"Барыс" буллитте "Адмиралға" есе жіберді

750

Негізгі уақытта ойын тең аяқталғанымен, буллиттер сериясында "Адмиралдың" жолы болды. 

"Барыс" буллитте "Адмиралға" есе жіберді Фото: «Барыс» ХК

Дүйсенбіде Леонид Тамбиевтің шәкірттері өз айдынындағы матчтар сериясында СКА командасынан жеңіліп қалды(1:2). Санкт-Петербург ойыншыларынан жалғыз шайбаның авторы Тайлер Граовац болды. Ал "Барыс" өткен турда қонақта овертаймда нәтижелі жекпе-жек өткізіп, "Нефтехимик" (6:5) командасын жеңді. Понтус Оберг хет-трик жасап, Кирилл Савицкий мен Самат Данияр маусымдағы алғашқы шайбаларын соқты. Райли Барбер (матчта 1+3) және Давид Скленичка (0+3) өздерінің нәтижелі серияларын бес ойынға дейін ұзартты.

Елордалық команда ойыншыларына келер болсақ, Батырлан Мұратов жарақат алғандар тізімінен шығарылғанымен, қорғаушы Алекс Грант пен шабуылшы Дмитрий Гурков әлі жарақаттарынан айыққан жоқ. Сондай-ақ Роман Старченко да жарақат алғаннан кейін қалыпқа келуде.

"Барыс" пен "Адмиралдың" биылғы маусымдағы алғашқы кездесуі 4:3 есебімен, елордалық команданың жеңісімен аяқталған еді. Алайда бүгін "Адмирал" айласын асырды. Астанада өткен кездесудің негізгі уақыты 2:2 есебімен тең аяқталды. Бірінші кезеңде астаналықтар көзге түсе алмағандарымен, келесі екі кезеңде есе қайтарды. Қонақтар сапынан Джованни Фиоре (2-минут) мен Прохор Корбит (25-минутта) гол соқты. Ал Андрей Скабелка шәкірттері бұған Понтус Оберг (39-минут) пен Райли Барбердің (44-минут) дәл соққыларымен жауап берді. Нәтижесінде кездесу овертаймға ұласты.

Қарсыластар овертаймда да өзара мықтыны анықтай алмағандарымен, буллитте "Адмирал" хоккейшілерінің жолы болды – 2:1. Бүгінгі сәтсіздікке қарамастан, он ұпаймен "Барыс" Шығыс конференциясының кестесінде тоғызыншы орында қалды. Сегіз ұпай жинаған "Адмирал" соңғы 12- орыннан 11- орынға көтеріліп, сәл де болса турнирлік кестедегі жағдайын жақсартты.

"Барыс" келесі кездесуін 30 қыркүйек күні өз айдынында новосібірлік "Сібір" командасына қарсы өткізеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу