Банктен банкке ақша аударатындарға жағымсыз жаңалық жария болды

186

Көлеңкелі экономикаға сойыл сілтеймін деп, шенеуніктер шағын бизнеске соққы берді.

Банктен банкке ақша аударатындарға жағымсыз жаңалық жария болды Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

2026 жылғы 1 қаңтардан мобильді аударымдар мен жеке тұлғалардың банктік шоттарындағы операцияларды бақылау тетігі жаңа кезеңге өтті.

Бұл өзгерістер Салық кодексінің 55-бабын іске асыру үшін қабылданған Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің 2025 жылғы 12 қарашадағы №698 бұйрығымен бекітілді. Қаңтарда қолданысқа енгізілген, әрі әрбір қазақстандыққа қатысты бұл құжаттың ұзынсонар атауы бар.

Бұйрық: "Банк ұйымдарының мемлекеттік кірістер органына жеке және заңды тұлғалардың банктік шоттарының бар-жоғы және олардың нөмірлері туралы, осындай шоттардағы ақша қалдықтары мен қозғалысы, активтер мен міндеттемелер туралы, кірістер мен мүлік туралы декларацияларды ұсыну міндеті туындаған жеке тұлғаға берілген кредиттер туралы мәліметтерді ұсыну нысандарын, сондай-ақ Тауарлардың электрондық саудасын жүзеге асыратын салық төлеушілер бойынша мәліметтерді ұсыну қағидалары мен мерзімдерін, сондай-ақ Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырудан кіріс алу белгілері бар жеке тұлғаның банктік шотына түскен ақшаның жиынтық сомасы бойынша мәліметтерді ұсыну қағидалары мен тізбесін және осындай операцияларға жатқызу өлшемшарттарын бекіту туралы" деп аталады.

Құжатта банктердің мемлекеттік кірістер органдарына ұсынатын мәліметтерінің көлемі кеңетілді. Жеке тұлғалардың қаржылық операцияларын кәсіпкерлік қызмет белгілері бойынша бағалаудың жаңартылған өлшемшарттары енгізілді. Ресми түрде бұл бастаманың мақсаты – көлеңкелі экономиканы азайту. Алайда іс жүзінде оның кімге бағытталғаны жөнінде қоғамда сұрақ көп болып тұр.

Жаңа шарттың мәні неде?

Бұйрықтың негізгі жаңашылдығы сол, ол жеке тұлғалардың банктік шоттарында жүргізілетін операцияларды "кәсіпкерлік қызметтен табыс табу белгілері бар операцияларға" жатқызу үшін шекті мәнді енгізеді.

Бұған дейін жеке тұлғаның банктік шотына 3 ай қатарынан 100 және одан да көп әртүрлі адамнан ақша түсуі – астыртын түрде кәсіпкерлікпен айналысудың белгісі ретінде қарастырылатын.

Енді бұл өлшемшартқа тағы бір талап қосылды. Дәл сол 3 айдағы түсімдердің жиынтық сомасы 12 ең төменгі жалақы (ЕТЖ) мөлшерінен асуға тиіс. Яғни, мәселе тек мобильді аударымның санына емес, оның жалпы сомасына да тірелді. 2026 жылғы ең төменгі жалақы 85 мың теңге екенін ескерсек, 3 айдағы шекті сома енді 1 020 000 теңгеге тең.

Бұрын одан 5 еседей аз еді. Сондықтан жаңа шек белгілі бір жұмсарту секілді көрінеді. Шынында бақылаудың жалпы философиясы өзгермеді. Әрбір қазақстандықтың жеке шотындағы қозғалыс әрі қарай фискалдық органдардың қырағы назарында.

Егер аударыммен түскен ақшаның саны мен көлемі осы критерийлерден асып кетсе, салықшылар сізден түсініктеме талап етеді. Егер түскен қаражаттың кәсіпкерліктен табылған табыс екенін дәлелдей алмасаңыз, салық есептеледі, жеке кәсіпкер ретінде тіркелу талап етіледі.

Тіпті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 275-бабына сәйкес, салық салынатын объектілерді жасырдыңыз деп, төленбеген салық сомасының 200%-ы мөлшерінде айыппұл салуы мүмкін. 1 жыл ішінде қайталап бұзушылық жасалса, айыппұл 300%-ға дейін өседі.

Сонымен, мобильді аударымдарды мемкірістер органдары "күдікті" деп тануы үшін 2026 жылға келесі өлшемшарттар бекітілді:

жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған банктік шотына,

3 ай қатарынан,

айдың әрқайсысында 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан ақша түсуі,

3 айда түскен түсімдердің жиынтық сомасының 12 ең төменгі жалақы мөлшерінен асуы.

Депутаттар неге дабыл қақты?

3 ай, 100 адам, 1 миллион теңге: арифметикасы қарапайым, салдары күрделі. Былтыр жиынтық сома бастапқыда небәрі 3 ЕТЖ немесе 255 мың теңге болған еді. Салдарынан, тіпті әр ұжымда атаулы датаға немесе бастықтың туған күніне ақша жинайтын хатшы қыз немесе басқа белсенді де мониторингке ілігіп кетіп жүрді.

Осыған орай 2025 жылы Мәжіліс депутаттарының бір тобы мобильді аударымдарды бақылау өлшемшарттарын қайта қарау жөнінде бастама көтеріп, 3 ЕТЖ шегін негізсіз әрі тым төмен деп атаған болатын. Депутаттар ең құрыса, айына 1 миллион теңгеден асатын айналым кезінде ғана тексеру жүргізуді ұсынды. Себебі, бұл талап табысы төмен шағын бизнеске айтарлықтай кері әсер еткен.

"Ақ жол" фракциясы депутаттарының негізгі уәждері мынадай: осы жаңашылдық салдарынан біріншіден, шағын бизнес қолма-қол есеп айырысуға көше бастады. Цифрландыру дәуірінде (Цифрландыру жылында) нағыз ретро тренд туындады.

Екіншіден, депутаттардың мәліметінше, төлемдерді жаппай бақылау шағын сауда орындарында екі бағаның қалыптасуына әкелді: тауар не қызмет түрлері қолма-қолсыз – электронды, картамен төлем жасаған адамдарға қымбаттады. Картамен төлесең – 10% қымбат, қолма-қол берсең – соншаға арзан.

Үшіншіден, инфляцияның "көкесі" осы жерде туып жатыр: мобильді аударымдарды тексеру соңғы екі жылда елдегі инфляцияға серпін берген факторлардың біріне айналды. Төртіншіден, мұндай қысым бизнеске де, азаматтардың материалдық жағдайына да елеулі экономикалық және әлеуметтік шығындар қаупін төндіруде.

Бесіншіден, тіпті санкция және соғыс жағдайында қаржыдан тарыққан Ресейдің өзінде бақылау біздегідей қатал емес. Оларда мониторингке тек тәулігіне 30-дан астам мобилді аударым алатын тұлғалар ғана ілігеді. Оның үстіне мұндай төлемдердің жалпы сомасы айына 1 миллион рубльден (шамамен 6,6 миллион теңгеден) асса ғана сезіктенеді.

Бізде 3 айда 1 млн (бір айда 333 мың) теңгеден-ақ іздей бастайды. Ресейге қарағанда 20 еседейге аз. Салдарынан ең ұсақ төлемдер де бақыланады.

Мәжіліс депутаттары не ұсынды:

мониторингке жататын төлемнің ең төменгі шегін 3–5 мың теңгеден бастап белгілеу, одан аз сомаларды бақыламау;

мобильді төлемдерді айына 1 миллион теңгеден бастап бақылау;

аударымдарды бақылаудың анағұрлым тиімді форматын әзірлеу;

ұсақ саудагерлерді жазалаудың орнына салықшылардың күш-жігерін алпауыт "көлеңкелі" олигархтарды анықтауға жұмылдыру.

"Айрықша атап өткіміз келеді: шағын және микробизнес – бұл шағын дүкендерде, дәмханаларда адал еңбек етіп жүрген немесе ұсақ қызметтер көрсететін қарапайым адамдар. Бюджетті тонау да, мемлекеттік миллиардтарды офшорларға шығарып әкету де – олардың ісі емес. Егер мұндай кәсіпкер қосымша 10-20 мың теңге тапса, ол ақша ел ішінде қалады: мысалы, баласына киім алып береді немесе шағын бизнесін аздап кеңейтеді. Шенеуніктер олигархтарды іздеп отырған жоқ. Одан да миллиардтарды ұрлайтындарды іздеуге жұмылсын", – деп мәлімдеді Мәжіліс депутаты Азат Перуашев.

Депутаттардың ойбайы Үкіметті ойлантты

Үкімет ұзақ талқылай келе, кезекті рет депутаттардың барлық ұсыныстарын қабылдаудан бас тартуға ұйғарыпты. Атқарушы биліктің қабылдаған шешімін депутаттарға Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің өзі жеткізді.

Белгілі болғаны, мобильді аударымдарды тексеруді Парламенттің өзі заңдастырып беріпті. Бұл – заң шығармашылығындағы классикалық сюжет: алдымен заңды қабылдаймыз, соңынан салдарына таңғаламыз.

Вице-премьер Қазақстанда екінші деңгейлі банктер жеке тұлғалар үшін тек жеке мақсаттарға арналған жедел онлайн-аударымдар сервисін сонау 2017 жылы енгізгенін еске салды.

"Алайда 2018 жылдан бері жеке тұлғалар бұл сервисті бөлшек саудада белсенді пайдаланып, оны табысты жасыру құралы ретінде қолдана бастады. "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" заңымен 2021 жылдан бастап "жедел төлемдер жүйесі", 2022 жылдан бастап "мобильді төлемдер" ұғымдары енгізілді. Сонымен қатар, банктік шот ашу кезінде жеке тұлға осы шот арқылы кәсіпкерлік, нотариалдық және адвокаттық қызметке байланысты операцияларды жүзеге асырмайтыны туралы өтінішке қол қояды. Ендеше ізінше жеке мақсатқа арналған мобильді аударымдар арқылы тауары, қызметі үшін ақы алатын адамдар банктік заңнама талаптарын бұзып отыр", – деп мәлімдеді Жұманғарин.

Осыған байланысты 2022 жылы Үкімет пен Парламент Салық кодексіне өзгерістер енгізіп, Қаржы министрі 2022 жылғы 29 наурызда №323 бұйрығын қабылдады. Онда белгіленген өлшемшарт бойынша кәсіпкерлік қызмет белгілері бар операциялары анықталған тұлғалар туралы банктер мемкірістер органдарына мәлімет ұсынуға міндеттелді.

Сол мәліметтер негізінде салықшылар тексеру жүргізеді. Яғни, МКК қызметкерлері әрбір адамның мобильді аударымын бақыламайды. Олар банктерден түскен мәліметтерді талдап, сол арқылы жасырын бизнес жасап жүргендерді табуға тырысады.

Вице-премьер Кәсіпкерлік кодексінің 35-бабына сәйкес, "жеке кәсіпкерліктен түсетін жылдық табысы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асатын" (шамамен 1 млн теңге) жеке тұлға жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелуге тиістігін еске салды

Қаржы министрлігі Ұлттық банкпен бірге жүргізген жұмыс қорытындысында, 3 ай ішінде 12 ЕТЖ-дан асқан мобильді аударымдар сомасын қолданыстағы өлшемшарттарға қосуға шешім қабылдады.

"Мониторингке жататын төлемнің ең төменгі шегін 3-5 мың теңге көлемінде белгілеу жөніндегі ұсыныс қолдау таппады. Өйткені бөлшек саудада бір тауардың құны аталған шектен төмен болуы, яғни, 3-5 мың теңге арзан тұруы мүмкін. Осындай ұсақ тауар сату арқылы жалпы айналымы біраз жоғары болады", – деді вице-премьер Жұманғарин.

Ресейдің 6,6 миллион теңгелік жоғарғы шекке қатысты оң тәжірибесі де қолдау таппады. Серік Жұманғарин мұны "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңына сәйкес 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік кірістер органдарына мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген тұлғалардың, сондай-ақ олардың жұбайларының заңсыз баюын анықтау функциясы жүктелетіндігімен түсіндірді. Бұл функциялар мыналар арқылы жүзеге асырылады:

мүлік сатып алуға жұмсаған шығыстарының табыстарына сәйкестігін бақылау;

кірістер мен мүлік туралы декларацияларда көрсетілген мүлік сатып алуға жұмсалған шығыстарды өтеу көздерінің дұрыстығын тексеру (Заңның 11-бабының 4-тармағы).

Аталған тұлғалардың шығыстары табыстарынан 1 000 АЕК-тен (2026 жылы 4 325 000 теңгеден) артық мөлшерде асып кеткені анықталса, онда айырма сомасына 10% ставкамен жеке табыс салығы салынады. Сондай-ақ, ол шенеуніктің өзі не әйелі ресми табысынан көп қаржыны шашып жүргені туралы мәліметтер антикоррупциялық органға жолданады.

Жалпы, миллиардтарды ұрлағандарды табу, айыбын мойнына қою – қиын шаруа, олардың қаптаған "тасқамал" адвокаты бар.

Айтпақшы, егер шотты банкомат арқылы толықтырса, мысалы, қатарынан 3 ай ішінде 100-ден астам осындай операция жасаса, бұл тексеруге ілікпейтін көрінеді. Бұл "сырды" Мемкірістер комитетінің Өндірістік емес төлемдер мен жеке тұлғаларды әкімшілендіру департаментінің Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Дина Құсайынова мәлім етті.

"МКК тарапынан мұндай әрекеттер реттелмейді. Менің ойымша, егер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк мұндай операцияларға рұқсат етсе, онда заңға толықтырулар енгізуге болады", – деді Дина Құсайынова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу