Банктер ставканы көтергеніне қарамастан халық несиені көптеп алып жатыр – экономист

3679

27 қазаннан бастап Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 14,5%-дан бірден 16%-ға көтерді. Экономистер тарапы қаржы регуляторының бұл әрекетін сынға алып жатыр. Әйткенмен, Пірматовтың өз дәйегі бар. Әдеттегідей инфляция үрдісіне сілтеген ол базалық мөлшерлемені көтеруден басқа амал жоқ дегенге келтіреді. 

Банктер ставканы көтергеніне қарамастан халық несиені көптеп алып жатыр – экономист Фото: inbusiness.kz

Осы ретте Inbusiness.kz тілшісі белгілі экономист Мақсат Халықтан Ұлттық банктің осы жолғы шешіміне баға беруді, сондай-ақ бұл қадам қарапайым қазақстандықтарға қандай әсерін тигізетінін сұрап көрді.

Ұлттық банк мобилизация әсерін жасырып отырған жоқ

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтергеннен кейін экономистер мен сарапшылардың басын қосып, жасалған қадамның дұрыстығын дәлелдеуге тырысыпты. Ол жиында Мақсат Халық та болған.

Экономистің айтуынша, қаржы регуляторы ең бірінші кезекте, инфляция үрдісін алға тартқан. Қазақстанда инфляция көрсеткіші 15,7% дейін шарықтаған. Осы себепті Ұлттық банк өкілдері инфляция қысымы халықтың арасында басым болып бара жатқанын мәлім еткен.

"Инфляцияның орын алуына негізгі себебі бар. Әдетте, жылда қыркүйекте инфляция мөлшері аз болатын. Күзде жеміс-жидек пісіп, тауардың көп түрі керісінше арзандап жатады сол уақыттарда. Соған қарамастан, инфляцияға қыркүйекте ең негізгі әсер еткен фактор – мобилизация. Ресейден өте көп азаматтардың келуі біздегі тауарлардың қымбаттауына әсер етеді. Соның ішінде өздері айтып отырғандай, жалға берілетін пәтерлердің бағасының бір айлық көрсеткіші 30% өсіп кеткен. Мұның бәрін олар (Ұлттық банк) жоққа шығарып отырған жоқ. Осының салдарынан инфляция шарықтап кетті деп отыр", – деді ол.

Экономистер Ұлттық банкті сынап жатыр

Мақсат Халықтың айтуына қарағанда, АҚШ-та доллардың пайыздық мөлшерлемені көтере бастаған. Бұған дейін ол мөлшерлеме 0,25% ғана көтеріліп келсе, бұл жолғы 0,75% бірден көтерген.

"Ол доллардың қатты қымбаттауына, күшеюіне әсер етеді. Еуро неліктен арзандады. Неліктен әлем елдерінің валюталары долларға қарағанда әлсіреп барады. Бәрі де доллардың пайыздық мөлшерлемесінің көтерілуіне байланысты", – дейді экономист.

Ұлттық банк осы себептердің бәрін тізе келе қатаңдатылған саясат жүргізу жөн деп шешкен. "Ұлттық банктің бұл әрекетін ақтауға бола ма сонда?" деген сұраққа Мақсат Халық "ақтауға да, даттауға да болады" деп жауап берді.

"Өйткені 14,5%-дан бірден 16%-ға көтеру – үлкен пайыз. Жыл басынан бері Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтеру тарихына мән берсеңіз, 4 мәрте көтерді. Көбінде пайызды қатты өсірмей көтеріп келе жатқан. Ал бірден 1,5%-ға көтеріп тастап отыр. Сарапшылар тарапынан бұл қадам сынға ұшырады. Экономистер 0,75%-бен екі бөліп көтеру керек еді деп жатыр", – дейді Мақсат Халық.

Базалық мөлшерлеменің көтерілуі. Халыққа әсері қандай?

Экономист базалық мөлшерлеменің көтерілуі ең бірінші кезекте, несие пайыздарын қымбаттатынын ескертеді. Ұлттық банк сол арқылы жалпы халықтың несие алу қарқынын төмендетуді көздеп отыр.

"Алайда жыл басынан бастап қарасақ, базалық мөлшерлеменің көтерілгеніне қарамастан, халықтың несие алуды доғаратын емес. Пайызының қымбат болуына қарамастан алып жатыр, алып жатыр. Осындай сценарийді көріп отырмыз. Егер несие алу үрдісі азайса, онда тауарларды сатып алуды азаматтар кейінге қалдыруы мүмкін. Өйткені несиенің пайыздары жоғарылап кетсе, азаматтар "үлкен пайызбен несиені қазір алғаным тиімсіз" деп ойлауы мүмкін. Артынша, тауарларды сатып алу үрдісі бәсеңдейді. Сөйтіп Ұлттық банк инфляция төмендейді деген позицияны ұстанып отыр", – дейді экономист.

Мақсат Халық базалық мөлшерлемені көтерудің оң жағы – теңгеге күш беретінінде деп атап өтті. Соңғы уақытта айырбастау пунктерінде теңгенің күшейіп қалғаны байқалады дейді ол.

"Депозитте теңгемен ақшаны ұстау тиімдірек болады. Депозиттердің де пайызы өседі. Депозитте кімнің ақшасы болса, жоғары пайызбен сыйақы мөлшерлемені ала алады. Демек, кімнің ақшасы бар, солар депозиттен ақшаны шешуге ынталы болмайды", – дейді сарапшы.

Бизнеске берілетін несие де қымбаттайды

Базалық мөлшерлеменің көтерілуінің тағы бір салдары – бизнес үшін де несиенің қымбаттайтынында дейді экономист. Айтуынша, бизнес өкілдеріне берілетін несие ставкасы Қазақстанда онсыз да қымбат болған. Енді тіпті қымбаттай түседі.

"Сол базалық мөлшерлеменің жоғары болуы елдегі экономикалық өсімге де кері әсерін тигізеді. Экономикалық өсімді тудыратын – іскерлік орта. Ал іскерлік орта айналым қаражатын арттырып, өндірісті кеңейткісі келеді. Ал қараса бәрі қымбат: яғни олар да несиеден бас тартады. Тиісінше, ол жағдай экономикалық өсімге кері әсерін тигізеді. Сондықтан да Үкімет тарапы Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтере бергеніне де сын айтатыны бар. Экономикалық өсім тежелсе, макроэкономикалық көрсеткіштер төмендейді. Мінекей, базалық мөлшерлеменің ел экономикасына осындай әсерлері бар", – деп түйді Мақсат Халық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу