"Стоматологтер ісі" бойынша ел көлемінде тергеу жүргізілуде

511

Ақпарат құралдары кең ауқымды ұстаулар кесірінен Атыраудың уақытша қамау изоляторлары аузы-мұрнынан шыға толғанын хабарлауда. 

"Стоматологтер ісі" бойынша ел көлемінде тергеу жүргізілуде Фото: freepik

Жергілікті "Ақ Жайық" басылымының мәліметінше, Атырауда уақытша ұстау изоляторлары "тура мағынасында тұтқындалғандарға лық толды.

"Қамайтын орын қалалық полиция бөлімінде де, сондай-ақ облыстық департаментте де жетпей жатыр. Салдарынан қолдарына кісен салынғандарды алыс аудандарға және тіпті тірек пункттеріне дейін жіберіп, таратуға тура келіп жатыр. Стоматологтер ісі бойынша ұсталғандардың саны жарты жүзге жуықтады. Істер бойынша өтетіндердің бір бөлігін амалсыз, елден кетпеу туралы қолхат алып, еркіндікке жіберген", – деп мәлім етті "Ақ жайық".

15 қыркүйектен бастап, жергілікті соттар ұсталғандарға қатысты тұтқындау санкцияларын беру-бермеу туралы мәселелерді қарауға кіріскен. Күдікке іліккен адамның әрқайсысына бұлтартпау шарасы анықталады: олар не тергеу оқшаулағышына қамалады немесе үй қамағына жабылады.

Егер адвокаттардың қарсы шағымдарының бір бөлігін сот қанағаттандырса, уақытша ұстау изоляторларындағы камералар шамалы босайды. Бірақ көп ұзамай қайта толығуы мүмкін: қылмыстық қудалау жалғасуда.

Жергілікті ақпарат құралдары Экономикалық тергеулер департаментінің аумағында да жағдай күрделі екенін жазды. Оның автотұрағы қылмыстық іс аясында бұғатталған және алып қойылған түрлі көлікке шектен тыс толды. Жергілікті журналистер Атырауда тек полициядағы адам қамайтын темір тор ғана емес, автотұрақ орындары да жетіспейтінін айтады.

Өз кезегінде адвокаттар процестік бұзушылықтарға жол берілгенін мәлімдеді: оларды өз қорғауындағы адамдарды тергеуге жібермеген, хаттамалар да қателермен толтырылған. Заңгерлердің мәліметінше, мұндай олқылықтар тергеуге нұқсан келтіруі және айғақтық базаға сына қағуы мүмкін.

Әзірге тергеулер жалғасуда. Журналистердің пікірінше, бір нәрсе қазірден анық: "стоматологтер ісі" жүйені мүмкіндігінің шегінде жұмыс істеуге мәжбүр етті.

Бұл науқанның көрігі елдің батысында қызды: Қаржылық мониторинг агенттігінің Астанадағы және әртүрлі өңірлердегі қызметкерлері Атырауға келіп, қаланың әртүрлі аудандарында тінтулер жүргізуде.

Тергеу барысында іске қатысы бар ондаған адам тұтқындалған, олардың үйлерінен және жұмыс кеңселерінен ірі сомада қолма-қол ақша, қымбат автомобильдер, алтын құймалары, басқа да құнды заттар алып қойылды.

Зейнетақы жинақтарын заңсыз шешіп алып, қолма-қол ақшаға айналдыру схемаларына тартылған тіс клиникалары ғана емес, сондай-ақ делдалдар, бухгалтерлер, кеңсе қызметкерлері де Тергеушілердің нысанасына ілікті.

Еске сала кетсек, 2025 жылғы 9 қыркүйекте Ақордада, Мемлекет басшысының қабылдауында болған Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл бойынша қабылданған шаралар жөнінде баяндаған болатын. ҚМА басшысы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жалған стоматологиялық қызмет көрсету арқылы 200 миллиард теңгені заңсыз шығару фактілері анықталғанын жариялады. Қаражат жалған схемалармен кейбір жеке клиникалар арқылы шығарылған.

Елорда тұрғыны, банк менеджері Берік Қ. мұндай заңсыз қызмет көрсетушілер өзіне де кезіккенін әңгімеледі. Оның мәліметінше, БЖЗҚ-дағы жеткіліктілік шегінен асқан қаржыны шығарып алуға көмектесетіндер заңсыз қызметін ақпарат құралдары немесе әлеуметтік желі арқылы ашықтан-ашық жарнамаламайды. Олар туралы хабар жасырын, "ұзынқұлақ" көмегімен және мессенджерлердегі топтар арқылы таралады.

Берік былтыр WhatsApp топтардың бірінде "Басыартық зейнетақы жинағыңызды шешіп бере аламын!" деген хабарламаны байқайды. БЖЗҚ-да оның жеткіліктілік шегінен асатын 27 миллион теңге артық жинағы "босқа жатыр" екен.

"Қор оған татымды инвестициялық кіріс қоса алмай, қалпымен инфляцияға жем қылуда. Содан қызыға кетіп, хабарластым. Ар жақтағы қыз стоматологиялық клиника арқылы еш қиындықсыз шығарып беретініне, барлық жерде байланыстары барына сендірді. Тек 30%-ын өздері ұстап қалады. Қалғанын маған береді. 27 миллион туралы естігенде өз құлағына өзі сенбесе керек, қайталап сұрады. Содан соң 17 миллион теңгені шығара алатындарын жеткізді. Мен: "Стоматология арқылы шығару үшін емхананың ВКК-сының (дәрігерлік-консультациялық комиссияның) қорытындысы керек емес пе?" деймін. Ол қыз: "Бәрін өзіміз жасап береміз!" деді", – деп баяндады Берік.

Ақыры, отбасы мүшелерімен ақылдаса келе, бұл қызметке жүгінбеуге шешім қабылдапты. Өйткені делдалдарға отыз пайызын – 8,1 миллион теңгесін бере салуды қимаған, көпсінген екен. Сұхбаттасушымыз бүгінде жинағын өмірді сақтандырушы компанияға аударыпты. Әйелі екеуі аннуитетпен ерте зейнеткерлікті рәсімдеуге ниетті.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметіне сүйенсек, 2025 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, қазақстандықтар 2021 жылдан бері жеткіліктілік шегінен асқан зейнетақы жинағын стоматологиялық қызметтерге пайдалануға осы кезге дейін жалпы саны 955 454 өтініш беріпті.

Осы кезеңде олардың уәкілетті оператордағы – "Отбасы банкіндегі" арнайы шотына қордан 875 миллиард 229 миллион теңге аударылды.

Алайда өтініш иелерінің бәрі бірдей өздеріне аударылған соманы толыққанды игере алмапты. Қорытындысында, осы 4,5 жыл ішінде 107 121 өтініш иесінің 66 млрд 692 млн теңгесі БЖЗҚ-ға кері қайтарылды. Дегенмен, игеру үлесі бәрібір жоғары – 98,46%-ға жетті.

Осылайша, БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының 808 миллиард 537 миллион теңгесі тек стоматологиялық қызметтерді пайдалануға жұмсалған. Оның бәрін бірдей алаяқтық деуге әрине, болмайды. Себебі, Қазақстанда тіс емдету көп қаржыны талап етеді және ауыздағы бүкіл тісті тісжегі-кариестен тазарту, ағарту, 3D түсірілімге, рентгенге түсіру, дәрігердің қабылдауы және емдеу ақысы және басқа шығындары орта есеппен миллион теңгеден асады.

Жалпы алғанда, 2021 жылдан 2025 жылғы қыркүйекке дейін миллионға жуық – 976 299 қазақстандық емдеу мақсатында БЖЗҚ-дан 888 миллиард 963 теңгені алғызды.

Оның ішінде 115 347 адам қажетті құжаттарды жинай алмауы, дүние салуы, басқа қаржы қайнарын табуы, туысына беру ниетінен бас тартуы, басқа да себептермен 71 миллиард 770 млн теңгесін емдеуге пайдаланбаған. Бұл сома қордағы шотына кері қайтарылды.

"Қазақстандықтар қордағы зейнетақы жинағын стоматологиялық қызметтер сыртында, орфандық аурулардан емделуге (1 489 адамға 1 млрд 288 млн теңге), реконструктивтік және қалпына келтіру-пластикалық операцияларына (1 521 адамға 1 млрд 459 млн теңге), радионуклидтік және радиойодтерапияға (207 адамға 216 млн теңге), радиохирургиялық емдеуге (256 адамға 325 млн теңге), протондық терапияға (88 адамға 83 млн теңге), офтальмологиялық қызметтерге (15 464 адамға 8 млрд 755 млн теңге) пайдалануға өтініш берді және тиісті қаржылар уәкілетті оператордағы арнайы шотына аударылды", – деп хабарлады inbusiness.kz-ке БЖЗҚ.

Бұрын "Отбасы банк" басшылығы: "Емделген әрбір адамның тісіне қарап, аузына үңіліп жүре алмаймыз ғой" деген дәйектемені алға тартып, сұралатын құжаттардың топтамасы толық адамдардың бәріне зейнетақы жинағы есебінен стоматологиялық қызметтерді тұтынуына мүмкіндік беретін.

Алайда бұл мәселе Ақордада көтерілген соң "Отбасы банк" стоматологиялық қызметтерді төлеу үшін өтініштерді рәсімдеу кезінде жүйелі заң бұзушылықтар, асыра сілтеулер әшкереленгенін мәлімдеді.

Бұл ретте әртүрлі өңірлердегі көптеген клиенттердің дәл осы Атыраудағы тіс клиникаларында емделуден өтуді таңдауы құзырлы органдардың күдігін туғызды.

"Отбасы банк" дерегінше, 4,5 жылдай уақыт ішінде стоматологиялық қызметтерді пайдалануға бөлінген 808 миллиард 537 миллион теңге зейнетақылық жинақтардың 222 миллиард теңгеден астамын 20 клиника игерген. Оның жартысы Атырауда, қалғаны Алматы мен Астанада орналасқан. Мәселен, атыраулық бір ғана тіс клиникасы азаматтардың қордан аударылған 22,9 миллиард теңгесін бір өзі иеленіпті.

Осыған байланысты 2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап, зейнетақы жинақтарын осы қызметке пайдалануға өтініштерді қабылдау уақытша тоқтатылды. Әйткенмен, оны қайта жаңғырту жоспарланып отыр.

Айтпақшы, "стоматологтер ісін" қоғамдық пікір қолдап отырған жоқ. Әлеуметтік желіде пікір білдіргендердің үлкен бөлігі осы игіліктің арқасында тісін емдете алғандарын еске түсірді. Тағы бір бөлігі ешқандай қылмысты байқамапты.

"Шенеуніктердің өзі адамдарды осындай схемаларға итермелейді. Енді азаматтардың өзі жинаған жинағын шешіп алғаны үшін қудалауды қолдай алмаймын. Онсыз да үлкен ауқымды жеткіліктілік шегін бекітті емес пе? Одан асқанын жинақ иесі қалай және қандай мақсатқа пайдаланамын десе де еркі болуға тиіс. Әйтпесе қорда инфляцияға жем болып, текке жатыр. Қаржыны жылыстатумен күресуші органдар өз жинағын айналма жолмен шешіп алғандармен емес, қылмыс әлемімен күресуге жұмылуы қажет", – дейді Сейілхан есімді азамат.

"Бұл жерде қылмыстық құрам жоқ деген ойдамын. Өйткені БЖЗҚ-дағы ақша мемлекеттікі емес, жеке тұлғалардың жинағы. Егер қазақстандықтар шағымданбаса, қудалауға да негіз жоқ. Қайдағы қылмыстық іс, зардап шеккен кім?", – деп сауал тастады Галина.

Соған қарағанда, халық арасында түсіндіру жұмыстары ақсап жатқанға ұқсайды.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу