banner

Елді дүрліктірген 5-бап

11225

Былтыр 23 қыркүйекте Мәжіліс депутаттары "Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" және оған ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. 

Елді дүрліктірген 5-бап

Әзірше құжат Мәжілістің екінші оқылымында талқыланып, Сенаттың сүзгісінен өткен жоқ. Осыған қарамастан бірқатар ақындар үндеу жариялап,  әйелдер митингіге шықты.  

Бұл аз десеңіз, қоғам белсенділері мен блогерлер һәм әншілер мен әртістер заңға қарсы пікір білдіріп, заңгерлер уәж айтты.  Тіпті халық арасында онлайн-петиция  ұйымдастырылып, заң жобасына қарсы қол жиналды. Осының барлығына қолданысқа енбеген заң жобасының кейбір баптары мен тармақтары түрткі болды. Қоғамдық резонанс туғызып жатқандардың пікірінше, "Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" заң жобасы ата-ана мен бала арасына іріткі салып, отбасы институтының құтын қашырады. 

Құжатта көрсетілгендей, отбасылық зорлық-зомбылықтың экономикалық, психиологиялық, физикалық түрі бар. Ата-ана баласына ұрысса –психологиялық, қол көтерсе – физикалық, әлеуметтік жағдай жасай алмаса –экономикалық қысым көрсеткен болады. Шынымен осылай ма әлде басқаша ма, тап басу қиын. Алайда қоғам заң жобасын осылай түсініп, осылай қабылдап жатыр. Бұған қоса заң жобасында қолданылған "жыныстық еркіндік" деген ұғым жұрттың жағасын ұстатып отыр.

Заң жобасының "Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл қағидаттары" деген бөліміндегі 5-бап қалың көпшіліктің төбе шашын тік тұрғызды.

Осы баптың 11-тармақшасында: "Адамның құқықтары мен бостандықтарына қысым жасайтын және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ықпал ететін әдет-ғұрыптар мен дәстүрлерді болғызбау" деген сөз бар. Заңға қарсы шыққандар құжат қабылданса, ер балаларды сүндетке отырғызу рәсіміне тыйым салынуы мүмкін, себебі бұл рәсім отбасылық зорлық деп танылуы ғажап емес деген болжам жасап отыр. Бұл болжам қаншалықты қисынды? Бұл жағы бізге беймәлім.

Бір жыл бұрын мәжілістің мінберінен мәлімделгендей, "Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы" заң жобасы еліміздегі отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-шараларды жетілдіруді көздейді. Құжат отбасылық зорлыққа қарсы мемлекеттік саясаттың құқықтық, институционалдық, ұйымдастырушылық және әлеуметтік бағыттарын жетілдіреді және жауапты органдардың құзыретін нақтылайды. 

"Президенттің тапсырмасына сәйкес, депутаттар бастамашы болып, осы заң жобасы әзірленді. Құжаттағы жаңа нормалар ел, халық, қоғам болып отбасындағы жанжалға қарсы күресуге мүмкіндік береді. Бұл халқымыздың денсаулығы, өмірі және балаларымыздың болашағы үшін өте маңызды мәселе, өте маңызды заң", – деді құжатқа қатысты пікір білдіргенде мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин. 

Спикердің сөзінше, заң жобасы отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендердің құқығын және қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. 

Мәжіліс депутаты Ирина Унжакованың мәлімдеуінше, Қазақстан Республикасының "Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы" қолданыстағы заңы 2009 жылдан бері енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға қарамастан, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл қоюға қауқарсыз. 

"Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы" деген атауына қарамастан, қолданыстағы заң нормалары көбіне болған оқиғалар мен солардың салдарын анықтауға бағытталған. Тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің статистикалық есебі мен мониторингі жүйеленбеген. Бұл өз кезегінде қоғам болып күресіп жүрген әлеуметтік әлімжеттіктің нағыз зардабын түсінуге мүмкіндік бермейді. Қолданыстағы заң бойынша мәселені шешуде орталық мемлекеттік органдардың, құқық қорғау органдарының және қоғамның рөлі нақтыланбаған. Заңда отбасында зорлық-зомбылықты болдырмау жөніндегі барлық жауапкершілік пен ауыртпалық ішкі істер органдарына жүктелген. Ал басқа орталық органдардың профилактика субъектілері ретіндегі рөлі ведомствоаралық өзара іс-қимылға ресми қатысумен ғана шектелген. Оның үстіне органдар арасындағы өзара байланысты жүзеге асыру мен үйлестірудің құқықтық тетігі реттелмеген", – деді депутат. 

Қоғам белсендісі, заңгер Анатолий Кимнің өз уәжі бар. Ол: "Әке, ер жігіт, осы елдің азаматы ретінде аталған заң жобасында ұсынылған нормаларға түбегейлі қарсымын. Сіздер бұл заң жобасымен оқып таныстыңыздар ма? Көп адам заңның мәтінін оқымайды. Парламентте не қабылданып жатқанын білмейді. Алайда мәселе балалардың құқығына келген кезде қоғам бірден өре түрегелді. Сіздер бір нәрсені түсініңіздер, мен әйелдерге зорлық-зомбылық көрсетуге қашанда қарсымын. Әйелдерді қорғауға әрқашан дайынмын. Ата-аналарымыз бойымызға сіңірген құндылықтармен өмір сүруіміз керек. Ата-ана, отбасы ұғымдары қашанда қасиетті. Оған ешқандай шетелдік ұйымдардың қол сұғуына құқығы жоқ", – деді. 

Оның пікірінше, заң жобасы қазақ халқының дүниетанымы мен дәстүріне қайшы. Себебі заң сыртқы күштердің ықпалымен жазылған. 

"Мен бұл заң жобасында мемлекеттің балаларға қалай көмектесетінін, отбасылық-тұрмыстық мәселелерді қалай шешетінін көр¬гім келген. Оны көре алмадым. Қонақ келгенде, дастарқанға қояр дәм-тұзы болмаса әр қазақ ұялады. Сол кезде қонақ өз тамағын ала келеді. Бұл да дәл сондай жағдай. Шетелдік "қонақтар" келіп, сіздерге жаңа заң енгізгіміз келеді дейді. Сіздерде бұдан былай отбасы құрылымының моделі вертикалды емес, горизонталды болады деп таңырқатады. Яғни әке баланы емес, бала әкені тәрбиелейді деп түсінік-танымымызды төңкеріп тастағылары келеді. Неліктен Батыс мемлекеттері бізге өздерінің "заманауи әлемін" таңуға тиіс? Біздің өз әлеміміз, түсінік-танымымыз бар емес пе?! Біздің еліміз бен жеріміз қашанда құрметке лайық", – деді Анатолий Ким. Ал "Немолчи" қозғалысының жетекшісі Дина Таңсәрі заң әлі қабылданбағанын, артық-кем тұстары екшелетінін, заң жобасын әзірлеуге мамандар 4 жыл уақыт жұмсағанын жариялады. 

Дәл осы тұста 4 жыл жазылған заңнан осындай шу шығып жатса, басқа заңдар қалай жазылып, қалай орындалып жатыр екен деген сұрақ туады. 

"Немолчи" қозғалысы өз тарапынан заң жобасына 28-бап бойынша өзгеріс енгізуді ұсынды. Бұл жобаның артында Батыстың тыңшылары тұр деген әңгіме сандырақ. Заң жобасын өз ісін жетік білетін сарапшылар жазып шықты. Заң жобасы қазақ халқының дүниетанымы мен дәстүріне қайшы емес. Ата-анасы баласына қастық жасап, қылмысқа барғанда ғана ата-ана құқығынан айрылады. Әке-шешесінің бірі ұзақ уақыт алимент төлемей, ата-ана ретіндегі міндетін атқармаған жағдайда ғана баласын көрмейді. Мұның бәрі бұрыннан бар. Ал өзгесі қауесет. Ата-анасы ұрысса, мемлекет баласын тартып алады деген де бос сөз", – деді Дина Таңсәрі. 

Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркина халық заң жобасын дұрыс түсінбей жатыр деп санайды.

"Өкінішке қарай, талқыланып жатқан заң жобасының жекелеген нормаларын қате түсіндіретіндер бар. Мысалы, "жыныстық еркіндік", "экономикалық зорлық-зомбылық", "психологиялық зорлық-зомбылық" ұғымдарына қатысты теріс пікір қалыптасқан. Бұл ұғымдар заңнама үшін жаңалық емес. Қолданыстағы "Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы" 2009 жылы қабылданған заңдағы 4-бапта "жыныстық еркіндік" деген сөзбен бірге, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың барлық түрі көрсетілген. Енді, осы ұғымдардың болуы "олардың жыныстық еркіндігіне қысым жасау" себебінен қанша қазақстандық отбасынан балаларды тартып алуға мүмкіндік берді? Сондай-ақ "жыныстық еркіндік" – отандық заң әдебиетінде және қылмыстық құқық теориясында қолданылатын қалыптасқан заңды термин. Тиісінше, жыныстық еркіндікті қоғамға тән емес азғындық термин деп бекіту – тұрмыстық философиялық пайымдау", – деді депутат. 

Оның сөзінше, осы терминнің заң жобасында бекітілуі дау туғызуы мүмкін екенін ескеріп, жұмыс тобы "жыныстық зорлық-зомбылық" ұғымының заңды анықтамасынан "жыныстық еркіндік" деген сөзін алып тастаған. 

"Кейбіреулер балаларды басқа отбасына асырауға береді деген пікір айтып жүр. Балаларды балалар үйіне беру оңай шаруа емес. Бұл үшін салмақты себеп болуы керек. Ол үшін баланың шынымен жақын туыстары жоқ екенін немесе ата-анасы ата-ана құқығынан айрылғанын растау қажет. Қамқоршылық және қорғау органдарының міндетті қатысуымен тиісті сот рәсімдерінен өтуге, барлық қажетті құжатты жинауға тиіс. Сондықтан үрей туғызудың қажеті жоқ. Біздің мақсатымыз – отбасылық құндылықтарды бұзу емес, орын алған проблемаларды шешуде кешенді тәсілді енгізуге бағытталған тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасының қолданыстағы тетіктерін жетілдіру арқылы көмекке мұқтаж адамдарды қорғау. Өкініштісі, кейбіреулер заң жобаларында жоқ мәселелерді айтып, халықты шатастырып жүр", – деді Айгүл Нұркина.

Қанат Махамбет 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу