Банктер бизнесті несиелеуге құлықты емес

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2704

Есесіне халыққа қарыз беруді үдете түсті.

Банктер бизнесті несиелеуге құлықты емес

Қазақстанның қаржы нарығы бәсеңдеп барады. Елдегі екінші деңгейлі банктердің несие портфелі былтыр 13,2 трлн теңгенің құрады. Бұл елдің ішкі жалпы өнімінің 24,8 пайызы.

Сақтандыру өнімдеріне сұраныс айтарлықтай төмен деңгейде сақталуда. Орташа есеппен әрбір қазақстандық 15,6 мың теңгеге сақтандырады екен. Бұл ішкі жалпы өнімнің жан басына шаққандағы көрсеткішінің небары 0,5 пайызы.

2005-2006 жылдары Қазақстан экономикасы тиісінше 9,7 және 10,7 пайызбен өскен еді. Ал 2007 жылғы дағдарыста банк активтері елдің ішкі жалпы өнімінің 89,1 пайызына дейін жеткен. Алайда, араға он жыл салып бұл көрсеткіш 45,6 пайызға төмендеді. Ал банктің қарыздардың жалпы көлемі 25,6 пайызды құрады.

Қазіргі жағдайда банктер бөлшек несие мен қарызға көңіл аударып жатыр. 2018 жылдың қыркүйегіндегі мәлімет бойынша банктердің жеке тұлғаларға берген қарызы 5,1 трлн теңгені құрады. Бұл жалпы банктердің экономиканы қаржыландыру көлемінің 40,2 пайызы. Банктердің ресурстарына қарайтын болсақ та, жеке тұлғалардың үлесі жоғары. Қыркүйектегі көрсеткіште банктерде сақталған жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың депозиттері тиісінше 8,5 және 8,2 трлн теңгені құрады.

Қор нарығы болса әлі де экономиканы несиелеуде айтарлықтай рөлге ие емес. 2018 жылдың 1 шілдесіндегі көрсеткіш бойынша акция мен корпоративті облигациялар капитализациясы 24,9 трлен теңгені құрады. Бұл ішкі жалпы өнімнің бар болғаны 15,4 пайызы. Бұл Қазақстан экономикасында қор нарығының маңызының төмендігін көрсетеді.

Соңғы жылдардағы Ұлттық банктің саланы реттеуге бағытталған саясаты негізінен банктерді күшейтуге жұмыс істеді. Нәтижесінде банк секторындағы "нашар несиелер" үлесі 2014 жылғы 23,6 пайыздан 2017 жылы 9,3 пайызға төмендеді. Банктердің жаппай бірігуі өз кезегінде елдегі ең ірі бес банктің банк секторындағы активтің 62,4 пайызына иелік етуіне мүмкіндік берді.

2017-2018 жылдарға арналған Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік көрсеткішінде Қазақстан "қаржы нарығының дамуы" жағынан 114 орынды иеленді. Соның ішінде құнды қағаздарды реттеу, банктердің беріктігі мен жергілікті қор нарығы арқылы қаржыландыру тұрғысынан тым нашар көрсеткіш байқатты.

Негізгі капиталды инвестициялауға банктердің қатысуы жалпы инвестицияның небары 6,9 пайызын құрайды. Әлі күнге дейін компаниялардың өз қаражаттары инвестицияның негізгі көзі болып отыр. Банктердің нақты экономиканы қаржыландыруға қызығушылықтарының төмендігі банктердің ұзақмерзімді қарыз бергісі келмейтінін, оның орнына аз уақытта тез қайтарып беретін жеке тұлғаларға қарыз беруді жөн көретінін байқатады.  

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу