"Барыс" алтыншы мәрте Президент кубогін жеңіп алды

1566

Елордалық "Барыс" Қазақстан Республикасы Президенті Кубогының финалында қарағандылық "Сарыарқаны" жеңіп, қатарынан алты мәрте кубок иегері атанды.

"Барыс" алтыншы мәрте Президент кубогін жеңіп алды

Кездесу Нұр-Сұлтанда өтіп, 7:3 есебімен "Барыстың" пайдасына аяқталды. Бірінші кезеңде ойынның алғашқы он минутында елордалық клуб хоккейшілері үш гол соқты. Гол авторлары Кертис Волк (4-минут), Егор Шалапов (7) және Мэтт Фрэттин (9).

Алайда "Сарыарқа" үзіліске дейін-ақ есеп айырмашылығын қысқартып, Степан Грымзин мен Сергей Голоднюк гол соқты.

Екінші 20 минуттың басында қарағандылық клуб есепті теңестірді. Бұл жолы Грымзин дубль жасады. Алайда, 34-минутта Якоб Лильяның арқасында "Барыс" тағы да алға шықты. Кезеңнің аяқталуына 28 секунд қалғанда Даррен Диц есепті еселеді. Ал соңғы кезеңде "Барыс" басымдығын нығайтып, Егор Петухов (49-минут) алтыншы голды "Сарыарқа" қақпасына салды. Матчтың аяқталуына 34 секунд қалғанда Роман Старченко ойынның нүктесін қойды..

Осылайша "Барыс" тарихта алтыншы рет кубокты жеңіп алды.

Финалдық кездесу аяқталған соң Президент кубогін ұйымдастырушылар үздік ойыншыларды марапаттады. "Барыс" ойыншысы Никита Бояркин үздік қақпашы деп танылды. Ал "Сарыарқа" сапынан Дмитрий Молодцов үздік  қорғаушы, Сергей Голоднюк үздік шабуылшы, "Барыс" ойыншысы Коди Куник турнирдің үздік бомбардирі атанды.

Айта кетейік, енді Құрлықтық Хоккей Лигасының жаңа маусымын "Барыс" 3-қыркүйекте өз айдынында Уфаның "Салауат Юлаев" хоккей клубына қарсы өтетін матчпен бастайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу