Балқаштың құты неге қашты?

3428

Әлемге танымал шағын шаһарымызды дамыту жолдары пысықталуда. 

Балқаштың құты неге қашты? Фото: ortalyq.kz

"Қазақстанның оңтүстік-шығысында Балқаш деген бірегей көл бар. Көлемі (16,4 мың шаршы шақырым) жөнінен дүниежүзіндегі алып көлдердің арасында 15-ші орында тұрған Балқаштың өзгеден ерекшелейтін даралығы мен қасиеті сол, оның суының жартысы – ащы, жартысы – тұщы. Сонымен бірге оның жағасында орналасқан Балқаш қаласындағы ауыр өнеркәсіп кәсіпорындары мен зауыттардың айналасын бүлдіруі салдарынан бұл шаһар Қазақстандағы ең ласының біріне айналды", – деп хабарлады чехиялық Current Time арнасы.

Әлеуметтік желідегі жергілікті жұртшылықтың топтарындағы әңгімеге құлақ түрсеңіз, торығу байқалады. Кеңес заманын сағына еске алатындары да бар. Адам жас кезінде қандай ауыртпалықты да еңсере алуы мүмкін, алайда сол қиындық-мехнаттар қартайған шақта жалғасса, еңсені езіп, жігерді жанши бермек. Содан кейбір тұрғындарға қылшылдаған жас шағындағы уақыт жақсырақ көрінеді.

Ал Балқаш қаласында өткен ғасырдан бері шешілмей келе жатқан проблема көп. Мәселен, кәріз жүйесі түйткілдерінің түйіні тарқамай, шиеленісті. Қалалықтар жиі ауыз сусыз отырады. Тұрғындардың айтуынша, 77,8 мың адам өмір сүретін қалаға тек екі ғана водовоз су таситын көрінеді.

Мұндағы жолдардың сапасыздығы "аңызға" айналып, шын мәнінде әлемге тарады.

"Балқашта менің демалыс базам бар. Бірақ оған баратын клиенттер санын ұлғайта алмай отырмыз. Бұл басқа демалыс аймақтарына да қатысты мәселе. Себебі негізгі жолдың жабынғысы нашар. Біраз жерінде жол атымен жоқ. Жергілікті журналистер, блогерлеріміз "Айналма жолдың азабы" деп видео түсіріп, қаншама рет мәселе көтерді. Айналма жолдарға таудың уатылған тастарын төсей салған. Біз Балқашқа жеткен әрбір туристі "қаһарман" санаймыз: бізге жету ерлік. Жергілікті жолдармен жүрсеңіз, доңғалағы тесіліп, жүргізушісі тоңқаңдап жатқан бірнеше машинаға жолығасыз. Жолдар қауіпті болып барады. Жолдар салынса, бизнес өркендеп, жұртшылықтың бір азабы жойылар еді", – дейді жергілікті бизнесмен Роман Мартыненко.

Президенттің тапсырмасымен, бірер жыл бұрын Үкімет Балқаш курорттық аймағын басым дамытылуға тиіс туристік ТОР-10 тізіміне енгізген еді. Ендеше биліктің бұл бей-жайлығы, бейғам тірлігі қайран қалдырады.

Сонау 2021 жылы "Атамекен" ұлттық палатасы Үкіметке ішкі рейстердің билет құнын арзандату арқылы ішкі туристер ағынын арттыруды ұсынған еді. Көптеген ел қолданатын бұл бастама да белсенді ілгерілемей тұр.

Бұдан бөлек, туристік объектілердің басшылары биліктен аумақты электр қуатымен тұрақты қамтуды сұрайды. Жарық жиі өшіп қала берген соң, саяхатшының демалысы құн-жын болады, тынығу орнына жүйкесі жұқарады. Әрі кәсіпкерлік те зардап шегеді. Басқаны айтағанда, азық-түлік қоры тез бұзылады.

Сонымен қатар "Alakol Kazakhstan" ЖШС директоры Елена Асылбекованың айтуынша, қаланы орталықтандырылған су және канализация жүйесімен жабдықтау, авиарейстер санын арттырып, әуе қатынасы бағыттарын кеңейту, ұялы байланыс сапасын көтеру маңызды.

Билік 2026 жылға дейін маусымдық республикаішілік субсидияланатын Балқаш–Шымкент, Балқаш–Түркістан, Балқаш–Жезқазған авиамаршруттарын ашуға ниетті. Ақтоғай ауданының Торанғалық және Шұбартүбек кенттерінің қосылған аумағын (8 744 гектар) ескере отырып, әуежайды халықаралық стандартқа келтіру қарастырылған. Сонда ол барлық сыныптағы ұшақтарды қабылдай алады. Қала әуежайын реконструкциялау туристік ағын мен іскерлік белсенділікті 4 есеге ұлғайтатын көрінеді.

Жер-жаһанға жарнамалап жүрген курорттық аймағымыздың біраз жерінде интернет ұстамайды, сыртқы әлеммен байланысу қиын. Жедел жәрдем, такси, өртке қарсы қызмет, полиция және басқасын шақыру үшін сымды телефон қажет болады. Спутниктік байланыс елде дамымаған.

Дегенмен, қалада ештеңе де жасалып жатқан жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Былтыр Балқашта 2-ші және 3-ші кезектегі қалаішілік су құбырын қайта жаңарту басталды. 124 шақырымдық құбыр жаңартылады деп жоспарланған. 2022 жыл қорытындысында құрылысшылар 8,6 шақырым құбыр желісін төседі. Биыл тағы 30 шақырым желі салынады. Жұмыс бір уақытта 5 учаскеде жүргізіліп жатыр.

Бұған қоса, Балқаш ЖЭО-сында жаңа, бесінші қазандықтың құрылысы жалғасуда. Болашақта қазандықты орнату "Kazakhmys Energy" ЖШС БЖЭО жұмысын жақсартып қана қоймай, ластаушы заттардың шығарындыларын азайтуға тиіс. Сондай-ақ 2022 жылы қалада №1 және №2 магистралдық жылу трассаларын қайта құру басталды. Жоспарланған 10,6 шақырымның жартысы ауыстырылды. Жұмыс 2024 жылы толық аяқталуы шарт.

Биылғы шілдеде Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр Балқаш қаласына сапарлап, кеңес өткізіп, жол құрылысының қалай жүріп жатқанын тексеріп қайтқан болатын. Сонда баяндалғандай, "Қарағанды–Балқаш" автожолының учаскесін реконструкциялау жұмыстары 71%-ға аяқталыпты. Тұтастай алғанда, 363 шақырым жол төсемі жөнделеді.

Мердігерлер ауыл шаруашылығы техникасы үшін 32 жол өтпесін, 11 көпірді, екі көлік айрығын салады, 310 су өткізу құбырын төсейді. Қолданыстағы инженерлік коммуникация желілерін қайта құру жоспарланған. Жұмабек, Ақсу, Ақшатау және Балқаш сияқты елді мекендер үшін айналма жолдар салынып болыпты. Ақсу–Аюлы арқылы айналма жолы аяқталу сатысында екен. Демек, халықтың ондаған жылдар бойы күткені алда ел игілігіне табысталады деген үміт бар.

Әкімдіктің хабарлауынша, қаланың өз ішіндегі көшелер де жөнделіп, тәртіпке келтіріліп жатыр. Осы жылы 15 шақырым жолға асфалт төселіп, қалпына келтіріледі. Жалпы, қаланың ішкі жолдарының ұзындығы 60 шақырымды құрайды. Қалған бөлігі келесі жылы жөнделеді.

Қала инфрақұрылымы да түбегейлі реконструкциялауды талап етеді. Өйткені барлық инженерлік желілер 70–80% тозған. Құбырларды ауыстыруға 1,5 миллиард теңге бөлініпті.

"Біз бұған дейін құбырлардың 25 шақырымын ауыстырып шықтық. Инженерлік желілер іске қосылды. Тек қаланың өзімен шектелмейміз, қала сыртындағы және ауылдық жолдарды да жөнге келтіреміз. Жыл сайын жолдардағы ойықтарды шұңқырлы жөндеуге 25 миллион теңге бөлінді. Бұл жұмыстарды қазан айының соңына дейін аяқтаймыз", – деді Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Темірхан Айдарханов журналистерге сұхбатында.

Әкімдік 2 жыл ішінде 124 шақырым құбырды ауыстыруды жоспарлап отыр. Соның ішінде биылғы жылы 43 шақырымында жаңа құбыр төселді. Қалғаны келесі жылы тәмамдалуға тиіс. Бұл тұрғындарды ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету үшін қажет.

Балқашқа жұмыс сапарымен барған Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл жұмыстарды созбалаңға салмауды тапсырды. Су құбыры желілерін ауыстыру жұмыстары аяқталған соң, жолдарды жөндеуге дереу кірісу қажеттін айтты.

"Бүгінде Балқаштағы су құбырларының тозуы 75%-ға жетті. Бұрын тұрғындардан жертөлелерді су басып қалатынына және судың қысымының төмендігіне көп шағымданатын. Бұл мәселелер шешілуде. Жоба 2024 жылы жалғасады. Жөндеу кезінде тұрғындарды қосымша сумен қамтамасыз етеміз", – деді Темірхан Айдарханов.

Балқашта жылыту маусымы басталып кетті. Қала тұрғындарының үйлеріне жылу ертерек, 3 қазаннан бастап беріле бастады. Бұл да жылу желілерінің ауыстырылуының арқасы. Тәні жаурамаған тұрғындардың жаны жадырайды, ендеше болашаққа деген сенімі де артады.

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жағалауды абаттандырумен де танысты. Қазіргі уақытта сыртқы су құбыры мен кәріз жұмыстары аяқталды, электрмен жабдықтау желілері орнатылуда.

"Жұмысшылар жағалау аймағында баспалдақ орнатумен айналысуда. Жағажай орналасқан жағалау аймағын қамыстан тазарттық. 500 текшеге арналған арнайы резервуар бойынша жұмыстар жүргізілуде. Соның арқасында бүкіл көгалдандыру жүйесі өздігінен суарылады. Көгалдар, бұталар мен ағаштар отырғызу жоспарлануда. Орындықтар, урналар, субұрқақтар, перголалар, төсеніштер сатып аламыз. Шамдарды орнату жоспарланған. Жоба келесі жылы аяқталуы тиіс", – деді "Балқаш Жібек Жолы" ЖШС директоры Мейір Смағұлов.

Атап өтетін жайт, таяуда, 2023 жылғы 5 қыркүйекте ел Үкіметі "Қарағанды облысының Балқаш қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын" өз қаулысымен бекітті. Онда қаланың өзекті мәселелерінің бірқатар шешімдері ұсынылған. Мысалы, Балқашта дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын тұрғындардың үлесін қазіргі 57,9%-дан 62,5%-ға дейін ұлғайту көзделген.

Қалада "Балқаш" қалалық спорт клубы мен "Металлург" спорт кешені бар. Бұл ретте жаттықтырушылар өңір басшысына залдардың тапшылығына шағымданды. Олардың айтуынша, балқаштықтардың спортқа, әсіресе күреске деген қызығушылығы артып келеді. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев модульдік көп функционалды спорт корттарын орнату мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Ал кешенді жоспарда балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің аумағында "Күрес орталығын" салу жоспарланған. Балуандар бапталатын орталық 2025 жылға дейін іске қосылуы керек. 2025 жыл түгесілгенше, жабық хоккей кортын тұрғызу, 2026 жылдың соңына шейін жүзу бассейнін салу қарастырылған.

Экологияны жақсарту саласында 2026 жылға қарай сұрыптау желісі бар қатты тұрмыстық қалдықтардың полигонын салу жоспарланған. Алайда жергілікті жұртшылықтың бір бөлігі жаңа полигон ашуға қарсы көрінеді. Әкімдік әзірге оның жобасына қатысты құжаттар дайын еместігін жеткізді. Әрі қоғамдық тыңдауда елдің келісімін алуы қажет.

Әкімдіктің дерегінше, жаңа полигонға Қоңырат шағын ауданындағы тұрғын алабынан 7 шақырым қашықтықта 20 гектар жер алаңы бөлініпті. Тұрғындар мұны тым жақын санайды. Ондағы ауыр иіс-қоңыс тұрғын алабына жетуі мүмкін деп алаңдайды. Тіпті жел қуып, қоқыстарды да әкелуі ғажап емес. Қоңыраттықтар полигон құрылысы олардың келісімінсіз басталып жатыр деген пікірде. Бұл тұрғын үйлер алабы Балқаштан шамамен он шақырым жерде орналасқан. Жуырда ғана қала құрамына қосылды.

Үкімет 2025 жыл аяқталғанша, бұрынғы "Дарьял – У" РЛС (Балқаш-9) аумағында орналасқан, құрамында улы полихлорилдефинилі бар жабдықтар мен қалдықтарды сақтау үшін пайдаланылған жерлерді рекультивациялауды тәмамдауды жоспарлады. Оның да аяғына жеткізілетініне экологтар әзірге күмәнданады. Қарқынды жұмыстар байқалмайтын көрінеді. Оның үстіне 2,7 миллиард теңгені талап ететін бұл жобаны қаржыландыру жергілікті бюджетке жүктеліпті. Бұрын бұл іспен "Оператор РОП" ЖШС айналысқаны белгілі. Ол компания тарап тынды.

Алдағы екі жылда қаланың экологиясын жақсарту үшін құны 70 миллиард теңгеге түсетін Күкірт қышқылы цехының екінші желісі, яғни кешені салынбақ. "Экожүйені қалпына келтіру бойынша ұсыныстар әзірлей отырып, Бертіс айлағы ауданындағы экологиялық жағдайды зерттеу" ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмысын орындауға 100 млн теңге жұмсау жоспарланып отыр.

Қалай болғанда, егер билік жоспарлағанын қағаз жүзінде қалдырмай, шынымен жүзеге асырса, онда Балқаштың құты қашпайды, ырыс-берекесі арта түседі деген үміт бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу