Баласын далаға ақшасыз шығаратын ата-аналарды жазалау басталуы мүмкін

17504

Балаларға мейірімсіз автобус жүргізушілері мен бақылаушыларға да тықыр таянды.

Баласын далаға ақшасыз шығаратын ата-аналарды жазалау басталуы мүмкін Фото: fotostrana.ru

Жол ақысын төлемеген балаларды автобустан түсіріп тастау деректері ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерді жиі шулатып жүр.

Ақтауда 24 ақпанда, яғни қақаған қыста №5 маршрутіндегі автобус жүргізушісі жаттығудан жалғыз оралған 13 жасар баланы қала шетінде тастап кеткен.

Приморский кенті тұрғынының шағымдануынша, бала телефонда ойнап отырып, аңдамай, өз аялдамасын жіберіп алыпты. Содан қала сыртындағы ақырғы аялдамасына жеткен автобус жүргізушісі әрі қарай жолаушыларға салон ішінде отыруға болмайтынын алға тартып, жасөскінді әскери бөлімнің ар жағында, жолайрыққа қалдырып, жайына кеткен. Үскірік аязда қатып қалмау үшін автобус ішінде отыра тұрып, онымен кері оралуға рұқсат етуді қиыла сұраған оқушыға оның жүрегі жібімеген.

"Ұлымның қолында ұялы телефонының болғаны жақсы болды, әйтпесе, мұның соңы қалай аяқталатыны белгісіз еді. Оның орнында телефоны жоқ бала немесе бастауыш сынып балдырғандары болса, масқара емес пе? Мен интернеттегі әртүрлі сайттардан іздеп, маршрут диспетчеріне қоңырау соқтым, бірде бір нөмірі жауап бермеді. Әкімдікке хабарлассам, көліктік бақылау бөліміне сілтеді, ондағылар басқа нөмірге хабарласуға кеңес берді. Ол нөмірде де ешкім жауап бермеді. Ақырында такси жалдап, баланы өзіме алып кетуге тура келді", – дейді баланың анасы.

Кейін әкімдік тексеру жүргізіп, айыптыларды жауапкершілікке тартқан.

Мұндай оқиғалар сирек емес, еліміздің әр өңірінде күн сайын дерлік қайталанады. Қоғам назарына тек әлеуметтік желіде жарияланған, дау-жанжалға ұласқан оқиғалар ілігеді.

Былтырғы қыркүйекте қарағандылық әйел баласын №3 автопарктің контролері Қарағандыдағы трассаның бойында тастап кеткеніне шағымданды. Баланың карта бойынша төлемі өтпей қалыпты. Тексеріспен кірген бақылаушы істің мәнісіне терең бойлағысы келмей, "қоян" деп таниды. Бала жыламсырап, кінәсі жоғын түсіндірмек болыпты, тексеруші әйел оны тыңдамай, айғайға басып, әй-шәйға қаратпастан, автобустан қуып шыққан.  

Ауыл-аймақта балалардың үлкен бөлігі жергілікті мектептерде орын жетіспегендіктен, ауылдан қалаға, тіпті қаладан қала маңындағы кенттерге қатынап оқиды. Білім ордалары мектеп автобусымен жабдықталмағандықтан шәкірттер маршруттік автобустармен өз бетінше, ақы төлеп сапарлауға мәжбүр.

Қазақстанда заң бойынша мектеп оқушылары автобустарда жолақысын төлеуден босатылған. Алайда бұл жеңілдік тек сол қалада тұрақты тіркелген балаларға ғана беріледі. Оның үстіне қала сыртында жарамайды. Яғни, қалтасынан ақша шығаруға міндетті. Осы кілтипандардың, кемшіліктердің бәрі балалардың автобустардан шығарылып тасталуына себепкер болады.

Мысалы, Қарағандыда аталған №3 автопарктің өкілдері оқиғаға ата-аналардың өзін айыптап, оларға балаларының карталарында үнемі ақша болуын бақылауға кеңес беріпті. Автопарктің ұстанымынша, "контролерлардың міндеті – билетсіздерді әшкерелеп, ақы төлеуін талап ету, оны жасамағандарды автобустан шығару". Заң алдында бәрі тең дегенге келтірген. Қоғамдық қатаң сыннан кейін бұдан былай бақылаушылардың балаларға түсіністікпен қарайтынына уәде етіпті.

"Бақылаушыларымызға: "автобустардан билетсіз оқушыларды жаппай түсіріп тастаңдар!" деген міндет қойған жоқпыз. Олар кәмелетке толмаған жолаушылар арасында жол ақысын төлеудің қажеттілігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен бірге мұндай жағдайды біржақты қарауға болмайды. Ата-аналар да өз балалары үшін жауапкершілік арқалауға тиіс. Егер балаңыз қоғамдық көлікті пайдаланатын болса, онда оның картасын тексеріп отырыңыз және тұрақты түрде толтырыңыз. Бұл тіпті де қиын емес қой!", – деп мәлімдеді қарағандылық №3 автопарктің өкілдері.

Айтқандай, билік – Парламент депутаттары мен құзырлы органдар да енді балаларына жеткілікті көлемде "қалта қаржысын" бермейтін ата-аналарды жазалауға ниетті.

Ақпан айының соңында Мәжіліс депутаттары тиісті заңнамалық түзетулерді – "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" негізгі заң жобасын және "ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда, концептуалды түрде қабылдады. Бүгінде оны екінші оқылымда құптауға әзірленуде.

Заң жобалары балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлеріне қатысты жазаны қатайтады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуші нормаларды қарастырады. Мұны депутаттар да, сарапшылар да қолдап отыр.

Соның аясында бұл жобаға сәйкес, Қазақстанда жазаның жаңа түрі енгізілмек. Нақтылағанда, кәмелет жасқа толмағандарды қоғамдық көліктен түсіріп тастау үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылады.

Бірақ бірнеше гәп бар. Біріншіден, егер балаға ілескен заңды өкілі, ата-анасы, ересек аға-әпкесі болса, оларды тегіс түсіріп тастауға рұқсат етілмек. Заң жалғыз жүрген жас баланы автобустан қууға ғана тыйым салады.

Екіншіден, мәжілісмендер "құп!" дегенімен, бұл нормалардың өмірде қалай орындалатынын өздері де түсінбейтінін мойындады. Себебі, заң жобасында кімнің жаза тартатыны нақты жазылмапты: автопарк пе, жүргізуші ме, кондуктор ма, әлде баласын ақшасыз жібере салған ата-ана ма? Бұл тұрғыда жауапты органдардың ұстанымы әлден бір-біріне қайшы келе бастағандай.

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан құжатты екінші оқылымға дайындау аясында, жұмыс тобында бұл мәселе тағы пысықталуы мүмкін екенін болжады. Ең маңыздысы, автобустарда "эпидемиядай" белең алып бара жатқан жас ұрпаққа мейірімсіздік кеселіне тосқауыл қою.

"Үлкен қалаларда, әсіресе қыс мезгілінде балаларды автобустан түсіріп кету жағдайлары жиіледі. Кішкентай балалардың кейде қаржысы жетпей қалып жатады. Мұның соңы үлкен салдарға, қайғылы оқиғаларға соқтыруы мүмкін. Ең құрығанда, бала жаурап, тоңып, ауырып қалады. Егер қараңғы кезде түсіріп тастаса, басқа қауіп-қатерлерге ұшырамасына кепіл жоқ. Сондықтан мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында осындай норма енгізіліп отыр. Министрлік бұл норманы қолдайды. Бұл жерде жауапкершілік сол көлік ішіндегі кондукторға және көлік жүргізушіге, яғни баланы мінгізіп-түсіруге жауапты тұлғаларға қатысты болады", – деп нақтылады Оқу-ағарту вице-министрі.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мұндай жағдайға жеткізгені үшін ата-аналар да жазалануы мүмкін екенін ескертті.

"Біріншіден, заң жобалары бойынша жұмыс тобының отырыстарында бір жайт бойынша айқындалып алдық: әкімшілік жауапкершілік тек қана 14 жасқа дейінгі балаларға таралады. Одан ересектері үлкендер сияқты қарастырылады (Қазақстан бойынша билет құнын төлемей жүру үшін 5 АЕК немесе 2024 жылы 18 460 теңге айыппұл салынады). Кішкентайларды түсіріп кету үшін біз жүргізушілер мен кондукторларды жазаға тартамыз. Дегенмен, егер ата-аналар тарапынан да құқық бұзушылық жасалған деп санасақ, айталық, олар жолақысын төлеуі үшін балаларына тұрақты түрде қаражат бермейтін, ата-аналық міндетін орындамайтын болса, онда біз ата-анасын да жауапкершілікке тарта аламыз", – деді Игорь Лепеха.

Оның айтуынша, соған мүмкіндік беретін бап қолданыстағы заңнамада бар.

"Қалай болғанда, жағдайға қарай қараймыз. Менің ойымша, бұл баптың жақсы профилактикалық әсері болады. Түптің түбінде, әлгіндей масқара оқиғаларды тыюымыз қажет", – деді ІІМ басшысының орынбасары.

Бұл шара ата-аналардың жазаланудан қорқып, үскірік аяз, ақырған ақтүтек боранда баласының далада қалуы дерегін қоғамнан жасыруына соқтырмас па?

Өз кезегінде автобус жүргізушілері "айран ішкен құтылар, шелек жалаған тұтылардың" кері келе ме деп алаңдайды.

"Кейінгі кезде автобусқа кіргеннен кейін ашықтан ашық, қыр көрсетіп, жол жүру құнын төлемейтін "наглый" адамдар көбейді. Бұқара билет құнының көтерілуіне осы арқылы қарсылығын білдіретіні құпия емес. Бірақ бұған біздің кінәміз не? Содан кондукторлар мен контролерлер көбіне, түсіністік танытып, төлемегені үшін ұсталып қалғандарды полицияға сүйремейді, карталарын жинап, валидаторға өзі басып шығады. Егер "қояндар" көбейсе, түсім кемісе, оның бәрін жалақымыздан ұстап қалады. Содан шамалы қаталдық танытуға тура келеді. Неге билік осы заңымен автобус парктерін жазаламайды? Олар жергілікті шенділермен ауыз жаласқан, биліктің өз өкілі", – деді қарағандылық жүргізуші Вадим.

Ол тасжүректік танытатын бірлі-жарымы болмаса, негізінен, балаларға түсіністік танытуға тырысатындарын жеткізді. Жүргізушілер мен бақылаушылар онсыз да екі оттың ортасында тұрғанына налыды: жол жүру құнының қымбаттағаны, автобустар салонының суықтығы, маршруттегі көліктердің аздығы және басқа проблемалар үшін халық өз қаһарын соларға төгеді. Жүргізушілерді, контролерлерді жолаушылардың балағаттаған, сабап тастаған жағдайлары аз емес.

Салдарынан, адамдар бұл қызметтерден жиі кетіп қалады, кадр тапшылығы ушықты. Олар Мәжілістің жаңа нормасын "қудалауды күшейту" деп санайды. Өйткені, автобус жүргізушілерінің айтуынша, қоғамдық көліктердің бәрі бірдей бақылау камераларымен жабдықталмаған. Салдарынан, жанжалшыл, не пайдакүнем ата-ана "баланы түсіріп тастады" деп жала жапса, аузын жабуы үшін "өтемақы" талап етсе, жүргізушінің не бақылаушының кінәсіздігін дәлелдеу қиын болады. Оның үстіне мұндай әкімшілік жазаға тартылған қызметкерді бірде бір автопарк жұмысқа алмайды.

Бұл тұрғыда проблема барын Көлік министрі Марат Қарабаев мойындады. Оның мәліметінше, Қазақстанда автобус жүргізушісі мамандығы бойынша білім алушылардың саны 20 есеге азайған.

Саладағы тапшылықты шамалы "жабу" үшін Үкімет бұрын-соңды болмаған шетін шараға барғалы тұр: автобус жүргізуші болуға үміткерлерге қойылатын талапты күрт жұмсартпақ.

Марат Қарабаев өткен жылы бірқатар өңір "автобус жүргізушісі болу үшін жұмыс өтілін-стажын азайту және D санатындағы жүргізуші куәлігін алу үшін жас шектеуін төмендету" мәселесін төтесінен қойғанын айтты. Содан министрлік тиісті өзгерістер 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында күшіне енетініне уәде етіпті.

Алайда, Мәжіліс депутаттары министрліктің бұл бастамасын қолдамай тастады. Сондықтан министрлік "қайта шабуылдап", Парламент басшылығына ұсынысымен қайта кірген және соған табандаған.

"Біз бірінші жартыжылдықта Мәжілістен өтіп, тамыз айына дейін мәселені түбегейлі шешеміз деген үміттеміз. Атап айтқанда, автобус жүргізуші болуды қалайтындар үшін жас көрсеткіші 23 жасқа дейін төмендетіледі, D1 санатында талап етілетін жүргізуші өтілі қазіргі 3 жылдан 1 жылға дейін кемітіледі. Әлбетте, мұнымен мәселе толықтай шешілмейді, дегенмен әзірге осы ғана", – деп қол жайды Көлік министрі.

Ведомство талдау жүргізіпті. 2014 жылы жаңа талаптар күшіне енгенге дейін, D санаты бойынша 3 жыл бойы 84 мың адамнан автобус жүргізушісіне оқыған. Талаптар қатаңдатылған соң автобус жүргізушісі біліктілігі бойынша оқитындардың саны 4 мың адамға дейін құлдырады.

Марат Қарабаев осы "апаттық" көрсеткішті Мәжіліс төрағасына көрсеткенін айтады, сонда ғана депутаттар түсіністік танытып, қолдау көрсетіпті.

Бірақ Мәжілістің осы "шикілеу", тек жүргізушілерді, кондукторларды және бақылаушыларды жазалап, автопарктерге жауапкершілік жүктемейтін заңнамалық түзетулері Қарабаевтың "проблеманы шешу" жоспарына тұтқиылдан соққы беруі ғажап емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу