"Барыс" "Нефтехимикті" жеңді

638

Елордалық "Барыс" хоккей клубы "Нефтехимикті" жеңгеннен кейін, ҚХЛ-ның Шығыс конференциясының кестесінде "Торпедо" мен "Автомобилисті" қуып жетіп, басты қарсыласына біртабан жақындады.

"Барыс" "Нефтехимикті" жеңді

Өз айдынындағы матчтар сериясының екінші кездесуінде "Барыс" "Нефтехимикті" сенімді түрде жеңді. Елордалық хоккей клубы үзіліске 25 секунд қалғанда бірінші болып есеп ашты. Дмитрий Шевченко осы маусымдағы алғашқы шайбасын соқты. Екінші үзіліске аз уақыт қалғанда Егор Петухов әдеттегідей өз мәнірімен шайбаны қақпаға дәл бағыттап, "Барыстың" басымдығын нығайтты.

Соңғы айналымда Якоб Лилья дубль жасап, кездесуге нүкте қойды. Даниэль Буцаевтың матч соңында соққан шайбасы есеп айырмашылығын сәл де болса қысқартуға септігін тигізді. Бірақ, бұдан кейін айдын иелерінің қақпасына гол соғылған жоқ. Нәтижесінде кездесу "Барыстың" айқын жеңісімен, 4:1 есебімен аяқталды.  Ал, Хенрик Карлссон қақпаға бағытталған 25 соққыны қайтарып, жекпе-жек қаһармандарының біріне айналды. Енді 30 қаңтарда "Барыс" өз алаңында "Салауат Юлаевпен" ойнайды.

 "Барыс" – "Нефтехимик" 4:1 (1:0, 1:0, 2:1)

1:0 – 19:35 – Шевченко (Орехов, Михайлис) ГБ

2:0 – 37:51 – Петухов

3:0 – 41:01 – Лилья

4:0 – 49:47 – Лилья (Михайлис)

4:1 – 58:51 – Буцаев (Шарифьянов)

ҚақпашыларКарлссон – Коротаев

Кездесуден кейін командалардың бас бапкерлері ойынға қатысты өз пікірлерін білдірді.

"Алаң иелерін жеңісімен құттықтаймын. Өкінішке орай қателіктер жібердік. Ал тәжірибелі қарсыласымыз оны сәтті пайдаланды. Біз енді қателіктермен жұмыс жасап, әрі қарай алға жылжимыз", - деді "Нефтехимик" ХК бас бапкері Вячеслав Буцаев.

"Біздің команда үшін өте маңызды жеңіс. Ойын өте тартысты өтті. Ең бастысы біз бүгін ұтылған жоқпыз. Қарсылас команда плей-оффқа шығуға барлық мүмкіндіктерін жоғалтты. Біз өзімізге сенімді ойнадық", - деді "Барыс" ХК бас бапкері Юрий Михайлис.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу