"Барыс" овертаймда "Сібірді" жеңді

1050

Өз айдынындағы матчтар сериясының екінші кездесуінде "Барыс" "Сібірді" овертаймда 2: 1 есебімен ұтты.

"Барыс" овертаймда "Сібірді" жеңді

Бұл матчта алаң иелерінің құрамында бір ғана өзгеріс болды. Кристиан Томас ойыншылар тізімінен тыс қалды. Оның орнын жарақаттан айығып келген Кирилл Савицкий басты.

Есеп екінші кезеңнің басында ашылды. Даррен Диц алғашқы болып өз командасын алға шығарды. Бірақ қарсыластар үзіліске тең есеппен кетті. Қонақтар айдын иелерінің өз аймағындағы қателігін пайдаланып, Виктор Комаров Йони Ортионың қақпасын дәл көздеді. Бұдан кейін ойынның негізгі бөлігінде голдар соғылған жоқ.

Нәтижесінде кездесу овертаймға ұласып, Кёртис Волктың шығарған пасын сәтті пайдаланған Роман Старченко командасына жеңіс сыйлады.

"Барыс" – "Сібір" 2:1 ОТ (0:0, 1:1, 0:0, 1:0)

1:0 – 20:36 – Диц (Старченко, Волк)

1:1 – 33:43 – Комаров (Сетдиков, Кручинин)

2:1 – 64:02 – Волк (Старченко, Михайлис)

ҚақпашыларОртио – Сятери

Матч аяқталған соң командалардың бас бапкерлері ойынға қатысты пікір білдірді.

"Мен командаға қорғаныста берік болғандары үшін алғыс айтқым келеді. Бүгін өз аймағымызда көп ойнауға мәжбүр болдық. Барыс шабуылда өте мықты болып көрінді. Біз қарсы тұра алмадық. Бірақ қорғандық. Ұпай иеленгенімізге көңілім толады. Бірақ одан да көп ұпай алуымызға болар еді. Дегенмен, ұпайсыз қайтқанша, бір ұпайдың өзі де жақсы", - деді "Сібір" ХК бас бапкері Андрей Мартемьянов.

Ал Юрий Михайлис кездесуде Йони Ортионың өте жақсы ойнағанын ерекше атап өтті.

"Бүгін өте қиын ойын болды. Қарсылас ұпай жинау үшін келді. Олар соңына дейін күресуге дайын болды. Біз оны көрдік. Бірінші кезең тең тартыста өтті. Екінші кезеңде ойыншылар жағынан басымдыққа ие болдық. Біз гол соғатын көптеген мүмкіндіктер жасадық. Бірақ әзірге бізге гол соғу қиын. Үшінші кезеңде тағы да тең күрес болды. Қосымша уақытта мүмкіндігімізді пайдаландық. Жігіттерге рахмет! Йони Ортио да бүгін өте жақсы ойнады", - деді Юрий Михайлис.

27 қыркүйекте Михайлис шәкірттері өз алаңында "Автомобилистпен" кездеседі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу