30 сәуірде УЕФА Чемпиондар лигасының жартылай финалында Испанияның "Барселона" мен Миланның "Интер" командалары арасындағы алғашқы ойын 3:3 есебімен тең аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Кездесудің алғашқы минуттарында "Интер" клубының ойыншысы Маркус Тюрам гол соғып, есеп ашты. 21-ші минутта Дензел Дюмфрис бұрыштамадан келген допты қақпаға бағыттап, есепті 2:0-ге жеткізді.
"Барселонаның" 17 жастағы футболшысы Ламин Ямаль ойынның 24-інші минутында гол соқты. Кейіннен испаниялық клубтың футболшысы Ферран Торрес есепті теңестірді.
"Интердің" ойыншысы Дюмфрис қақпаға тағы бір гол салып, командасын алға шығарды.
Ойынның соңында италиялық клубтың қақпашысы Ян Зоммер өз қақпасына гол жіберіп, осылайша есеп қайта теңесті.
Қарымта кездесу 6 мамырда Милан қаласында өтеді.