министрлігі балалармен жұмыс істеген кезде әйел полицейлерді көбірек тарту керек деген бастаманы көтереді. Зәуреш Батталова дәл осылай учаскелік полиция қызметкерлері туралы да сөз қозғау керектігін еске салады.

Айтуынша, сол учаскелік полиция қызметкерлерінің өзі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбін өздері жасырады. Ол аз десеңіз, ер полицейлер мұндай қылмыстарға көбінесе көз жұма қарайды. "Отбасында әкесі баласын сабаса, оған қалыпты қарайтын ер полицейлер бар. Учаскелік полицейлер кез келген фактіні тіркеп, істі соңына дейін жеткізуі керек" деген ол учаскелік полицейлердің жұмысын күшейтіп, бұл құрамға әйел полицейлерді көбірек тартқан абзал деген ойды ортаға тастайды.

"Меніңше, бала құқығын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін әр мемлекеттік органның жауапкершілігін шегелеп тұрып, белгілейтін мемлекеттік бағдарлама немесе жол картасы деңгейінде жұмыс жүргізген жөн. Денсаулық сақтау министрлігі жау кеткен соң, қылышын сермеп жүретін ведомство ма деймін. Үш жылдан бері өздері шығарып алған кодекстің нормалары өлі күйінде жатыр. Атап айтқанда, вейптерді шектеу жөніндегі норма! Жауапкершілікті басқаларға ысырғысы келеді. Бұл норманы Денсаулық сақтау министрлігі тірілте алмады ма, Ішкі істер министрлігіне берсін", - дейді Зәуреш Батталова.

"Балаңызды көшеге емін-еркін жібере аласыз ба?"

Қоғамдық палата мүшесі Гүлмира Байғабылова өз бастамасымен қауіпсіз қала тұжырымдамасын насихаттайды екен. Ол нені білдіреді?

"Сіздер өздеріңіз баланы көшеге емін-еркін қоя бере аласыздар ма? Осы сұрақты қазір әрбір ата-анаға қойып көрейікші. Көбінесе қазір балалар көшеде адам агрессиясынан бөлек, абайсыз жүретін жүргізушілерге де тап болуы мүмкін. Әрбір адам мектепке баласын емін-еркін, еш уайымсыз жібергісі келеді, жаяу жүргіншілер жолында еркін жүргенін қалайды. Қаладағы әр мектепте сәл көтеріңкі жаяу жүргіншілер жолы болуы керек деген мәселе көтерген кезде бұл шағын ғана техникалық мәселе емес, біздің балалардың қауіпсіздігіне тікелей байланысты шара", - дейді ол.

Сарапшы аулалар туралы сөз қозғап,  құрылыс нормалары мен ережелерінде өрт кезінде ауладан техника кіре алатын өткел болуы керектігін атап өтеді. Бірақ өкінішке қарай бұл өткелдерді қай аулаға барсаңыз да, автокөліктер бөгеп тұрады. Сол машиналар Байғабылованың айтуынша, балаларға қауіп туғызады.

"Міне, сол себепті біз "көліксіз аула" жобасын ілгерілетсек дейміз. Бұл өте маңызды. Реттейтін құжаттарға осы талапты енгізу керек", -  дейді ол.

Сарапшы мектептегі психологтардың біліктілігіне күмәнмен қарайды. Мысалы Алматыда аты шулы оқиғалар болған мектептердің бәрінде керек десеңіз психолог болғанын еске салады. Олар мектепте не істеп жүргені белгісіз. Бұл психологтар балалар кез келген уақытта жүгіне алатын өз ісінің маманы болса дейсің деген ниетін білдіреді. "Керек десеңіз, әр ұстаз белгілі бір деңгейде психолог болуы керек" деген ойды айтады.

Әрбір алтыншы бала – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәсі

Фото: pixabay.com

Үкіметтік емес ұйым атынан Алтынай Көбеева статистикаға назар аударады. Оның сөзінше, Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары жүргізген зерттеуге сүйенсек, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырап, көмек алатын отбасылардың 61 пайызында зардап шегетіндер балалар екен. Олар отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәсі болады. Алайда осы фактілердің бәрін құжат ретінде тіркеген кезде балалар бойынша арнайы статистика жүргізілмейді. Осылайша, мұндай балалар арнайы көмекке ілінбейді, олар үшін ешқандай бағдарлама қарастырылмаған.

"Әрбір алтыншы бала – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәсі. Сол себепті, меніңше, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға арнайы стандартты әлеуметтік көмек түрін енгізу керек. Баласының көзінше анасы зорлыққа ұшыраса немесе сабалса, ол жайт баланың өзіне психикалық ауру болып жабысатынын ескеру керек. Сол себепті меніңше, мұндай санаттағы балалардың оңалтудың арнайы бағдарламасын енгізген жөн", - дейді Алтынай Көбеева.

"Жақсылық сабағын" енгізу керек

"Мама про" осал әйелдерді қолдау қоғамдық қорының жетекшісі Әсия Текеева ерекшелігі бар балалардың жағдайына назар аударады. Оның бұл мәселеге терең үңілуіне өз баласының да сол санатта болғаны ықпал еткен.

"Үш жыл бұрын екі балам аулаға ойнауға шықты. Бес минуттан кейін ауладағы бүкіл балалар менің баламды жақтырмай, оған тіпті ашулана қарағандарын көрдім. "Не болды?" десем, балалар түсінбейді. Кішкентай балаларға айып таға алмайсың. Ауладағы балалар сырқат бала өзіне ұқсамайтынын көріп, онымен қалай байланысып, бірге ойнап кетуді білмейді. Мен оларға менің де балам көптің бірі екенін, онымен де ойнауға болатынын түсіндірген кезімде балалар тыңдады да, өз жайымен кете барды. Міне, сол себепті "жақсылық сабағын" ұйымдастырып, мектептерді аралауға бел шештім", - дейді ол.

Қор мүшелері осылайша Астанадағы бірнеше мектепке барған. Игі қызметін көргеннен басқа мектептерден де сұраныс түсе бастаған. Қор мамандары оқушыларға мүгедектігі бар балалардың өмірі жайлы сөз қозғап, олардың ерекшелігін түсіндіріп, пандус не үшін керектігін ұқтырады. Ерекшелігі бар балалардың артықшылығын оқушыларға түсіндіруге бар-жоғы бір ғана сабақ жеткілікті болды дейді олар. Сол себепті "жақсылық сабағын" жалғыз бұл бағытта емес, буллинг бойынша жүргізуді ұсынады.

Бала құқығын қорғау және оны заңмен заңмен шегелеу бағытында ұсыныстар бұдан да көп. Заңгерлер мен мамандар бұл іске мамандардың да, қоғамның да жіті араласқанын қалайды. Себебі күні ертең заң толық зерттелмей қабылданып кетсе, ол ережелер мұрты бұзылмай бірнеше жыл бойы қолданыста болатыны анық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу