Банк кәсіпкерлерге "арзан несие" бергісі келмейді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
13029

Екінші деңгейлі банктер шағын және орта бизнес субъектілеріне жеңілдетілген шартпен қарыз беруді құп көрмейді. Берсе, мемлекеттен алған мақсатты қаражатты үлестіріп, "ауадан" ақша жасаумен шектеледі. 

Банк кәсіпкерлерге "арзан несие" бергісі келмейді

Үкімет пен бизнестің арасына делдал болуға дәнігіп алған қаржы институттары мемлекеттік бағдарлама арқылы ғана кәсіпкерлерді жеңілдікпен несиелендіреді. Ал жайшылықта маңайына жолатпайды. Жолатса, жоғары пайыздық мөлшерлемемен қарыз ұсынып, шағын және орта бизнес өкілдерін "теспей сорады".

Халық қалаулысы Дәурен Әділбековтің айтуынша, жоғарыдағы әрекеті арқылы екінші деңгейлі банктер шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіріп отыр.

"Екінші деңгейлі банктер шағын және орта бизнестің 30 мыңға жуық өкіліне қарыз бойынша қызмет көрсетеді. Бұл жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің 2,5% ғана. Мұндай көрсеткіштен кейін банк секторы мемлекеттің қатысуынсыз шағын және орта бизнесті мүлде несиелендірмейді  десе де болады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, биыл екінші деңгейлі банктердің мемлекеттің көмегінсіз шағын және орта бизнесті несиелендіру үлесі 19%-ды ғана құраған", – деді депутат.

Оның сөзінше, кәсіпкерлерге екінші деңгейлі банктер ұсынған шартпен несие алу тиімсіз.

"Екінші деңгейлі банктер шағын және орта бизнесті мемлекеттің қатысуынсыз несиелендіргенде қарыз төлеу мерзімін кейінге шегеру шартын қарастырмайды. Кәсіпкер тығырыққа тіреліп, қарызын қайтара алмай қиналса, айыппұл, өсімпұл қосып, одан сайын діңкелетеді", – деді Дәурен Әділбеков.

Депутат мәселені Ұлттық банк пен үкімет бірлесіп шешуге тиіс екенін айтты.

"Инфляцияның қазіргі деңгейін төмендету үшін экономиканы әртараптандырып, импортты алмастыру қажет. Бұл үшін екінші деңгейлі банктер беретін несие қолжетімді болуға тиіс. Қаржы реттеушісі мен үкімет жағдайды бақылауына алып, реттеуі керек", – деді ол.

Дәурен Әділбековтің мәлімдеуінше, шағын және орта бизнес субъектілерінің барлығы бірдей пайыздық мөлшерлемесі субсидияланатын несиеге қол жеткізе алмайды.

"Мемлекеттік бағдарлама арқылы қолдау шарасы экономиканың зардап шеккен секторларына ғана көрсетіледі. Шағын және орта бизнеске жаппай жеңілдетілген несие берілмейді. Қазір елімізде 1 347 791 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеп тұр. Оның барлығы жеңілдетілген несиеге қол жеткізді деп айта алмаймыз", – деді Дәурен Әділбеков.

Абылай Бейбарыс


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу