Бар екен де, жоқ екен...

3824

Қойнауы көмірге толы Қарағанды өңірінде жұрт қара алтынға зар болып отыр.  

Бар екен де, жоқ екен...

Қарағандылықтардың іргедегі көмірге қолдары жетпей, ұлардай шулағаны үкіметке дейін жеткені мәлім. Кешегі күні ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев "көмірлі аймақта жұрт неге сарылып кезекте тұруы қажет" деп облыс әкімі  Ерлан Қошановқа  сауал тастап, жағдайды тез арада оңалтуға тапсырма берді.

Осыдан соң көмір мәселесіне селт еткен шенеуніктер кен орны басшыларымен кездесіп, жағдайды реттеуге тырысып бағуда. Атқамінерлердің пайымдауынша, көмір тапшы емес, былтырғыға қарағанда тіпті қара алтынды өндіру 1,5 млн тоннаға артыпты. Ал көмірге ұзынсонар кезектің түзілуіне ауа райының күрт суытып, тұтынушылар тарапынан сұраныстың артуы себеп болған. Яғни сөздеріне сенсек, көмір өндірушілер отынды таратып үлгермей жатқан көрінеді.

"Күн аяқ асты суытып кетті, оның үстіне тұтынушылардан сұраныс көбейді. Көмір мәселесінің туындауына бірнеше фактор әсер етіп отыр, мысалға жаңа үлгідегі пештерге көмір көп жұмсалады, көбісі осыған орай көмірді еселеп түсіретін болса керек. Халыққа көмірді молынан түсірем деп жанталасудың қажеті жоқ дер едім. Көмір жеткілікті, ол қазан, қараша, желтоқсан айларында тоқтаусыз өндіріледі", – деп облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров халықты сабырға шақырғандай болды.

Қарағанды облысының көмір өндіретін кен орындарында кезектің түзілгеніне жарты айдан асқан. Мұнда көмір алуға келген жүк көліктері үш-төрт күн бойы қаңтарылып тұрады. Нұра ауданының  тұрғыны Мұрат Жұмашев  ауылына көмір тасу үшін Шұбаркөлде үш күн бойы көлігінде түнеп, кен орнын торуылдағанын айтады.

"Иек астындағы көмірді ала алмаймыз. Алдымда 70 көлік кезекте тұрды. Үшінші күні кешкісін бір қорап көмірді әзер алдым" , – дейді Мұрат Жұмашев.

Қарағандылықтар көмір өндірушілер мен оны тасымалдаушылар бағаны  көтеру үшін осындай қадамға барып отырған шығар деп күдіктенеді. Өйткені былтыр да күн райы бірден құбылып,  қыс ерте түскенде дәл осындай көмір тапшылығы орын алмаған. Қазіргі уақытта көмір бағасы да удай. Ең арзан көмірдің тоннасы 11 мың теңге болса, сапасы жоғары көмірді 18 мың теңгеге алуға болады. Қарағандының басындағы бұл баға шалғайдағы ауылға жеткенше кемінде үш-төрт есеге өсіп кетеді.

Қарағанды қаласының тұрғыны, зейнеткер Раиса Әбілқасымқызы жылдағыдай емес, биыл көмір түсіру машақатқа айналғанын айтады.

"Бір рет көмір түсіру үшін 110-120 мың теңге ақша кетеді. Алатын зейнетақым 60 мың теңге. Мен неше ай бойы тамағымнан жырып көмірге ақша жинайтынымды есептей беріңіз", –  дейді қапа болған зейнеткер.

Облыс басшылығы көмір өндірушілермен келістік, енді  Шұбаркөл көмір кен орны екі ауысыммен көмір аламын деушілерге отынды беріп отырады деп сендіреді. Әрине бұл шаралардың көмір бағасының арзандауына оң ықпал ете қоюы екіталай. Баспасөз маслихатында "Шұбаркөл көмір" АҚ бірінші вице-президенті биылғы жылы тұрғындардан көмірге деген сұраныс бірнеше есе артқанын алға тартты.

"Біз бірінші кезекте теміржол арқылы коммуналдық-тұрмыстық нысандарға көмір жөнелтеміз. Содан соң міндетті түрде келісім шарт жасасқан кәсіпорындардың тапсырысын орындаймыз. Экспортқа жөнелту көлемі артып жатыр деп айта алмаймын, оның мөлшері бұрынғы мөлшерден асқан жоқ", – дейді "Шұбаркөл көмір" АҚ бірінші вице президенті Андрей Сафонов.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу