"Барыс" ашық жаттығу өткізді

382

"Барыс" жаңа маусымды 2-қыркүйек күні өз айдынында "Салават Юлаевқа" қарсы өтетін матчпен бастайды.

"Барыс" ашық жаттығу өткізді

30 шілде күні "Барыс" жанкүйерлер мен БАҚ өкілдеріне арнап ашық жаттығу өткізді. Бұл туралы елордалық команданың баспасөз қызметі мәлімдеді. Астаналық команданың жаңарған құрамы бірнеше жаттығу жасады, ал кейіннен клуб жүйесі ойыншылары қатысқан екіжақты матч өтті. Мыңға жуық адам қатысқан ашық жаттығу соңында фанклуб өкілдері командаға тілектерін айтып, жылы лебіздерін жеткізді. Дәстүрлі ортақ суретке түсумен шара нүктесі қойылды.

"Барысқа" қайта оралған, әзірге жеке жоспар бойынша дайындық жүргізіп жатқан Роман Старченко БАҚ өкілдерімен тілдесті.

"Қызықты шара. Жанкүйерлер команданы жаңа маусымда қыркүйекте ғана көреді, сондықтан дұрыс шешім деп ойлаймын. Алда бір ай дайындық пен екі турнир бар, ал қыркүйектің басында "Барыс-Аренада" қайта қауышамыз", - деді Старченко.

Айта кетейік, өткен маусымда шабуылшы мәскеулік "Спартак" сапында өнер көрсетті. Ал жаңа маусымда "Барысқа" қайта оралды. Біржақты келісімшарт бір маусымға 2024 жылдың 30 сәуіріне дейін есептелген. Форвард 14 маусым бойы "Барыс" намысын қорғады. Роман Лигада 200 шайба соққан әрі бұл жетістікке бір команда сапында қол жеткізген санаулы ойыншылардың бірі. Старченко клуб тарихындағы екінші снайпер екенін айта кеткен жөн.

"Барыс" маусымды қысқа өз алаңындағы сериямен бастайды. 2 қыркүйекте қазақстандықтар Астанада "Салават Юлаевпен" ойнайды, 4 қыркүйекте "Сібірді" қабылдайды. Бұдан әрі "Барыс" Новосибирск – Омбы – Мәскеу бағыты бойынша көшпелі турға аттанады. "Сібір", "Авангард" және "Динамо" кездесулері сәйкесінше 7, 9 және 11 қыркүйекте өтеді.  Елордалық команда үшін тұрақты чемпионат 26 ақпанда аяқталады. Бұл күні "Барыс" өз аренасында "Сібірді" қабылдайды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу