2026 жылғы алғашқы өз айдынындағы матчта "Барыс" "Нефтехимикті" қабылдады. Астаналықтардың бапкерлер штабы құрамда тек бір ғана өзгеріс жасады. Ойынға Адам Шил қосылды.
Айдын иелері кездесудің алғашқы минуттарын жақсы өткізгенімен, есеп ашуға мүмкіндік беретін бірнеше сәтті мүлт жіберіп алды. Ал, қарсылас алғашқы мүмкіндіктерінің бірін тиімді пайдаланып, жақын қашықтықтан Герман Точилкин есеп ашты.
Екінші жиырма минуттықта да ойын өрнегі айтарлықтай өзгерген жоқ. "Барыс" шайбаны ұзақ уақыт өз бақылауында ұстап, қарсылас қақпасына қауіп төндіргенімен, Ярослав Озолин қорғаған қақпаны бұл кезеңде де бұза алмады.
Нәтижесінде, 36 рет соққы жасағанына қарамастан, астаналықтар мұз айдынынан голсыз кетті. Қорытынды есеп 0:1, "Нефтехимиктің" пайдасына.
17 қаңтарда Михаил Кравецтің шәкірттері Астанада ЦСКА командасымен ойнайды.