Баланың тілі неге кеш шығады

8292

Маман себептерін түсіндірді. 

Баланың тілі неге кеш шығады

Педагог–психолог, эрготерапевт, сенсорлық интеграция бойынша маман Гүлнәр Толқынбаева пандемия салдарынан балалардың тілі кеш шығып жатқанын, балаға ұялы телефонды неге жиі бермеу керегін, баланы жастайынан жауапкершілікке үйрету маңызды екенін inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Маман COVID–19 пандемиясына байланысты балалар үйге қамалып, қоршаған ортамен байланысы үзілгенін айтады. Оның салдары енді біліне бастаған.

"Маған 2,5-3 жастағы балалар келіп жатыр. Олар коронавирус пандемиясы басталғанда 1,5 жаста болған. Кішкентайынан үйде өскен олардың қимыл–қозғалысы бұзылған. Балалар далаға шығуға қорқады, адамдармен сөйлесе алмайды. Сондай–ақ олардың тілі кеш шығып жатыр. Әсіресе, ұлдардың. Бұл мотор функциясының бұзылғанын көрсетеді. Олардың мүгедек болып, үйде отырып қалу қаупі бар. Сондықтан бұл мәселені қазірден шешу керек", – деді Гүлнәр Толқынбаева.

 "Жаңа дағдыларға ие болады"

Осыған байланысты эрготерапевт "Ақылды бала" сөйлеу қабілетін қалыптастыру және түзету орталығын ашқанын атап өтті. Оған дейін маман Израильде білімін шыңдаған.

"Биыл 2 сәуірде орталықты аштық. Біз психо–сөйлеу кідірісі, сөйлеу кідірісі, сенсорлық интеграция дисфункциясы, аутизмге шалдыққан балаларға көмектесіп жатырмыз. Мұнда 30 баланы ғана қабылдай аламыз, әр топта 10 баладан. Олар осында 3 айдан 9 айға дейін болады. Осы уақыт аралығында баланың тілі шығып, жаңа дағдыларға ие болады", – деді маман.

 "Дарынды балалар"

Гүлнәр Толқынбаева ата-аналар баланың дамуында кідіріс байқалса, оны уақытында білікті маманға қарату керегін айтты. Бұл баланың болашағы үшін маңызды.

"Бала дамымағасын оның тіл кеш шығады. Тіл – негізгі байланыс құралы. Кейін баланың сабақ оқуы қиындайды. Сондықтан бұл мәселені мектепке дейін шешу маңызды. Ол жастайынан қозғалып, адамдармен сөйлесіп үйренуі керек. Біз сенсорлық интеграцияның дисфункция мәселесін шешкеннен кейін баланың дарынды екенін байқалып жатыр", – деді эрготерапевт.

Ол бақылауында 300–ден аса бала болғанын, олар бүгінде мектепке барғанын атап өтті. Бүгінде олардың оқу үлгерімі жақсы екен.

"Миына зақым келеді"

Маман балаларға ұялы телефонды шектеулі уақытпен беру керегін жеткізді.

"Мен орталыққа келген аналардан "алғаш рет балаңызға ұялы телефонды қашан бердіңіз?" деп сұраймын. Сонда кейбірі сәбиіне 6-9 айда ұялы телефон бергенін айтады. Бұл дұрыс емес. Осы уақытта анасы сәбиімен байланыс орнатуы керек. Себебі, сәби таңертеңнен кешке дейін ұялы телефонды көре берсе, оның миына зақым келеді. Салдарынан тілі кеш шығуы мүмкін. Сондықтан балаға ұялы телефонды шектеулі уақытпен берген жөн. Ол 40-45 минуттан аспауы шарт", – деді Гүлнәр Толқынбаева.

"Бала барлығын өзі істеп үйренуі керек"

Эрготерапевт балаға аса қамқор болу да теріс деген пікірде. Себебі, баланың дамуында кідіріс болуы мүмкін.

"Орталыққа келген балалар жөргек (памперс) кимейді. Оны шешіп тастаймыз. Себебі, бала барлығын өзі істеп үйренуі керек. Мысалы,

4–5 жастағы балалар бізге жөргекпен (памперс) келіп жатыр. Бұл да проблема. Олар кіші және үлкен дәретке қашан бару керегін білмейді. Негізі 3,5 жастан бастап, баланы өздігінен дәретке баруға үйрету керек. Өзінің денесін басқарып үйренген баланың миы да тез дамиды", – деді маман.

"Шаңырақ" жаттығу кешені

Сондай–ақ Гүлнәр Толқынбаева Қазақстандағы Израиль елшілігінің көмегімен жаңа жобаны қолға алып жатқанын жеткізді.

"Елшіліктің көмегімен "Шаңырақ" жаттығу кешенін жасап жатырмыз. Ол ерекше балаларға ғана емес, коронавирус салдарынан үйде отырып, дамуы тежелген балаларға арналған. Бұл оларға көмектеседі деген үміттеміз. Жаттығу кешенін тамыздың соңында орталыққа әкелу жоспарда бар", – деді эрготерапевт.

Осы орайда маманның сөзін "Кішкентай" инклюзивті шеберханасының негізін қалаушы Гүльмира Пармышева толықтырды.

"Біз Гүлнәр Толқынбаевамен бірге жаттығу кешенін жасап жатырмыз.Ол түзету, дамыту орталықтарындағы балаларға арналған. Яғни оны жасау арқылы аутизм, сал ауруына шалдыққан және тілі кеш шыққан балаларға көмектескіміз келеді. Қыркүйекке дейін жаттығу кешенін жасап бітіреміз", – деп түйінді сөзін Гүльмира Пармышева.

Дәурен Ерболат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу