Балмұздақ сатып алу адамға қиындық келтірмейтін ең қарапайым әрі жеңіл сауданың бірі болса керек. Бұл аспан айналып жерге түсердей шыжғырған ыстық күнде еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін өзіне рұқсат ете алатын кішкентай қуаныш.
Алайда, оның құнын жұмыс уақытына шақсаңыз, табыс деңгейі әртүрлі адамдар үшін бұл қарапайым шығынның әрқалай қабылданатыны анық көрінеді, деп жазды inbusiness.kz сайты.
Ләззат құнын жұмыс минуттары арқылы бағалайтын Euronews әдістемесін қолдансақ, 2026 жылғы Қазақстан халқының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты мен тұрмысының шынайы ахуалын аңғарамыз.
Тәтті үзіліс әдістемесі: десерттің құнын жұмыс уақытымен өлшеу
Есептеудің қисыны да, әдістемесі өте қарапайым: ай сайынғы табыс қалыпты жұмыс уақытына бөлінеді. Бұл еңбектің 1 минутының құнын шығаруға мүмкіндік береді.
Содан кейін балмұздақ бағасы осы минуттық жалақыға бөлінеді. Есептеу барысында ҚР Еңбек кодексінде бекітілген қалыпты жүктемеге сәйкес келетін жұмыс уақытының стандартты ұзақтығы ескерілді: ол айына 160–176 сағатқа тең.
2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанның негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері келесідей болды:
- орташа айлық атаулы жалақы: 461 486 теңге (еңбектің бір минуты 43,70–48,07 теңге тұрады).
- медиандық жалақы: 331 527 теңге (еңбектің бір минуты 31,40–34,53 теңге тұрады).
- ең төменгі жалақы: 85 000 теңге (еңбектің бір минуты 8,05–8,85 теңге тұрады).
Сонымен қатар, 2026 жылдың жазында қазақстандық дүкендердегі базалық вафлилі стақанның бағасы 325 пен 700 теңге аралығында құбылып тұр. Бұл тәтті өнім бір жыл ішінде шамамен 15–20%-ға қымбаттап шыға келді. Ал, байларға ғана қолжетімді, премиум түрлерінің жалпы баға диапазоны бір данасы үшін 4 600 теңгеге жетеді.
Қазақстандағы еңбектің құны: микро-шығыннан бір жарым сағатқа дейін
Егер ресми орташа жалақыны (461 486 теңге) басшылыққа алсақ, елдегі экономикалық ахуал біршама ауқатты көрінеді әрі еуропалық елдермен салыстыруға келеді:
- айына 160 сағат жұмыс істейтін қазақстандық жұмыскерге 325 теңгелік ең қолжетімді балмұздақ үшін 6,8 минут тер төгуге тура келеді (Германия деңгейі – 7,4 минут, Ұлыбритания – 9,3 минут).
- 176 сағат жұмыс кезінде шамамен 7,4 минутты құрайды.
- 700 теңге тұратын қымбатырақ өнім тиісінше 14,6 және 16 минуттық жұмысты талап етеді (Франция мен Португалиядағы сияқты).
Нәтижесінде, орташа жалақысы бар адам үшін кәдімгі балмұздақ сатып алу – жеңіл әрі ауыртпалықсыз әдет болып қала береді. Әрине, егер бұл мұзды тәттіні тым жиі сатып алмаса. Өйткені мұндай рахатқа бір рет кенелу үшін бұл қызметкерлер еңбек күнінің небары жетіден он алты минутына дейінгі уақытын ғана жұмсайды.
Алайда орташа жалақы жұмысшылардың көпшілігінің шынайы жағдайын паш ете бермейді. Бұл көрсеткішке жекелеген салалардың жоғары табыстары және басшы лауазымдар – министрлер, әкімдер мен топ-менеджерлердің ыланойран айлығы қатты әсер етеді.
Дұрысырақ көріністі медиандық жалақы көрсетеді: бұл жұмыскерлердің жартысын аз, жартысын – көп алатындар деп бөледі де, өте мол әрі тым мардымсыз алатындарын есепке алмай, ортадағы жалақыны шығарады.
Медиандық жалақысы бар азаматтан (331 527 теңге) арзан балмұздақ алу мынадай уақыт бойы еңбек етуді талап етеді:
- 160 сағатта – 9,4 минут жұмыс;
- 176 сағатта – 10,4 минут (Бельгия деңгейі).
- 700 теңгелік қымбатырақ стақан еңбектің тиісінше 20,3 және 22,3 минутын алады (Грекиямен салыстыруға келеді).
Яғни, медиандық табысы бар қарапайым қызметкер үшін Қазақстандағы базалық балмұздақ орта есеппен 10–22 минуттық жұмыс уақытына "бағаланады".
Ең төменгі жалақы қарапайым десертті құны бір жарым сағатқа жуық қажымас еңбекті қажет ететін қолжетімсіз өнімге айналдырады.
ЕТЖ (85 000 теңге) алушылардан 325 теңге тұратын арзан "мұзды шарикті" сатып алу мынаны талап етеді:
- 160 сағатта – 36,7 минут;
- 176 сағатта – 40,2 минут тынымсыз жұмыс.
700 теңгелік өнім тиісінше 79,1–87 минутқа (1 сағат 19 минуттан 1 сағат 27 минутқа дейін) түседі. Шын мәнінде, бір рет қана дәм татып, гастрономиялық ләззат алу үшін бұл адамдар күнделікті табысының айтарлықтай бөлігімен қоштасуға мәжбүр болады.
Қазақстан Еуропамен салыстырғанда: баға бірдей, уақыт әр түрлі
Бәрі салыстыруда танылады. Euronews Еуропаның 10 еліндегі балмұздақ бағасы мен табыстарды салыстырды. Қорытындысы маңызды заңдылықты көрсетті: тауардың қолжетімділігі оның бағасымен ғана емес, сондай-ақ табыс деңгейімен де анықталады.
Ең төменгі көрсеткіштер Германияда тіркелді: шамамен 7,42 минут жұмыс. Ұлыбританияда көрсеткіш 9,26 минутты, Бельгияда 11,44 минутты құрады.
Еуроодақтың өзге елдерінде балмұздақ құны:
- Италияда – 13,15 минутқа;
- Францияда – 14,45 минутқа;
- Түркияда – 14,96 минутқа;
- Польшада – 15,09 минутқа;
- Испанияда – 15,17 минутқа;
- Португалияда – 16,59 минутқа;
- Грекияда – 20,86 минутқа барабар.
Грекиядағы жұмысшыға осы тәттінің ұқсас порциясына қол жеткізу үшін Германиядағыға қарағанда үш есеге жуық артық жұмыс істеуге тура келеді.
Еуропада балмұздақтың бір дөңгелегі қанша тұрады?
Euronews дерегінше, 2026 жылы бір шариктің құны төмендегідей құбылды:
- Түркия – шамамен 1,16 еуро (62,5 түрік лирасы);
- Германия – 1,92 еуро;
- Польша – 1,96 еуро;
- Грекия – 2,60 еуро;
- Италия – 2,75 еуро;
- Португалия – 2,75 еуро;
- Испания – 3,25 еуро;
- Бельгия – 3,50 еуро;
- Франция – 3,85 еуро;
- Ұлыбритания – шамамен 4,10 еуро.
Бұл ретте бағалар сатып алынған жеріне қатты тәуелді. Грекияның туристік аудандарында бір шариктің құны 4–6 еуроға жетуі мүмкін. Ал, түріктің туристік аймақтарында, мысалы, Ыстамбұлдың саяхатшыларға тартымды орындарында орташа бағасы 62,5 лира болса, бір порция 100–120 лира тұруы мүмкін.
Десерт экономикасы сыртқы факторларға тәуелді. Грек сүт және сүт өнімдерін өндірушілер қауымдастығының өкілі Панайотис Гликостың мәліметінше, бағалар негізінен энергетикалық ресурстардың қымбаттауына байланысты шамамен 20%-ға өсті. Шикізат компоненттері ғана қарқынды емес, бірқалыпты өсті.
"Балмұздақ индексі" ресми экономикалық көрсеткіш болып табылмайды. Бірақ ол елдегі халықтың әлеуметтік жіктелуінің жарқын индикаторы болып, номиналды баға мен тауардың нақты қолжетімділігі арасындағы айырмашылықты көрсетеді.
Бұл жеңсік ас барлық тұтынушы үшін бірдей бағамен сатылуы мүмкін. Бірақ айына табатын табысына қарай оның құны бәрібір әр адамның қалтасына әртүрлі салмақ салады. Салдарынан, үйреншікті тауарлар тіпті аз ғана қымбаттаса, мұны табысы төмен адамдар бірінші әрі қаттырақ сезеді: олар үшін бағаның өсуі қосымша теңге шығынымен ғана емес, сонымен қатар қосымша жұмыс минуттарымен өлшенеді.