Баланы үйден оқыту: бір күмән, бір үміт

15898

Еліміздің Білім министрлігі қашықтан білім алып жатқан балалардың нақты санын білмейтін болып отыр.

Баланы үйден оқыту: бір күмән, бір үміт

Салалық ведомствоның алдын ала есептеуі бойынша, бүгінде балалардың шамамен 1-2%-ы мектепке бармай, үйден оқытылуда. Олардың қатарына негізінен, Ресейдің орта білімін алушы, сондай-ақ ата-аналары белгілі бір діни ағымды ұстанғандықтан мектепке бармайтын балалар жатады. Қазақстанның үйден оқыту туралы заңнамасына түзетулер енгізу туралы талайдан бері айтылып келе жатса да, министрлік заңға түзету енгізуге асығар емес. Ал үйден оқытылатын оқушылардың ата-аналары болса, бұл тұрғыда тек жұмыс тобын құруға ғана қол жеткізе алған.

Елімізде үйден оқытуға заңмен тыйым салынбаған, бірақ рұқсат та жоқ. Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің бас сарапшысы Шолпан Қасымованың айтуынша, мемлекет баламалы (бекітілмеген мемлекеттік бағдарлама бойынша - авт. ескертуі) білім беруді тек жекеменшік мектеп, экстернат-мектеп деңгейінде немесе қашықтан оқыту негізінде ғана рұқсат етеді. Қолданыстағы заңнаманы үйден оқытуға қатысты қайта қарау министрліктің жақын арадағы жұмыс жоспарында жоқ деп мәлімдеді сарапшы. Бұл мәселе ата-аналардың өзінің бастамасымен ғана қарастырылатын болады.

Сондай-ақ, үйден оқытуды жаңа жүйеге енгізу үшін тиісті мемлекеттік тіркеуден өтіп, қалай болғанда да бірыңғай бағдарлама жасау қажет деп есептейді сарапшы.

Үйден оқытуды қолдаушы, жұмыс тобы мүшелерінің бірі, Светлана Дрязь болса, баламалы үйден оқыту – бұл демократиялық мемлекеттің көрінісі деп атады. "Бұл, ең алдымен, баланың ерекшелігін ескерген ата-ана мен отбасына таңдау құқығын беру болып табылады", – дейді Светлана Дрязь.

Мұндай білім беру дамыған елдердің  көбісінде оң нәтиже бергенін айта кету керек. Мысалға, АҚШ-та 90-жылдардың соңында үйден оқытылатын балалар қатарластарына қарағанда жоғары нәтиже көрсеткен. Яғни, мемлекеттік мектепте оқитын оқушылардың тек 50%-ы ғана жақсы оқыса, қашықтан білім алған балалардың 85%-ы жоғары көрсеткішке қол жеткізіпті. Канададағы оқушылардың өмірден рахат алу деңгейі жоғары. Балалар өмір сүруге бейімді және өздерін еркін ұстайды.

Светлана Дрязьда таңдау жасау құқығы мемлекет пен қоғам үшін көп пайда әкелетінін де дәлелдеп берді. Бұл мониторинг жүргізу мақсатында заңнамалық базаны жасауға мүмкіндік беріп, түбегейлі қарсы ата-аналардың пікірін өзгертуге сеп болады деп есептейді спикер. 

Бір сөзбен айтқанда, ҚР БҒМ оқу барысына бақылау жасап, балалар аттестат алуға қол жеткізсе, ата-аналардың басқа елге көшуі азаяды. Светлана Дрязьдың пікірінше, ата-аналарға басқа елге қоныс аударудың қажеті болмайды, әйтпесе, бұл үрдіс етек алғалы тұр дейді.

Ал Шолпан Қасымова дәстүрлі оқыту түрінен бас тарту үшін орынды негіздеме, дәлірек айтқанда, баланың денсаулық жағдайы себеп болуы керек дегенді алға тартады.

Осы тұста үйден оқытылатын оқушылардың ата-аналары туралы көлеңкелі статистиканы келтіре кетейік. Светлана Дрязьдың сөзіне құлақ түрсек, бүгінде Алматыда баламалы білім беретін небәрі үш мектеп қана жұмыс істейді. Бұл оқу орталықтарында бағалау жүйесі жоқ. Ол жерде оқушылар Монтессори (италиялық мұғалім Марии Монтессоридің авторлық оқыту әдісі- автор. ескертуі) әдісі бойынша білім алады. Алайда мұндай оқыту түрі мемлекетімізде мойындалмаған. Сол себепті, ата-аналар балаларының білімін аттестациялау үшін ресейлік мектептердегі қашықтан оқытуды қолданады.

Үйден оқытылатын оқушылардың нақты саны туралы дерек жоқ. Ата-аналар да балаларының Ресей мектептерінде қашықтан білім алып жатқанын жария ете бермейді.

Осы жәйттердің барлығын Алматыда мүдделі тараптар және  "Кипр" сараптамалық тобы бірге талқылаған болатын.

Бұл мәселеге қатысты басқа да пікірлер бар. Мысалы, UniverSity білім беру технологиялары бюросының директоры Жанна Меңдібаева балалардың үйден білім алуына күмәнмен қарайды.

Оның ойынша, үйден оқитын балалар өздігінен әрекет ете алмайды әрі шектен тыс өбектеу көреді. Спикер үйден оқытуды енгізуді қолдаушы аналардың әрекетін тек "эмоцияға берілгендік" дейді.

"Олар балалар білімді үйде алу керек және оны мектептегіден де артық алады деп топшылайды", – деді Жанна Меңдібаева.

Ол сондай-ақ Білім министрлігі дәлме-дәл талдау мен мониторинг жасауға селқостық танытып отырғанын алға тартты.

Министрліктің қарамағында екі сараптамалық институты болса тұрса да, әлі күнге дейін орта білім алушы балалардың нақты санын білмейді. Жанна Меңдібаеваның пікірінше, ҚР БҒМ қарамағындағы ақпараттық-сараптамалық орталық жағдайға талдау жүргізіп, тенденцияны сан жағынан басып озуы тиіс.

Бүгінгі күні орталық ресейлік білім беру жүйесіне тек мониторинг жасап, ол жайында ақпарат дайындаумен шектеліп отыр.

Бұл пікірмен ҚР БҒМ Экономика институтының аға ғылыми қызметкері Ильдар Дауранов та келіседі. "Үйден оқыту оңды, бірақ алдымен зерттеулер жасаудан бастау керек, ал оның кезеңі шамамен үш жылға жалғасады", – дейді спикер. Мәлімдеуінше, бұл тиімді болмақ және нәтиже әкеледі.

Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, биылғы оқу жылында еліміз бойынша шамамен 2,8 млн оқушы білім алуда. 7,5 мыңнан артық мектеп бар. Оның ішіндегі 7,2 мыңы – мемлекеттік, ал қалғаны жекеменшік болып табылады. Ауылдық жерлердегі мектеп саны – 5,5 мың, ал қаладағы мектептің саны  шамамен 2 мың болады. 

ҚР Парламент Мәжілісінің қаржы және бюджет жөніндегі комитетінің мүшесі, депутат Ирина Смирнованың айтуынша, бір балаға жылына орта есеппен 520 доллар жұмсалады. Егер ЭЫДЕ оқушыларға жұмсалатын шығынмен салыстыратын болсақ, онда бұл 1000 долларға аз. Бұл қаражат жеткіліксіз деп көрсетті депутат.

 Сапар Канапия, Алматы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу