Балқашқа ұшып барғысы, Ұлытауға қонғысы келеді

3127

Qazaq air әуекомпаниясының басшылары ақиқатқа айналдырғылары келетін армандарын айтты. 

Балқашқа ұшып барғысы, Ұлытауға қонғысы келеді

Бірінші жартыжылдықтың қорытындысын жариялау үшін журналистермен жүздескен Qazaq Аir әуекомпаниясының басшылары былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жолаушы тасымалы 55%-ға артқанын мәлімдеді. 

"Qazaq Аir ел ішіндегі 10 бағыт бойынша 600 мың адамға қызмет көрсетті. Әуе борттарының толу көрсеткіші 76, рейстерді уақытымен орындау көрсеткіші 79% -ды құрады. Барлық бағыттар бойынша ішкі рейстердің қарқыны күшейіп келеді. Жолаушылардың сұранысын қанағаттандыру үшін жаңа бағыт ашып, оны дамытуды көздеп отырмыз. Бірақ барлығы бізге байланысты және біздің қолымызда емес", – деді Qazaq Аir әуекомпаниясының коммерциялық директоры Адель Дәулетбек.

Оның сөзінше, кейде жаңа бағыт ашуға сыртқы факторлар тосқауыл болады. Әуекомпаниясы Балқашқа, Ұлытауға рейс жөнелтіп тұруға әзір. Алайда аты аталған өңірлер ұшақ қарсы алуға қауқарсыз.

"Балқаш әуежайының ұшу-қону жолағы стандартқа сай емес, ал Ұлытауда әуежай атымен жоқ. Балқаш әуежайының ұшу-қону жолағы жөнделіп, борт қабылдау дәрежесіне жетсе, біз бұл жаққа арнайы рейс ашу жоспарын қайта қарар едік. Жыл сайын Балқашқа шамамен 14 мың турист табан тірейді. Біз туристерге сапалы қызмет көрсете алатынымызға сенімдіміз. Ұлытау өңірі де  туристер, оның ішінде шетелдіктер үшін өте тартымды жер. Мұнда Моңғолия азаматтарының аңсары ауып тұрады. Өздерін Шыңғыс ханның ұрпақтары санайтын туристер Ұлытаудағы Жошы ханның кесенесіне тәу етуді мақсат тұтады. Осы үшін олар Ұлытауды бетке алады. Ал мұнда ұшақ ұшпайды, себебі әуежай жоқ. Бұл мәселе үкімет деңгейінде қаралып, оң шешім қабылданса,  алғашқылардың бірі болып келіссөз үстеліне отырамыз. Бір сөзбен айтқанда біз Балқашқа ұшып барғымыз, Ұлытауға қонғымыз келеді", – деді Адель Дәулетбек.

Сөз арасында ол Алакөлге де әуерейсін ашуға болатынын, алайда бұл компания үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін түсіндірді.

"Алакөлдің де инфрақұрылымы көңіл көншітерлік деңгейде емес. Біз Астана, Алматы, Атырау қалаларында орналасқан 3 хабтан орындалатын әуерейстерін 78 адамға арналған канадалық заманауи турбовинтті Bombardier Q400 NextGen ұшақтарымен атқарамыз. Алакөлде ұшаққа жанар-жағармай құятын бекет жоқ. Бұл мәселені шешу үшін біздің ұшақтар жолаушы тасымалдаумен қатар танкер қызметін қоса атқаруы тиіс. Яғни қайтар жолдың жанар-жағармайын барар жолда тиеп алып кетуі керек. Бұлай жасайтын болса, тасымалдайтын жолаушылардың санын қысқарту қажет. Себебі кез келген ұшақ рұқсат етілген салмақтан ауыр жүк ала алмайды. Бұл бағыттың компания үшін экономикалық тұрғыдан тиімсіз екенін көріп отырсыздар, сондықтан мәселе үкімет тарапынан субсидия болған жағдайда ғана шешіледі деп ойлаймыз", – деді Qazaq Аir әуекомпаниясының коммерциялық директоры.

Бұдан кейін ол екінші жыл қатарынан Алматыдан Ыстықкөлге чартерлік рейс жөнелтіліп жатқанын жеткізді.

"Алдағы уақытта чартерлік рейс Алматы арқылы Астанадан да ұшады", – деді Qazaq Аir әуекомпаниясының коммерциялық директоры.

Сөз арасында Адель Дәулетбек компания Астана қаласынан Қазақстанның басқа қалалары мен шекара маңындағы аймақтарға ұшу кестесін көбейтуді және халықаралық рейс қосуды жоспарлап отырғанын жеткізіп, болашақтағы жоспарларымен бөлісті.

"Биылғы жылдың екінші жартысында IOSA сертификатына қол жеткіземіз деп үміттеніп отырмыз. Бұл сертификат халықаралық әуекөлік транспорты қауымдастығымен расталып, әуекомпаниясының қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігін куәландырады", – деді ол.

Адель Дәулетбектің мәлімдеуінше, әуекомпаниясының 37 ұшқышы шектеулі көрініс кезінде сапар орындай алатынын дәлелдеген. 7 ұшқыш шетелде тағлымдамадан өтіп, "С" санатты ұшқыш дәрежесін алған.

"Бүгінгі таңда әуекомпания флотын 38 ұшқыш басқарады. Оның 16-сы Қазақстан, 22-сі шетел азаматы. 2018 жылдың аяғына дейін отандық ұшқыштардың қатарын көбейтейін деп отырмыз. Олардың арасында бір әйел-ұшқыш болады деген болжам бар", – деп қорытты сөзін Qazaq Аir әуекомпаниясының коммерциялық директоры.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу