Банкроттық рәсімдеу процесі жеңілдеді

247

Құжат айналымы қысқарып, азаматтар үшін қызмет көрсету қолжетімді бола түсті.  

Банкроттық рәсімдеу процесі жеңілдеді Фото: kredita.net

Қазақстанда банкроттық рәсімдерін толық цифрландыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр, деп хабарлады inbusiness.kz сайты.

Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Ведомство жеке тұлғаларға, жеке кәсіпкерлерге және заңды тұлғаларға қатысты банкроттық рәсімдерін жетілдіріп, оларды барынша ашық, қолжетімді әрі ыңғайлы етуге басымдық беріп келеді.

Бұрын банкроттыққа қатысты көптеген құжаттар мен өтініштер қағаз түрінде немесе әртүрлі ақпараттық жүйелер арқылы тапсырылса, бүгінде рәсімдердің негізгі бөлігі электрондық форматқа ауыстырылған.

2024 жылдың қазан айынан бастап заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер үшін оңалту және банкроттық рәсімдері Салық төлеушінің кабинеті арқылы онлайн форматта қолжетімді болды. Бұл рәсім әкімшілері, кредиторлар және мемлекеттік кірістер органдары арасындағы өзара іс-қимылды едәуір жеңілдетті.

2026 жылдың басынан бастап қосымша электрондық сервистер енгізілді:

банкроттық рәсімдер бойынша хабарландыруларды автоматтандырылған түрде қабылдау және жариялау;
оңалту және банкроттық рәсімдерінің барысы туралы өзекті ақпаратты алу мүмкіндіктерін кеңейту;
борышкерлерге қатысты қолданылып жатқан рәсімдер бойынша мәліметтерге электрондық қолжетімділікті қамтамасыз ету.

– Жаңа цифрлық шешімдер тәжірибеде белсенді түрде қолданылып келеді. Тек 2025 жылдың ішінде рәсім әкімшілері оңалту және банкроттық рәсімдерінің барысы туралы 3 мыңнан астам өзекті мәліметті орналастырған. Жеке тұлғалардың банкроттық рәсімдерін жетілдіру жұмыстары да жалғаады. Qoldau жүйесінде кредиторлар үшін мемлекеттік кірістер органдарының шешімдеріне келіспеген жағдайда шағымдарды электрондық форматта беру мүмкіндігі іске асырылды, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, комитет банкроттық рәсімдеріне қатысушыларға тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Нәтижесінде негізсіз өтініштердің саны азайып, азаматтардың өтініштерін қарау мерзімі қысқарып, рәсімдердің тиімділігі артқан.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, цифрландыру құжат айналымын қысқартып, ақпарат алмасу үдерісін жеделдетуге және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ банкроттық рәсімдерінің ашықтығы мен ыңғайлылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу