Балқаш ЖЭС-і жобасының күлі көкке ұшты

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4087

Балқаш жылу электр стансасының жобасы капиталды қайтару мәселесі салдарынан тоқтатылды.

Балқаш ЖЭС-і жобасының күлі көкке ұшты

Бұл туралы бүгін журналистерге сұхбат берген энергетика министрінің орынбасары Бақытжан Жақсалиев мәлімдеді. Оның айтуынша, жоба қатысушылары әлі күнге дейін бұл мәселенің шарттарын реттей алмауда.

Жоба орындаушысы ретінде Қазақстан Республикасы тарапынан "Самұрық-Энерго" ұлттық компаниясы, ал Оңтүстік Корея Республикасы тарапынан – екі бірдей компания, соның ішінде Samsung бекітілген.

"Бүгінде бұл мәселе капиталды қайтару мәселесінің реттелмеуі кесірінен тоқтатылып қойылды. Салдарынан, Балқаш ЖЭС-інің жобасы қазір "ауада ілініп" тұрған жағдайда. Ол бойынша ақырғы шешім қабылданған жоқ", – деді энергетика вице-министрі.

Ол жобаны қаржыландыру акционерлердің жарғылық капиталынан жүзеге асырылуға тиістігін де атап көрсетті. Нысанның инфрақұрылымын салуды, соның ішінде сумен қамтамасыз ету және электрмен жабдықтау жүйелерін құруды да, вахталық кентті ұйымдастыруды да солар іске асыруға міндетті болатын. Әзірге тек дайындық кезеңі, яғни стансаның нөлдік циклы ғана жасалыпты.

Бақытжан Жақсалиев Балқаш ЖЭС-і жобасы бойынша Қазақстан Оңтүстік Кореямен үкіметаралық келісім бекіткенін және ел үкіметі өз міндеттемелерін баяғыда-ақ орындағанын алға тартты.

Кезінде Балқаш ЖЭС-і Қазақстан мен Корея достығының символына баланған-тын. Мәселен, аталмыш жобаға жолдама беру үшін осы елдің президенті Ли Мён Бак елімізге екі рет арнайы келген.

Кейбір басылымдар жазғандай, әуелде Балқаш көлі бойындағы бұл жобаға Қытай халық республикасы зор қызығушылық білдіріпті. Бірақ оның қойған талаптары шошытқан деседі: олар алып станса құрылысын тек қытайлық жұмысшылар салып, ары қарай да оны қытайлық мамандар пайдаланады деген шарт қойған деседі. Осының шет-жағасы шығысымен ел алаңдап, "Балқаш жағасына ханзу қаптайды" деп, қазақ тілді басылымдар дабыл қақты. Бірақ кейін таңдау корейлерге түсті. Оңтүстік Корея озық технологиясымен қытайлықтардың алдын орап кетіпті. Бұл қоғамдағы жобаға қатысты қырғи-қабақ көзқарасты біраз жұмсартты.

Алайда артынша бұл жобаға сарапшылар мен отандық мамандар алаңдаушылық білдіре бастады. Олардың дабылға толы дәйектемелері тіпті парламентке дейін жеткен.    

Сол тұста сенат депутаты болған Светлана Жалмағамбетова үкіметтегі жауапты тұлғаларға қайырылып, түйткілді мәселелерді термеледі. Ол айтқандай, бұл станса улы қалдығы көп Екібастұз көмірімен жұмыс істейді деп жоспарлануда, сол себепті мамандарды оның табиғатқа ықпалы толғандырады. Бұл ретте жылына 2 миллион тонна күл шығарылуы ықтимал деседі.

Әйткенмен, сол кездегі үкімет басшысының орынбасары-индустрия және жаңа технологиялар министрі болған Әсет Исекешев депутаттардың алаң көңілін басуға тырысты:

"Бұл жобаны әзірлеу кезінде экология мәселесі ең бастыларының бірі болды. Ең құрығанда, бір параметрі экологиялық заңнамаға сәйкес келмесе, жоба жүзеге асырылмайды. Осы жобаны корейлік әріптестерімен бірге жүзеге асырушы "Самұрық-Энерго" 3 жыл бойы экологиялық мәселелерге зор көңіл бөле отырып, жұмыс жасады. Онда ең заманауи технологиялар қолданылады. Оның қалдығын қайта өңдеу, қалдықты сақтау жобада ескерілген", – деген Әсет Өрентайұлының сөзі есімізде.

Сол кезде "Самұрық-Энерго" директорлар кеңесінің төрағасы болған Алмасадам Сатқалиев күлдің цемент өндірісінде пайдаланылатынын алға тартып еді. Балқаш ЖЭС-і 20 жыл жұмыс жасаса, барлығы 40 миллион тонна күл шығарады. Сондықтан жобада сол күлден цемент өндіретін технологиялық желі орнату да көзделген.

"Күлді кәдеге жарату үшін ең заманауи сүзгілер қолданылады, олар қатты бөлшектердің ауаға, біздің нормалардан бес есе артық еуропалық экологиялық параметрлерге сәйкес, аз шығарылуын қамтамасыз етеді. Күлдің бір бөлігі – жылына 1,8 миллион тоннасы құрылыс саласының қажеттілігіне пайдаланылады. Бұл үшін әкті-күлді цемент өндіретін технологиялық желі тұрғызылады, оған жылына 1,33 миллион тонна күл кетеді. Күлді-керамикалық кірпіш шығаратын технологиялық желі салынады, ол жылына 120 миллион кірпіш жасап, 228 мың тонна күлді кәдеге жаратады. Сонымен қатар күлді-бетондық бұйымдар өндірісі бойынша технологиялық желі салынып, 237,6 мың тонна күл жойылады", – деген еді сенаторларға Алмасадам Сатқалиев.

Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне арнайы "Күлді мемлекеттік ауқымда кәдеге жарату бағдарламасын" әзірлеу туралы тапсырма да беріліп еді.

Осыған қанағаттанған парламент "2011 жылғы 25 тамыздағы Қазақстан үкіметі мен Корея үкіметі арасындағы Балқаш жылу электр стансасын дамыту, қаржыландыру, жобалау, салу, пайдалану және оған техникалық қызмет көрсету саласындағы келісімге өзгерістер енгізу туралы" хаттаманы ратификациялаған.

Енді осылардың барлығы да қағаз, дәлірек айтқанда, сөз жүзінде қалып отыр. Себебі, вице-министр айтқандай, жобаның өзі "ілініп" тұр.

Қалай болғанда, мамандар Балқаш ЖЭС-іне деген қажеттілік тек болашақта ғана болуы мүмкіндігін айтады. Халықтың және кәсіпорындардың қуатқа деген мұқтаждығын қолданыстағы стансалар-ақ өтеп отыр. Оның үстіне жаңғыратын қуат көздері де дамытылуда. 

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу