"Барыс" "Динамоға" жеңілді

1563

Бүгін Михайлис айдынға жаңа қақпашыны шығарған болатын.

"Барыс" "Динамоға" жеңілді

Құрлықтық Хоккей Лигасының тұрақты чемпионаты аясында өткен кездесуде қазақстандық "Барыс" Минскінің "Динамо" хоккей клубына жеңілді. Кездесудің негізгі уақытында ойын 4:4 есебімен тең аяқталғандықтан, матч овертаймға ұласты.

Алғашқы айналымда есеп ашылған жоқ. Кездесудің 2-кезеңінде Кертис Волк 4 минутқа айдыннан қуылды. 25-минутта белоруссиялық ойыншы Брендон Козун алғашқы гол авторы атанса, 26-минутта Роб Клинкхаммер есепті еселеді. Ал 28-минутта Артем Димков "Барыстың" жаңа қақпашысы Йони Ортио қақпасына 3-шайбаны салды. Осылайша небәрі 3 минуттың ішінде есеп 3:0 ге дейін жетіп, белоруссиялықтар алға шықты.

39-минутта "Барыс" хоккейшісі Антон Сагадаев көзге түсіп, есепті қысқартты. Бірақ үзіліске екі секунд уақыт қалғанда Егор Шарангович Ортионың қақпасынан саңылау тауып, "Динамолықтар" басымдылығын одан әрі нығайта түсті.

3-айналымда "Барыс" белсенді өнер көрсетіп, басымдылықты қолға алды. Кезең басталғаннан кейін 33 секундтан соң Роман Старченко минскілік команда қақпасына екінші шайбаны салды. 54-минутта Никита Михайлис есеп айырмашылығын қысқартты. Ал 3 минуттан соң Даррен Диц есепті теңестірді.

Нәтижесінде ойын тағдыры овертаймда шешіліп, минскілік хоккейшілердің жолы болды. Овертаймның 31 секундында  Клинкхаммер "Динамоға" жеңіс сыйлады. Кездесу 4:5 есебімен, белоруссиялық клубтың пайдасына аяқталды.
"Барыс" үшін бүгінгі кездесу осы маусымдағы алғашқы жеңіліс болды. Матч аяқталған соң елордалық клубтың бас бапкері Юрий Михайлис ойынға қатысты өз пікірін білдірді.

"Біз үшін кездесу қиынға соқты. Әсіресе 2-айналым. Қарсыластар өте жылдам қимылдады. Сол себепті біз олардан бір, екі қадам артта қалып отырдық. Қақпашымыз жақсы ойнады. Қақпаға жіберілген голдар ойыншылардың жеке қателіктерінен болды. Ал, 3-кезең жайлы айтар болсақ, мен командаға  алғыс айтамын. Жігіттер намысты қолдан бермеу үшін барынша тырысты. Командамыз есеп 1:4 болғаннан кейін ойынды овертаймға дейін жеткізді. Барынша жақсы нәтиже көрсетуге тырысқан командаға рахмет!", - деді Михайлис матчтан кейін.

Елордалық клуб келесі ойынды 7-қыркүйек күні Мәскеуде ЦСКА командасына қарсы өткізеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу