Барлық мектеп оқушыларының ата-аналарын алаңдатқан жаңалық жарияланды

548

​Қазақстанда кәсіптік-техникалық білім беру ісі құлдырап барады. 

Барлық мектеп оқушыларының ата-аналарын алаңдатқан жаңалық жарияланды Фото: canva

Орталық Азия елдері техникум мен жұмысшы мамандықтарына екпін түсіруде. Жетістіктеріне қарағанда бұдан олар ұтқан көрінеді.

Мысалы, Қырғызстанның ЖІӨ-сі соңғы жылдары өте жылдам қарқынмен өсуде, тіпті бұл жөнінен Алатаудың арғы баурайындағы туыстас ел жаһандық лидерлер қатарына енді. 2022 жылы ЖІӨ-сі – 7%, 2023 және 2024 жылдары – 9%-дан, ал, 2025 жылы – ғаламат 11,1%-ға артты.

Жиынтығында төрт жылда 36%-дан астам өсімге қол жеткізген. Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы Әділбек Қасымәлиев таяуда елдің ЖІӨ-сі 2 трлн сомнан асқанын мақтана жариялады. 2022 жылы бұл көрсеткіш 1 трлн 21 млрд болған еді. Осылайша, небәрі 3 жылдың (!) ішінде көрші елдің экономикасы екі еселенді.

Егер қырғыз ағайын осы өсу қарқынын сақтаса, онда небары 15 жылдан кейін Қырғызстанның экономикасы 64 триллион сомға жетпек. Бұл 735,6 миллиард долларға тең. Яғни, іргесіндегі үлкен Қазақстанның экономикасынан екі еседен көп ауқым. Онда мұнайға сеніп, мұзға отырған қазақстандықтар көршіге қызыға да қызғана қарайтын болады. Айтпақшы, қазірдің өзінде Бішкектегі элиталы баспананың шаршы метрінің құны Астанадағыдан екі есеге жуық қымбат тұрады.

Өзбекстан да әдемі өрлеудің әдісін тауып, алға нық қадам басып келеді: ЖІӨ өсімі кейінгі жылдары тиісінше, 5,7%, 6%, 5,6% және 7,7%-ды құрады. Нәтижесінде, төрт жылда шамамен 25% өсімді қанжығалады. Бұл апай-топайы шығып, даму орнына кері кеткен әлемдегі ең жоғары көрсеткіштің бірі.

Өзбек ағайынның да құпиясы қарапайым: ол Қазақстан сияқты жастарын экономист, адвокат, бухгалтер және басқа ақ жағалы кабинеттік мамандықтарға құмар етпеді. Керісінше, кейінгі онжылдықтар бойы бұларды қатаң шектеп, орнына "көк жағалыларға" және жұмысшы мамандықтарға басымдық берді. Колледждер саны артып келеді, олардың базасында жүздеген заманауи техникумдар құрылуда.

Ал, бізде ше? Қазақстан жүгіруден шаршаған, бұрынғы "медальдарына" марқайып, сонымен тоқтап, жолдың жиегіне жантая кетуге іңкәрланған марафоншының қарқынымен қозғалып келеді. ҚР ЖІӨ-сі 2022 жылдың қорытындысында небәрі 3,1%-ға, 2023 жылы – 5,1%-ға, 2024 жылы – 5%-ға, 2025 жылы – 6,5%-ға өсті. Жиынтығы – 19,7% ғана.

Барған сайын сағымдана түскен сала

Экономикаға қосымша серпін беруге техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) жүйесі толық қауқарлы. Әйтеуір, ҚР Оқу-ағарту министрлігі оны осылай таныстырады. "Қазақстанның техникалық білімі – жаңа индустрияның драйвері. Әлемдік экономика еңбек нарығын түбегейлі өзгертіп жатқан жағдайда, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі жоғары технологиялық экономиканың негізгі тірегіне айналады", – делінген ведомствоның сайтында.

Құлаққа жағымды естіледі, көңілге желік береді. Бірақ саланың жағдайына қарасаңыз, көңіл-күй су сепкендей басылады. Сарапшылар саланы созылмалы дағдарыс жайлағанын жасырмайды. Әдетте сабырлы ресми статистиканың өзі соны растайды. Ұлттық статбюросы "ТжКБ ұйымдары санының жыл сайынғы тұрақты қысқаруын" тіркеуде.

"2025 жылы 2021 жылмен салыстырғанда ТжКБ ұйымдарының саны 2,5%-ға азайды. Студенттер саны керісінше, 13,7%-ға артты. Егер 2021 жылы Қазақстанда 724 колледж жұмыс істесе, қазір 706-сы ғана қалды. Кейінгі жылдары 18-і жабылды", – деп хабарлады статистика органы.

Салыстырсақ, ӨР Ұлттық статкомитетінің мәліметінше, Өзбекстанда мұндай мекемелердің саны 845-ке жеткен және саны артып келеді: соңғы екі жылда заманауи 18 колледж ашылды. Жаңа реформа басталды, оның аясында колледждер мен кәсіптік мектептер негізінде биыл 600 техникум құрылады. 2025 жылы 515 техникум студенттерді қабылдады. Маман даярлауға қатысты көршінің тәсілі мүлдем бөлек.

Колледж қалдық қағидатымен "қоректенеді"

Оның үстіне Қазақстандағы колледждер саны ары қарай азаюы мүмкін: депутаттар 90-ы жабылады дейді. Ахуал соған мәжбүрлейді. Шенеуніктердің техникалық-кәсіптік білім беруге деген көзқарасын мына бір жайт аңғартатындай: оларды ашқұрсақ күйде ұстауда.

ҰСБ мәліметінше, мемлекеттің білім тапсырысымен бергенін, ақылы оқитын студенттерден түскенін, бизнестің инвестициясын қоса алғанда, отандық барлық колледждердің көрсеткен қызметтерінен тапқан кірісі 2024 жылдың IV тоқсанында 133 млрд 747,3 млн теңгені құрапты.

2025 жылғы I тоқсанда ол 111 млрд 660,7 млн теңгеге дейін күрт құлаған. Ал, III тоқсанда – тіпті 95 млрд 862,8 млн теңгеге дейін құлдырапты. 2025 жылдың IV тоқсанында көрсеткіш 138 млрд 690 млн теңгеге дейін өсті, бірақ бұл жылдық төмендеудің орнын толтыра алмады. Жалпы, бұл саладағы жағдай жүйкені жұқартатын деңгейге жетіпті.

Саладағы күйзелісті көрсететін ең жарқын мысал – жан басына шаққандағы қаржыландыру. ШҚО Кәсіпкерлер палатасының білім беруді дамыту жөніндегі кеңесінің төрағасы Ерсайын Нәбиевтің мәліметінше, бүгінде колледждерге мемлекеттің 1 студентті маман ретінде даярлауға төлейтін төлемінің орташа мөлшері жылына шамамен 430 мың теңгені ғана құрайды. Салыстырсақ, жан басына шаққандағы қаржыландыру:

• балабақшаларда 700 мың теңгеге жетеді,

• мектептерде – 800 мың теңгеден асады,

• ЖОО-ларда – бір білім алушыға 1 миллион теңгеден жоғары.

Барабар балабақшаға да тең болмады. Бірақ колледж – бұл тек парта емес. Ол – үнемі жаңартуды қажет ететін зертханалар, практика үшін қажетті қымбат шығын материалдары және заманауи шеберханалар. Осының бәрін 430 мың теңгеге сыйғызу – қиял-ғажайып ертегісі сияқты.

Кәсіпкерлер палатасына шағымданған колледж басшылары ТжКБ-да білім беру тұрақты инвестиция құюды талап ететінін ескертті. Нақты зауыт-кәсіпорынға және өндірістің технологиялық талаптарына толық жауап беретін жұмысшы мамандарды даярлау үшін лайықты қаржыландыру болса екен дейді.

Педагогтардың жалақысы да саланың "бас ауруына" айналды. Төмен жалақы білікті кадрлардың тұрақты кетуіне әкеп соқты: біреулері мұғалімдерінің айлығы жақсы мектепке ауысса, енді біреулері тікелей өндірістік секторға, бизнеске кетіп жатыр.

2025 жылдың басында Оқу-ағарту министрлігі сол жылдың 1 қыркүйегінен бастап жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландырудың орташа мөлшері бір студентке 912 мың теңгеге дейін өсетінін жариялады. Іс жүзінде бұл уәде орындалмады.

Кейінірек ол межені 2026 жылдың 1 қаңтарына ысырды. Бұл мерзім де өтті, студенттің соңынан сонша қаржы еріп келіп жатқан жоқ, дейді арызданушы колледж директорлары.

ТжКБ жүйесіне арналған жан басына шаққандағы қаржыландыруды арттыру тіпті "2026 жылға арналған республикалық бюджет туралы" заңында қарастырылған екен. Бірақ Үкіметтің қаржыгерлері тиісті қаржыны сол бойы бермей қойса керек.

Бұған қоса елдің бас педагогі Жұлдыз Сүлейменова қолына "қысқарту қайшысын" алып, қатаң қимылдауға кірісті. Бұдан бұрын, 2026 жылғы 13 ақпанда Оқу-ағарту министрі өңірлік білім басқармалары мен аумақтық сапаны қамтамасыз ету департаменттерінің басшыларын онлайн кездесуге жиып, сонда осы шешімін жариялаған болатын.

"Оқу-ағарту министрлігі бюджет шығындарын үнемдеуге кірісті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес, министрлік шығындарды азайтуда", – делінген министрліктің хабарламасында.

Бұл "ертең айтпады демеңдер" деп ескерткендегісі сияқты.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Әсет Әділхан қаржыландыру мәселесі жүйелі сипаттағы проблемаға айналғанын жасырмады. Оның түсіндіруінше, салада "екіжүзді стандарттар" байқалады.

"Білім сапасы, стандарттардың сақталуы, оқытушылардың біліктілігі немесе материалдық-техникалық база туралы сөз болғанда, мемлекеттік және жекеменшік колледждерге бірдей талаптар қойылады. Ал, мәселе ақшаға келіп тірелгенде, жекеменшік колледждер шөміштен қағылып, жеткілікті қаржыландырылмай қалады. Бұл кәсіпкерлердің орынды ренішін туғызады", – деді Әділхан.

"4 лига" схемасы саланың түбіне жетпей ме?

Саладағы жағдай Парламент депутаттарын да мазалап жүр. Таяуда бір топ мәжілісмен Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға хат жолдап, колледждерді бағдарламаларының деңгейіне қарай "лигаға" бөлу жоспарына келіспейтіндерін білдірді.

"Бұл идея сарапшылардың, педагогтардың, ата-аналардың және бизнес өкілдерінің орынды қаупін тудырды. Мұндай жүйе білім алушылар құқықтарының шектелуіне және білім берудегі теңсіздіктің күшеюіне әкеп соғуы мүмкін. Колледждерді "көшбасшылар" мен "әлеуметтік" деп бөліп, айдар тағу соңғы топқа кіретін білім ұйымдарының дипломдарының құнын түсіреді. Салдарынан олардың түлектерін жұмыс берушілер менсінбей, сапалы жұмыс орындарынан қағады. Әлеуметтік жіктелу ушығады", – деді Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова.

Сондай-ақ депутаттардың байламынша, өңірлерде кадрлық дағдарыс туындауы мүмкін: үздік педагогтар, білікті шеберлер мен сарапшылар "ТОР-колледждерге" кетіп қалады. Бұл аутсайдер-колледждердің құлдырауына, бағдарламалардың жабылуына және өңірлерден жастардың жаппай кетуіне әкеледі.

Өйткені аудандарда университет-академиялар атымен жоқ. Дәл осы ТжКБ ұйымдары білім мен ғылым ордасы қызметін атқарады. Ауылдың білім қуған жасы соларды айналшықтайды.

Көптеген аудан-қалада колледждер мамандар даярлайтын жалғыз орын болып табылады. Ол жабылып қалса, бұл аймақтағы кәсіпорындардың, тіпті тұтас салалардың дамуына соққы болады. Сондай-ақ ауыл-аудандардың экономикалық әлеуетін күйретуі мүмкін.

"Әсіресе, төртінші лигаға жатқызылатын колледждерге қиын болайын деп тұр. Алдын ала мәліметтер бойынша олардың саны 90-ға жуық. Көбі шағын, моноқалалар мен ірі ауылдарда орналасқан. Мұндай колледждер мемлекеттік қолдаудан және студенттерге арналған гранттардан айырылады. Бұл олардың жабылуына соқтыратыны анық. Шекара жақтан ел ауған қазіргі күрделі демографиялық жағдайда бұл шешім тұрғындар үшін, шалғайдағы жастар үшін қаншалықты жақсы болар екен? Өңірлердегі жастар басқа жерден орын таба ала ма? Осы колледждердің 9 000-ға жуық қызметкері қайда жұмысқа орналасады? Бұл мәселелер шешуді талап етеді", – деді депутат Смирнова.

Масқарасы сол, белгілі болғандай, бұл саралау (ранжирлеу) депутаттардың өздері қабылдаған заңда бекітіліпті. Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов 2025 жылғы 4 желтоқсанда Президент "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойғанын, ол 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілетінін еске салды.

Заңда парламентарийлер Оқу-ағарту министрлігіне "техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарын саралау қағидаларын әзірлеуді және бекітуді" (5-бап, 54-2)-тармақша) жүктеді. Дегенмен, министрліктің өзі мұны құптамай отырған көрінеді.

"Талдау нәтижесінде колледждерді 4 лига бойынша саралау тетігін енгізу елеулі тәуекелдерге әкелетіні анықталды. Атап айтқанда, бұл ТжКБ (ТжКОББ) ұйымдары арасындағы әлеуметтік теңсіздіктің күшеюіне, демографиялық ауыртпалықтың өсуі жағдайында ауылдық колледждердің әлсіреуіне, жұмыс берушілерде әртүрлі лигалардың түлектеріне қатысты тең емес, кемсітушілік көзқарасының қалыптасуына, сондай-ақ 4-ші лигадағы колледждердің педагогтарына санаттық үстемақылардың төленбеуіне әкеледі. Бұл өз кезегінде жалақының төмендеуіне, кадрлардың кетуіне және әлеуметтік шиеленістің артуына себеп болуы ықтимал", – деп нықтады оқу-ағарту вице-министрі.

Жалпы алғанда, оның тұжырымдауынша, әлгі аталған факторлар ел экономикасы үшін кадрлар даярлау сапасына теріс әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты министрлік бұл механизмді енгізу тетігін қосымша пысықтап, оның зардаптарын талқылауды көздеп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу