Барлық Қазақстан азаматы Шенген визасының мөрінен жаппай айрылады

1214

Енді Шенген елдеріне баратын қазақстандықтардың паспорттарына тиісті мөр-штапм басылмайтын болды.  

Барлық Қазақстан азаматы Шенген визасының мөрінен жаппай айрылады Фото: WPK

2025 жылғы 12 қазаннан Еуропалық Одақ елдерінде жаңа "Кіру мен шығу жүйесі" (Entry/Exit System немесе EES) қолданысқа енгізіле бастайды, деп жазады inbusiness.kz.

Ол қазақстандықтардың және басқа шетелдіктердің Шенген аймағына кіргенін және одан шыққанын растап, төлқұжатқа басылатын қазіргі мөр-штамптарды енді цифрлық тіркеумен түпкілікті алмастырады.

Жаңа EES жүйесіне көшу бір күнде емес, кезең-кезеңмен жүргізіледі және келесі 2026 жылғы 10 сәуірде толығымен аяқталады.

EES тек 180 күн (жарты жыл) ішінде 90 күнге дейінгі мерзімге қысқа сапар жасайтын Еуроодаққа мүше емес елдердің азаматтарына ғана арналған.

Сонымен бір мезгілде Исландия, Лихтенштейн, Норвегия мен Швейцария азаматтары "Entry/Exit System" жүйесінде тексеруден өтуден босатылды.

Нәтижесінде, әрбір адамның Шенген аймағының шекарасын әрбір кесіп өтуі, сондай-ақ кіруге рұқсат етуден бас тарту оқиғалары осы жүйеде электронды түрде тіркеліп отыратын болады.  

Мұның қарапайым қазақстандыққа не пайдасы бар?

Еурокомиссияның мәлімдеуінше, EES шекаралық бақылауды жеделдету және оның тиімділігін арттыру үшін құрылып жатыр. Соның арқасында паспорттарды қазіргі қолмен тексеру – цифрлық тіркеуге ауыстырылады. Жолаушылар тиісті терминалдарда өз бетінше тексеруден өте алады.

Бұл ретте құзырлы органдар күдікті немесе іздеуде жүрген тұлғаларды іздеп табуға көбірек көңіл бөле алады.

"Жаңа жүйе туристерге және өзге келушілерге бақылаудан тезірек өтуге, ал, шекарашыларға – нысаналы түрде нақтырақ және жеделірек жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, EES заңсыз көші-қонның алдын алу құралына айналады", – деп хабарлады Еуропалық комиссия.

Жаңа жүйеде Шенген визасын алғысы келетін шетелдіктер консулдық қызметтер арқылы жүйеге биометриялық деректерін алдын ала тапсыруы – бет-жүзінің цифрлық көрінісін жасатуы және саусақ таңбаларын қалдыруы шарт.   

Осы арқылы құзырлы органдар еуропалық қалалар мен ірі елді мекендердегі бет-жүзді тану видеокамералары арқылы шетелдіктердің жүріс-тұрысын бақылайды, елде болу мерзімін бұзу жағдайларын анықтайды, құжаттарды қолдан жасау немесе визалық режимді заңсыз пайдалану деректерін әшкерелейді.

Еуропалық Одақ өзіне кіретін елдерді сендіруінше, жаңа жүйе Шенген аймағындағы қауіпсіздікті күшейтеді. Бұған әрбір саяхатшының қозғалысы туралы егжей-тегжейлі ақпаратты құқық қорғау органдарына ұсыну арқылы қол жеткізілмек. Мұның сондай-ақ терроризммен күресте және басқа ауыр қылмыстарды ашуда көмектесетіні алға тартылды.

Толыққанды жұмыс істеу үшін жаңа жүйеде келесі үлкен деректер (Big data) жиналады және сақталады:

  • Жол құжаттарында қамтылған барлық мәліметтер, соның ішінде шетелдіктің аты-жөні, туған күні, азаматтығы, банктегі салымдары және басқасы,
  • Шенген аймағындағы қай елден шыққаны, тағы қай елге кіретіні, күні мен орны,
  • Биометриялық мәліметтері (әзірге – саусақ таңбасы мен фотосуреті),
  • Кіруге рұқсат етуден бас тартылғаны туралы мағлұматтар болады.

Егер саяхатшы бұған дейін қысқамерзімді Шенген визасын алған болса, оның саусақ таңбалары ЕО (VIS) визалық жүйесінде сақтаулы тұрады және қайтадан сканерлеу талап етілмейді.

Дегенмен, жүйеде деректер түрлі шарттарына қарай 3-тен 5 жылға дейінгі мерзім бойы сақталады және бекітілген мерзім біткен соң автоматты түрде жойылады.

Содан кейін барлық қажетті мәліметтерді қайтадан енгізу қажет болады. Осы арқылы жүйе өзектілендіріледі және шетелдіктердің өзгерген деректерімен толығады.

Еурокомиссия EES-тің дербес деректерді қорғау туралы ЕО заңнамасының қатаң талаптарына толық сәйкес келетініне, яғни, одан азаматтардың құпия мәліметтерінің сыртқа ағып кетуіне жол берілмейтініне сендірді.

Жүйедегі ақпаратқа тек одаққа кіретін елдердің уәкілетті органдары, сондай-ақ тергеу аясында "Europol" еуропалық полициясы ғана қол жеткізе алады.

Егер жолаушы саусақ таңбасын қалдырудан немесе фотоға түсуден бас тартса, оның EES-ті қолданатын мемлекеттің аумағына кіруіне тыйым салынады.

Жүйенің жұмысына eu-LISA еуропалық агенттігі бақылау жүргізетін болады. Дәл осы ұйым сонымен бірге ұжымдық Еуропада бостандық, қауіпсіздік және әділ сот төрелігі саласындағы ірі ІТ-платформаларды эксплуатациялауға жауапты саналады.

Жалпы, Шенген аймағына қатысты реформа жүргізу мәселесін оған кіретін елдер бұрыннан көтеріп келеді. Өйткені бұл жүйе Африкадан, араб елдерінен, Ресейден және басқасынан мигранттардың және босқындардың Еуропаға заңсыз енуіне тосқауыл бола алмады.

Еурокомиссия бағалауынша, EES-ті енгізу Шенген аймағы тарихындағы шекаралық бақылау саласындағы ең ірі цифрлық реформаға айналады. Ол сондай-ақ Еуропаның "ақылды шекараларын" құру бағытындағы маңызды қадам болып табылады.

SchengenVisaInfo мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанда Шенген визасын алуға 179 446 өтініш беріліпті. Бұл – ел тарихындағы ең жоғарғы көрсеткіш және 2023 жылғы рекордтық саннан 12,8%-ға көп.

Бұл көрсеткіш өтініштер саны бойынша Қазақстанды әлемдегі 16-шы орынға шығарды.

Қазақстан осы арқылы халқының саны өзінен екі есе көп Өзбекстаннан да озып кетті: өзбек ағайындар 2024 жылы Шенген визасын алуға 58,6 мың өтініш беріпті. Бұл бір жыл бұрынғыдан 26,2% көп.

Алайда сарапшылар Қазақстанның көрсеткіші тек Еуропаға сапарлайтын қазақстандықтарды ғана қамтымайтынына назар аудартты. Ресей тұрғындары да Еуроодақ елдеріне визаны Қазақстанға келіп, өтініш беру арқылы алады. Украинадағы соғысты бастағалы, РФ-те еуропалық елдер консулдықтарын қысқартты.

Қазақстанда Шенген визасын алуға берілген өтініштер арасында былтыр ең танымал бағыт – Германия болды: 45 094 өтініш. Одан кейін Италия, Испания және Франция тұр.

Неге екені белгісіз, әлемде туристер үшін ең бір тартымды ел саналатын Голландия-Нидерланды Қазақстанда сұранысқа ие емес: бір жыл ішінде небары 20 адамнан өтініш түсіпті.

SchengenVisaInfo Қазақстанда өтініш иелеріне виза беруден бас тарту үлесі онша көп еместігін, 8,99%-ды немесе 16 134 адамды құрағанын ескертті. Оның өзінде негізінен Ресей азаматтарының меселі қайтарылған.

Ең көп бас тартатын ел – Хорватия: оның консулдығына өтініш бергендердің 81,57%-ының тауы шағылып қайтты.

Германия өтініштердің жалпы санының 15%-ына немесе 45 094 адамның 6 921-іне өзіне келуге рұқсат етпей қойды. Литва әсіресе, Қазақстан арқылы өтініш енгізген ресейліктерді жақтырмайды: салдарынан, бұл қазақстандық көрсеткішті нашарлатты және өтініш иелерінің 15,68%-ының өтініші қабылданбады.

Жалпы алғанда, қазақстандықтар бір жылда Шенген визасын рәсімдеуге шамамен 14,36 миллион еуросын (шамамен 9,3 миллиард теңгесін) жұмсапты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу