Барлық кәсіби спорт клубтың шығынын тексеру басталды

2191

Жыл соңына дейін Президент әкімшілігіне ел күткен хат түспек. 

Барлық кәсіби спорт клубтың шығынын тексеру басталды

Футбол командаларының бюджет мойнында масыл болып отырғаны былайғы жұртты ғана емес, спорт қоғамдастығын да алаңдатады.

Ақша жылыстату көзі ме?

Әуесқой спортшы Аслан Қуатбек Мәдениет және спорт министрлігіне жазған хатында осы мәселеге енді Мемлекет басшысының да назар аудартып отырғанын еске салды. Президент Қ.Тоқаев жуырдағы жолдауында: "Қаржы тапшылығы кезінде мемлекет бюджеті есебінен кәсіби спорт клубтарын толықтай қамтамасыз етудің қажеті жоқ. Мемлекеттің және квазимемлекеттік компаниялардың бюджетінен млрд-таған теңге тиімсіз жұмсалуда" дей келе, бұдан былай тек бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беруді міндеттеді. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашуды жүктеді.

"Президент бұл салада шынында не болып жатқанын білгендіктен, осылай деп отыр. Ол түйткіл қанша министр ауысса да шешілмеді. Кәсіби спортқа бюджеттен және ұлттық компаниялардан ондаған млрд теңге босқа жұмсалуда. Одан келер пайда жоқ, ақша шетелдік легионерлердің қалтасына кетуде. Клубтардың шығындары негізсіз арттырылған. Оның бәрі айналып келгенде салық төлеушілердің иығына ауыртпалық болып түседі. Сорақысы сол, осылай бола тұра, салық төлеушілер бұқаралық спортпен айналысуға мүмкіндігі болмай қиналуда. Мысалы, "Барыстың" кешеніне жай адам тегін кіріп, жаттыға алмайды, қуып шығады. Кәсіби спорт – бірінші кезекте бизнес. Ол толығымен жеке, бәсекелестік ортаға берілуге тиіс" – деді А.Қуатбек.

Мемлекеттің міндеті – тек бұқаралық спортты дамыту, спорт секцияларының, үйірмелердің, спорт сарайлары мен кешендерінің спортқа әуес әрі ыңғайы бар әрбір ересек пен бала үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету. Кәсіби клубтардың рекрутерлері балалардың жаттығуы мен сайысын сырттай қадағалап, мол үміт күттіретінін таңдап, өз клубына шақырады. Бүкіл дамыған елде осылай. Мемлекеттің кәсіби клубтарға міндеті осымен, яғни жас дарындарға жол ашумен бітеді.

"Президент жолдауындағы кәсіби спорт клубтарын бюджеттен қаржыландыруды тоқтату тапсырмасын жүзеге асырудың нақты іс-шаралар жоспарын ұсынуды сұраймын" – деді Аслан Қуатбек.

Айтқандай, осыдан біраз бұрын FATF (Ақшаны жылыстатумен күрестің қаржылық шараларын әзірлеу ұйымы) өз есебінде шенеуніктер кәсіби клубтар арқылы бюджет ақшасын ұрлайтынын, пара алатынын, тіпті, қылмыстық жолмен табылған қаражатты заңдастыруы мүмкін екенін мәлімдеді. Мысалы, шетелден шақырылған легионерге 1 миллион доллар жалақы тағайындалуы мүмкін. Келімсек спортшы оның тек 20 пайызын ғана иеленеді, қалғанын "керекті адамға" тапсырады. Шетелдік спортшылар өз құқығын қорғай алмайды, жанжалдассам, қылмыстық іс қозғап, түрмеге отырғызып қояды деп қорқады.

Министр не дейді?

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Президенттің тапсырмасы сөзсіз орындалатынына сендірді. Ол тапсырма 14 қыркүйекте Мемлекет басшысының №413 жарлығымен қабылданған "Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарында" 74-ші бөлім болып бекітілді.

"Оған сәйкес, Үкімет әкімдермен және "Самұрық-Қазына" қорымен бірлесіп, бұған дейін кәсіби спорт клубтарын ұстап тұруға жұмсалып келген қаражатты халықты, бірінші кезекте балаларды дене шынықтыруға және бұқаралық спортқа тарту ісіне қайта бағдарлайды. Бүгінде біздің министрлік бар құжатты жинатып, құзырлы органдармен бірге кәсіби спорт клубтарының шығындарына талдау жүргізіп жатыр", – деді министр А.Райымқұлова.

Соның ішінде әрбір әкімдіктің футбол, баскетбол клубтарына бөлген қаражаттары талданады. Министрдің айтуынша, бұдан бөлек, клубтық командалардағы спортшылардың, жаттықтырушылардың және басшыларының жалақысын бекітетін жаңа заң қабылдау жоспарланған.

"Әйтпесе, шығынның үлкен бөлігі шетелдік спортшы-легионерлердің жалақысын төлеуге бағытталады. Жүргізілген жұмыстың қорытындысында біздің министрлік биылғы жыл соңына дейін осы мәселені шешу үшін қабылданған шараларды көрсетіп, Үкіметке және Президент әкімшілігіне хат жолдайды", – деді спорт министрі.

Талдықорғандық қоғам белсендісі Нұрдәулет Шынарбек футболшылардың араны ашылып бара жатқанын айтады.

"Мысалы, "Жетісу" футбол клубын ұстап тұруға осы маусымға облыстық бюджеттен 3 миллиард теңге көзделген. Бұл бүкіл Қазақстандағы осындай ең ірі шығынның бірі. Енді халық өзіне қымбатқа түсіп отырған клубтың ойынын тамашалайын, жанкүйер болайын десе, көктемде оның не негізгі, не запастық стадионы матчты қабылдауға дайын болмай шығады. Сертификаттаудан өтпейді. Салдарынан, клуб маусымды басқа қалаларда бастайды. Шығыны жыл сайын өскенімен, клубтың еш нәтиже көрсетпейтінін ескере отырып, оның бюджетінің бір бөлігін "Тобыл Арена" үлгісінде Талдықорғанда манеж тұрғызуға жұмсау қажет. Үлкені керек емес, 2500 көрермен сыйса болды", – дейді ол.

Айтқандай, "Тобыл Арена" манежін салуға Қостанай 4 миллиард теңге жұмсады!

Қоғам белсендісі жоғары жалақылы легионерлерден бас тартса, облыс қосымша шығынсыз заманауи аренаға қол жеткізетінін ескертті. Ал оған спортқа бейімді балалардың тегін кіруіне рұқсат етсе, онда жергілікті футболшылардың жаңа формациясын қалыптастыруға мүмкіндік туады.

"Кейбір лоббистер премьер-лигада сапалы ойын көрсету үшін клубтың бюджеті аз бола алмайтынын жағы талмай қайталап жүр. Ол – өтірік. Премьер-лиганың жаңа қатысушысы "Каспий" футбол клубын мысалға алуға болады: бастапқыда 900 миллион теңге бюджетпен қатарға қосылды, кейін ол бюджетті де айтарлықтай қысқартты. Соған қарамастан жергілікті жастарды жұмылдырып, көңіл тоярлық, комбинациялы футболды паш етуде", – дейді Н.Шынарбек.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу