Ұлттық банк банктердің бизнесті несиелеуін одан әрі кеңейту бағытындағы жұмысты жалғастыратын болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
"Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Үкіметпен бірлесіп, экономиканың нақты секторын, соның ішінде шағын және орта бизнесті кредиттеуді кеңейту бағытында жұмыс істеуді жалғастырып келеді. Осы бағытта бұған дейін де бірқатар фискалдық шаралар қабылданған болатын. Атап айтқанда, банктердің табысына салынатын корпоративтік табыс салығының сараланған мөлшерлемелері енгізілді. 2026 жылдан бастап бизнесті кредиттеуден түсетін табысқа 20% мөлшерлеме, ал өзге қызмет түрлерінен түсетін табысқа 25% мөлшерлеме қолданылады", – деп хабарлады Ұлттық банк.
Банктердің мемлекеттік бағалы қағаздардан түсетін табысына салық салу тетігі енгізілгені атап өтілді. Қаржы реттеушісінің хабарлауынша, банктердің шағын және орта бизнес жобаларына кредит бергенде, сондай-ақ ірі жобаларды синдикатталған қаржыландыруға қатысқанда капиталға түсетін жүктемені азайтуға жол ашатын жаңа реттеу шаралары қабылданды.
Ұлттық банк құзырлы органдармен бірлесіп банк несиелеуін одан әрі кеңейту бағытындағы жұмысын жалғастыратынын жеткізді.