Баррель неге 0 доллар?

5989

Америкалық компаниялар мұнайды клиенттерге ақы төлеп алдыра алмай жатыр. 

Баррель неге 0 доллар?

Дүйсенбі күні Американың шикі мұнайының құны 0 доллардан да төмендеп кетті.  Тарихта бұрын болмаған оқиға. Дәлірек айтсақ, көмірсутегінің баррелі бірден 50 %-ға арзандап, 0-ден - 30 долларға түсті. Яғни, трейдерлер мұнайдан құтылу мақсатында клиенттерге оның әр "бөшкесін" алғаны үшін тіпті 30 доллар төлеуге дайын. Бірақ осы ұсыныстың өзіне қызығушылық шамалы. Өйткені бүгінде мұнай сақтайтын орын табу мұң, ал сұраныс бұрынғыдай емес.  

Қазір әлемде коронавирус пандемиясына байланысты миллиардтаған адам үйде отыр және экономикалық белсенділік мейлінше төмендеп, дүниежүзілік нарықта артық мұнай шектен тыс көбейіп кетті.

"Нью-Йорк Таймс" газетінің дерегінше, әлем қоймаларында 6,8 млрд  баррель шикізат сақтайтын мүмкіндік бар. Бірақ соның 60%-ы толық. Өңдеуші зауыттар болса, мұнайды бензинге, дизельдік отынға айналдыруға аса ниетті емес. Себебі жанармайды сатып алатын көлік және тасымалдаушы компаниялар тоқтап тұр, адамдар бұрынғыдай ұшақтармен сапарларға аттанбайды, халықаралық сауда болса, күрт бәсеңдеп кетті.

Болжамдарға қарағанда, Кариб теңізі жағалауындағы, Оңтүстік Африкадағы, Анголадағы, Бразилиядағы, Нигериядағы энергетикалық шикізат сақтайтын қоймаларда алдағы бірнеше күнде орын қалмауы мүмкін. Осыған байланысты, трейдерлер  кемелерді жалдауға кірісті. "Рейтер" агенттігінің мәліметінше, бүгінге дейін жер шарында 160 млн баррель шикізат танкерлерге тиеліп, порттарда тұр.

АҚШ-тың өзінде де қолданылмаған мұнай тез көбейіп келеді. Мәселен, Оклахомадағы "Кюшинг" қоймасында оның көлемі бір аптада 9 %-ға өсіп, 61 млн баррельге жеткен.

Дүйсенбіде өткен брифингте президент Дональд Трамп мәлімдегендей, "АҚШ үкіметі 75 млн баррель мұнайды Стратегиялық Мұнай Резервіне жеткізу жолдарын қарастырып жатыр. Бұл қор 1973-1974 жылдардағы мұнай эмбаргосынан кейін құрылып, оған энергетикалық дағдарыстар кезінде қажет болатын шикізат сақталды.

Пайдасыз пәтуа

Бірнеше айдан бері планетада коронавирус пандемиясы өршіп тұр. Бұл жағдай – отынға сұранысты азайтып, мұнай бағасын түсірген негізгі фактор. Көмірсутегінің нарқын қайта көтеру үшін Ресей мен Сауд Арабиясы баға соғысын доғарып, осы айда мұнай өндірісін тәулігіне 9,7 млн баррельге қысқартуға келісті. Алайда бұл пәтуадан әзірге пайда болмай тұр.

Экономистердің есебінше, әлемде мұнайға сұраныс тәулігіне 29 млн баррельге азаяды. Бұл көрсеткіш – Саудия мен Ресей, Қазақстан ж.т.б (ОПЕК+) қысқартқан рекордтық көлемнен үш есеге жуық жоғары.

Дегенмен, Wall Street Journal газетінің хабарлауынша, Сауд Арабиясы мұнай өндірісін мамырды күтпей, мейлінше таяу арада қысқартуға кірісу жолдарын қарастырып жатыр.

Brent маркалы мұнайға келсек, ол жыл басынан бері 60 пайызға, Американың WTI сұрыбы 130 %-ға арзандады. Соңғысын өндіру тіпті маңызын жоғалта бастады деуге болады.

Rystad Energy орталығының дерегінше, АҚШ-та мұнай бағасы 20 долларға дейін түссе, 533,  ал  10 долларға дейін арзандаса, 1100-ден астам мұнай компаниясы 2021 жылдың соңына дейін банкротқа ұшырайды.

Ғалам экономикасының әсері

Ғаламдық өндірістің әлсірегені туралы деректер де мұнай бағасына қысымды күшейтіп отыр. Германия экономикасы қазір ауыр рецессияны бастан кешіп жатыр. Коронавирусқа қатысты шектеулер кесірінен оның тез арада қалпына келуі екіталай. Мұны осыдан бірер күн бұрын Bundesbank сарапшылары мәлімдеді.

Жапония экспорты болса, наурызда соңғы төрт жылдағы минимумға дейін азайған.

Мұнай бағасы қалпына келуі мүмкін бе?

Йә, тез арада қалпына келуі мүмкін. Америка мұнайының соншалықты құнсыздануына мамырда жеткізілетін шикізат нарқы себепші. Келесі айда сұраныс барынша төмендеп, ұсыныс артады деген болжам бар. Ал, бүгіннен бастап, трейдерлер маусымдық фючерстерді саудаға салады. Олар қымбатқа өтуі мүмкін. Себебі, жаздың бірінші айында Covid-19 дағдарысы біршама әлсіреп, экономикамлық белсенділік артып, әлемде энергетикалық отын тұтыну деңгейі айтарлықтай көтеріледі деген үміт бар.

PS. "Рейтер" агенттігінің хабарлауынша, сейсенбі күні WTI маркалы мұнайдың мамырда жеткізілетін партиясы 1,10 долларға дейін қымбаттаса, оның маусымдық тапсырысының бір баррелінің нарқы 22.15 долларға саудаланған.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу