Бар үміт Қашағанда

2423

Қазақстан Қашағанның арқасында 85 млн тонна мұнай өндірмек.

Бар үміт Қашағанда

Қазақстан биыл 85 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті. Алайда ведомство бұған дейін 81 млн тонна мұнай өндіреміз деген болатын.  

Қосымша 4 млн тонна мұнай қайдан алынбақ? Бұл ОПЕК-тің қара алтынға деген сұраныс пен ұсынысты теңестіру үшін әлем бойынша мұнай өндіруді қысқарту туралы ұсынысымен қаншалықты сәйкес келеді? Дәл осы сұрақтар брифинг барысында энергетика министрлігінің өкілдеріне қойылды.

Энергетика министрлігінің мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры Қуаныш Құдайбергеновтің айтуынша, елдегі мұнай өндіруді арттырудағы барлық үміт Қашағанда.

"Осы жылы өндірілетін мұнайға қатысты болжам өткен жылдың соңында жасалды. Сол жылы қараша айында коммерциялық өндіру бойынша ең ірі жобалардың бірі – Қашаған іске қосылды. Сол себепті бастапқы болжамды батыл жасай алмадық. Өйткені кен орнындағы жұмыс қалай болатынын ешкім кесіп айта алмады. Кен орнын әзірлеп жатқан консорциум әлі күнге дейін жабдықтарды іске қосу сатысында. Егер ойламаған жерден кедергі туандамаса, онда Қашағандағы қазіргі өндіру деңгейімен жылына 85 млн тонна өндіре аламыз", – деп түсіндірді Қуаныш Құдайбергенов.

Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев соңғы үш айда Қашағанда орташа есеппен алғанда тәулігіне 200-210 мың баррель мұнай өндіріліп жатқанын айтты. Ал тәулігіне 370 мың баррель өндіруге консорциум бірте-бірте келмек.

"Жақында Қашағанда мұнай өндіруді бірте-бірте өсіру үшін газды қабатқа кері айдауға қатысты қанат қақты жобаны іске қостық. Алайда мұны абайлап іске қосып отырмыз, өйткені жер қабатының қуаттылықты қалай көтеретінін ескерген жөн. Егер шектеу жоқ екеніне көзіміз жетсе, онда №1 фаза барысындағы келесі кезеңге шығамыз, яғни тәулігіне 370 мың баррель өндіретін боламыз", – деді  Мағзұм Мырзағалиев.

Сонымен қатар ол тәулігіне 370 мың баррель өндіру – компанияның қолжеткізгісі келіп отырған көрсеткіші деп атап кетті.

"Әлемдік тәжірибеде нысаналы жоспарға бірден қол жетпейтіні көрсетілген. Мұнай өндірудің оңтайлы нақты көрсеткіші тәулігіне  80-85% болуы мүмкін. Бірақ бұған дейін айтып кеткенімдей, газ айдауға жер қабатының қалай әсер ететінін нақтылап алғаннан кейін ғана Қашағандағы өндіруді арттыратын боламыз. Сондықтан болжам жасау мен алдын ала уәде беруге аса бір сақтықпен қараудамыз", – деп қосты вице-министр.

Ал кен орны тәулігіне 450 мың баррель өндіру деңгейіне қашан шығуы мүмкін деген сұраққа вице-министр ол үшін жаңа "СС01" орталығын іске қосу керек екенін айтты. Бұл жоба жұмыс істеп тұрған компрессорларды жаңғыртуды, жердің үстіңгі қабатына газды кері айдау үшін қосымша компрессорларды салуды ұсынады.

"Басында 2024 жылға қарай тәулігіне 450 мың баррель өндіреміз деп жоспарлаған болатынбыз. Егер де бәрі жақсы болатын болса, онда 2021-2022 жылы осы деңгейге жетуге болады", – деді вице-министр.  

"СС01" жобасының нақты құны белгілі болғаннан кейін NCOC акционерлері Қашағанды игеру жобасына тағы қанша инвестиция салу керектігін білетін болады.

Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, ОПЕК-тің ұсынысына келетін болсақ, онда Қазақстан мұнай өндіруді қысқартуға қатысты өз міндетін орындаған.  Еске сала кетсек, ОПЕК және бұл ұйымға кірмейтін бірқатар елдер 2016 жылы Венада өткен жиында мұнай өндіруді тәулігіне 1,8 млн баррельге қысқартуға келіскен болатын.

Қазақстан келісім аясынла мұнай өндіруді тәулігіне 20 мың баррельге қысқартуға міндеттеме алып, оны алғашқы жартыжылдықта орындауға уәде еткен. Осы жылдың тамыз айында еліміз осы келісімге қатысты міндетін асыра орындады.

Келісім 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығына жасалған еді. Мамыр айында оның мерзімі тағы тоғыз айға, яғни  2018 жылдың наурыз айының соңына дейін ұзартылды. Мағзұм Мырзағалиев ОПЕК бұл келісімді одан әрі  созу туралы келіссөз жүргізіп жатпағанын айтты.

"Бұл құжат (өндіруді шектеуге қатысты) келесі жылдың наурыз айына дейін ғана жұмыс істейді. Ал келесі жылдың қалған тоғыз айына созу туралы мәселе 2017 жылдың соңында қаралатын болады. Кеше қазан айының екінші жартысында Венаға келуге шақырту алдық. Бұл – техникалық сарапшылар қатысатын кезекті кездесу. Бұған департамент директорлары қатысады", – деді вице-министр.  

Сондай-ақ вице-министрдің айтуынша, Қазақстан Қашағандағы мұнай өндіру көлемін төмендетпейді.

"Біздің әріптестеріміз Қазақстанның Қашаған жобасын жақында ғана іске қосқанын жақсы түсінеді. Бұл әлемдегі ірі кен орындарының бірі. Ол салынған қаражат пен әзірлеу құнын есепке ала отырып, өзін ақтап шығуға тиіс. Сондықтан оны тоқтатып немесе ондағы өндіруді шектей алмайтынымызды жақсы түсініп отыр", – деп қорытындылады Мағзұм Мырзағалиев.

Гүлназ Ермағанбетова, Күлпаш Қоңырова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу