Балаңыз Ұлттық қордан ақша алуы үшін не істеу керек?

6342

Алдағы жылдың қаңтар айында барша қазақстандық баланың арнайы есепшотына мемлекеттен қаржы түсе бастайды. 

Балаңыз Ұлттық қордан ақша алуы үшін не істеу керек? Фото: inbusiness.kz

Бұл ретте Ұлттық қор Қазақстан азаматы саналатын әрбір жас ұрпақ өкіліне шамамен 300 доллардан табыс тапқаны анықталды. Тұтас бір жылғы төленетін барлық сома – осы ғана.

Сарапшылардың байламынша, Үкімет Ұлттық қор қаражатына қол сала бермей, ұқыпты қарап, ұтымды жұмсағанда, балалардың алатын қаражаты бұдан екі еседей көп болатын еді. Яғни, барша жасөскінге қиянат жасағанға ұқсайды.

Сенат депутаттары да осы мәселеге назар аудартты. Сенатор Сергей Карплюктің айтуынша, "Ұлттық қор – балаларға" президенттік бағдарламасы қабылданғалы қоғам Ұлттық қордың қаржысының жұмсалуына жіті көңіл бөле бастады. Содан оның активтерін биліктің тиімсіз басқарып отырғанын байқады.

"Мысалы, Ұлттық қорды қалыптастыру және пайдалану жөніндегі бекітілген есепте көрсетілгендей, 2022 жылы Ұлттық қор "Самұрық-Қазынаның" облигацияларын сатып алған. Артынша бұл құнды қағаздар оған табыс емес, керісінше, 60,8 миллиард теңге шығын әкелді. Бүгінде Үкіметтің шешімімен, Ұлттық қордың 1,5 триллион қаражаты қазақстандық инфрақұрылымдық жобаларға инвестициялана бастады. Бұл көптеген сұрақтар туғызуда. Біріншіден, неге "Самұрық-Қазынаның" облигациялары шығынды болып шықты? Екіншіден, шынында Ұлттық қордың қанша қаржысы қазақстандық акциялар мен облигацияларға салынған? Ол құнды қағаздар қандай шарттармен сатып алынған?", – деді сенатор.

Бұл сұрақтарға халықты, ауыл-аймақты аралайтын депутаттардың өзінде жауап жоқ болса, қатардағы қазақстандық тіпті беймағлұм болса керек. Жалпы, депутаттар "Үкімет ұлттық компанияларға және олардың жобаларына Ұлттық қор қаражатын инвестициялау арқылы шынында олардың қарызын жауып жатыр" деп күдіктенеді. Шенділер осы арқылы ұлттық компанияларды бюджеттен тыс қаржыландырудың қосымша көзін тауып алды.

Сөйтіп, триллиондаған қаражатты ел болашағы – балалардың аузынан жырып әкетуде. Оның үстіне әлгі астатөк қаражат сыйақы, бонустар түрінде "Самұрық-Қазынадан" бастап, қаптаған квазимемлекеттік сектор компаниялары менеджерлерінің қалтасына түседі.  

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мұны жоққа шығармады. Оның айтуынша, индустриалдық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қаржы жетпей жатыр.

"Шын мәнінде ұлттық әл-ауқат қорының облигациялары шығын әкелді. Себебі, Ұлттық қордан облигацияларды сатып алуға бөлінген және ізінше индустриалдық, инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға жұмсалған қаражат жеңілдікті ставкамен ұсынылды. Кредит немесе қаржы льготалы ставкамен бөлінгенде, оларды аудиторлар нарықтық ставкамен салыстырады. Нәтижесінде, шыққан айырма ұйымның, яғни Ұлттық қордың шығынына жатқызылады. Осылайша, шығын тіркеліп отыр", – деді Ұлттық банк басшысы.

Бірақ сарапшылар облигациялар бойынша қорға төленетін сыйақылар тіпті елдегі инфляцияны да өтей алмайтынын алға тартады. Еліміздің бас банкирі мұнымен келісті. Әйтсе де, мемлекет бұған амалсыздан барғанына нұсқады: әлемде Қазақстан үшін арзан кредит қалмапты.

"Біріншіден, әрине, облигациялар бойынша толық көлемде төленеді. Алайда соның өзінде анағұрлым төмен ставкамен төленеді. 8,7-8,8%-дай ғана. Екіншіден, қазіргі кезде дүниежүзінде, халықаралық қаржы ұйымдарында жоғары ставкалар кезеңі орнағанын атап өткен жөн. Салдарынан, дәстүрлі, стандартты нарықтық көздерден қаржыландыру қиындады. Сонымен бірге Қазақстанда инфрақұрылымдық дамуда объективті түрде алапат проблемалар бар, олар кейінге ысыруға төзбейді. Сол себепті Үкімет инфрақұрылымдық мәселелер бүгінде бәрінен басымдыққа ие деген шешім қабылдады. Тиісінше, жоғарғы ставкалар кезеңінде біз оның бәрін Ұлттық қордан қаржыландырдық", – деді Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, сарапшылар облигациялар бойынша қорға өтелетін ставкалардың мөлшерлемесін "нарықтық ставкаларға барынша жақындату қажеттігін" ескерткен. Тек сонда ғана Ұлттық қор шығынға батпайтын болады, табыс табады. Ұлттық банк ол ұстанымды қолдады. Алайда бұл тек ниет қана. Оны бекіткен нақты шешім жоқ.

Ұлттық қор "қуыс" облигацияларды триллиондап сатып алды

Өкініштісі сол, Ұлттық қордың балалардан, болашақтан тартып алынған қаражаттарына салынған инфрақұрылымдық жобалар – энергетикалық желілер, ЖЭО-лар, жолдар, зауыт-кәсіпорындар және басқасы жекешелендіріліп, олигархтардың иелігіне көшеді. Өйткені мемлекет экономикадан кетіп, бизнестегі үлесін азайту үстінде.

Экономист Марат Ерғозин сарапшылық жиындарының бірінде Ұлттық қор (ҰҚ) сонау 2009 жылдан бері сатып алған шығынды құнды қағаздар миллиондап, миллиардтап емес, триллиондап саналатынын айтқаны бар. Билік сол арқылы банктерді дағдарыстан шығарды, күйзеліс кезінде бюджеттің жыртығын жамады. Банк секторын құтқару үшін билік Ұлттық қордың қаражатын су тегінге – 0,03-3% аралығындағы өте төмен ставкамен үлестірген. Ол қаражаттар қорға кері қайтпапты.

Ұлттық банктің ресми дерегінше, бүгінде Ұлттық қордың балансында осындай шамамен 3 триллион облигация бар. Олар Ұлттық қор иелігіндегі бүкіл құнды қағаздардың 5,46 пайызын құрайтын көрінеді.

Бірақ сарапшылар алда оның үлесі тек арта беретінін болжады. Себебі, АҚШ Федералдық резервтік жүйесі (Federal Reserve System) 2023 жыл аяқталғанша базалық пайыздық ставканы тағы да екі рет көтеріп үлгеруі мүмкін. Америкада инфляция бой бермей тұрғандықтан, FRS 2022 жылғы наурыздан бері және биылғы барлық дерлік отырысында ставка диапазонын өсірумен келеді.  

Демек, шетелден, халықаралық ұйымдардан тартылатын несиелердің сыйақы ставкалары да қымбатқа түседі.

"Ұлттық қор қаражаты нарықтық емес ставкалармен берілді. Ол облигациялардың номиналды құны шамамен 3 триллион теңге тұруға тиіс. Алайда біз аудиторларға есеп бергенде, олардың құны небары 1 триллион теңгедей ғана болады. Бұл – өте үлкен айырма. Ең дұрысы, мемлекет қаржы көздерін тікелей нарықтан табуы керек, ал Ұлттық қорға тек соңғы кезекте ғана қол салуы қажет. Мысалы, нарықтық қаржы көздерін тарту мүлдем мүмкін болмаған жағдайда ғана", – деп сырғытты Тимур Сүлейменов.

Қордың басты табысын шетелдік, валюталық инвестициялар әкеліп отырғаны анықталды.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекованың айтуынша, алдын ала деректерге сәйкес, Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі өткен қараша айында шамамен 2,3 миллиард долларға ұлғайыпты. Бүкіл әлемде ставка атаулы өсіп жатқанда, тек жалқаулар мен қырсыздар ғана табыс таба алмас еді. Осының арқасында Ұлттық қордың жалпы активтері қараша айының соңында 58,6 миллиард долларды құрады.

"Қараша айында "FRS жақын арада өзінің ақша-кредит саясатын жеңілдете бастайды" деген сенімге сай инвесторлар арасындағы оптимизм өсті. Осылайша, акциялар, облигациялар, сондай-ақ алтын нарықтарындағы ралли Ұлттық қордың қараша айындағы инвестициялық кірісіне оң әсер етті. Қарашада Ұлттық қордағы валюталық активтердің шамамен 1,1 млрд долларға өсуіне валюталық түсімдер де қосымша фактор болды. Олар мұнай-газ секторы компанияларының салық төлемдеріне байланысты айтарлықтай артты", – деп растады Әлия Молдабекова.

Жалпы, 2023 жылдың 11 айында Ұлттық қорда 4,4 миллиард доллар мөлшерінде оң инвестициялық табыс қалыптасты.

Салыстырсақ, Норвегияның Мемлекеттік зейнетақы қоры (Мұнай қоры) 2023 жылдың бірінші жартысында 143 миллиард доллар табыс тапты. Яғни, Қазақстанның Ұлттық қорының бүкіл активтерінен 2,4 есе көп қаражатты алты айда тапты. Өйткені Норвегия қоры "биыл негізінен әлемдегі жоғары технологиялы компаниялардың акцияларына белсенді инвестициялау арқасында мол табысқа кенелді".

Қордан ақша алу үшін биыл не істеу керек?

Өз кезегінде "Ұлттық қор – балаларға" жобасының операторы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры келесі жылы балалары Ұлттық қордан ақша алуы үшін ата-аналар биыл не істеп үлгеруі керектігін жариялады.

2006 жылы және одан кейін туылған балалардың ата-аналары, қорғаншылық, қамқоршылық тағайындалған балалардың заңды өкілдері "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасына қатысуды кепілді түрде қамтамасыз ету үшін бүгінде мынаны жасауы қажет:

  • баланың жеке басын куәландыратын құжатын және жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) алуға тиіс. Бұл балалардың азаматтығын айқындау үшін керек екен: шет елдердің азаматтығына кіріп үлгергендерге берілмейді.
  • БЖЗҚ, Электронды Үкімет порталдарында баланың деректеме-реквизиттерінің бар-жоғын және дұрыстығын тексеру: кәмелетке толмаған баланың толық аты-жөні, туған күні, ЖСН, азаматтығы дұрыс жазылып тұрғаны жөн.
  • "Электрондық үкімет" веб-порталындағы Жеке кабинетінің "Балалар туралы мәліметтер" бөлімінде өзінің балалары туралы мәліметтердің бар-жоғын тексеруге тиіс. Әйтпесе, кейбір ата-аналардың атына бөтен баланың жазылып кеткені әшкереленуде.

БЖЗҚ-ның интернет-ресурсында баланың ЖСН-і бойынша оның "нысаналы талаптарға қатысушылар санатына" (Ұлттық қордан қаржы алушыларға) енгізілгенін, қатысушының нысаналы талаптарының (төлемінің) жалпы сомасы, сондай-ақ, нысаналы жинақтарды алушылар туралы мәліметтерді тексеруге болады.

Барлық баланың нысаналы жинақтау шоттары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) болады. Барлық төлем долларда жинақталады және аман болса, бала 18-ге толғанда ғана беріледі.

Ата-аналар egov.kz порталындағы Жеке кабинетіне кіріп, "Балалар туралы мәліметтер" бөлімінде әрбір жыл үшін есептелген нысаналы талаптар (төлемдер) мен оған әр жылы есептелген инвестициялық кірістің сомалары туралы деректерді біле алады.

Балалар 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражатты екі мақсатқа – тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және білім алуға ақы төлеу үшін пайдалануға болады. Оны уәкілетті операторлар, яғни "Қазпошта" АҚ және екінші деңгейдегі банктер арқылы іске асыруға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу