"Барыс" ЦСКА-ны ірі есеппен жеңді

1165

"Барыс" маусымның қонақтағы матчтар сериясын Мәскеудегі кездесумен бастады. Қазақстандық ұжым Батыс конференциясының көшбасшыларының бірі – ЦСКА-мен ойнады.

"Барыс" ЦСКА-ны ірі есеппен жеңді

Мәскеуліктер маусымды жақсы бастап, чемпионаттағы дебютте бес матчтың төртеуінде жеңіске жетті. Өткен турда ЦСКА үйдегі ойында "Локомотивтің" сағын сындырды - 3:1. Ал сенбі күні Юрий Михайлистің командасы үйдегі ойында "Спартактан" жеңіліп қалды. Мұз айдынының иелері қарсыластар қақпасына тағы да бір шайбадан артық соға алмады. Жалпы өткен маусымда ЦСКА мен "Барыс" екі ойын өткізді. Екі ретте де Ресей астанасынан келген команда мықтылығын көрсетті (3:1 және 2:1). Ал жаңа маусымдағы ЦСКА-ға қарсы өткен матчта жағдай мүлде басқаша болды.

Бұл жолы елордалық хоккей клубы ЦСКА-ны ірі есеппен жеңді. Тартысты өткен матч 6:3 есебімен аяқталды. Қазақстан құрамасының бапкерлер штабы соңғы кездесумен салыстырғанда ойыншылар құрамын аздап өзгертті. Үздік үштікте Кристиан Томастың орнына Якоб Берглунд, Валерий Ореховтың орнына Роман Савченко шықты. Джо Морроу "Барыс" жейдесінде алғашқы ойынын өткізді. Ал қақпаны алғашқы минуттардан бастап Никита Бояркин қорғады.

Барыс ойынды жақсы бастады. Қатарынан екі пенальтиге ие болды және Рейдеборнның қақпасына екі рет шабуылға шықты. Алайда, бұл нәтиже бермеді. Керісінше ЦСКА бірінші болып есеп ашып, Нестеров көзге түсті. Сәл кейінірек Слепышев алаң иелерінің басымдығын арттыра түсті. Содан кейін қонақтардың бапкерлер штабы Бояркинді Ортиомен алмастыруға мәжбүр болды.

Екінші кезеңде Михайлистің шәкірттері есеп айырмасын қысқартты. Матчтың 30-минутында Мартинссонның шығарған пасын Волк голға айналдырды. Араға 11 минут салып "Барыс" есепті теңестірді. Содан кейін Михайлис шәкірттері ЦСКА қақпасына голдарды қарша боратып, қатарынан төрт гол соқты. 41-минутта Берглунд көзге түссе, Диц дубль авторы атанды. Мәскеуліктер сапынан Гуськов есепті теңестіруге талпынды. Бірақ Әсетов пен Лильяның соққан голдарынан кейін есеп 6:3-ке жетті. Осылайша "Барыс" қонақтағы матчтар сериясын сәтті бастады.

16-қыркүйек күні "Барыс" ригалық "Динамомен" кездеседі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу