"Барыс" өз айдынында "Салауат Юлаевқа" жеңілді

1149

"Барыс" маусымды "Салауат Юлаевқа" қарсы өткен матчпен бастады.

"Барыс" өз айдынында "Салауат Юлаевқа" жеңілді

Жаңа маусымға дайындық аясында Уфа ұжымы екі турнирде өнер көрсетті: Башқұртстан Республикасының Кубогында, сондай-ақ TANECO Чемпиондар Кубогында. "Салауат Юлаев" тоғыз кездесудің бесеуінде жеңіске жетіп, бірқатар жас ойыншыларды сынап көрді. Команданың бас бапкері Томи Лямсаның жазғы циклдің нәтижелеріне көңілі толды. Бірақ соңғы сегіз апта ішінде Уфа ұжымында жарақаттардың белең алғанын атап өтті. Осы маусымда "Салауат" командасының құрамы көп өзгерген жоқ. Клуб барлық дерлік көшбасшыларды сақтап қалды.

Ал "Барыс" командасына келер болсақ, тамыз айында Қазақстан Республикасы Президентінің Кубогын жеңіп алды. Сондай-ақ Минск қаласында Беларусь ұлттық құрамасымен екі ойын өткізді. Юрий Михайлис барлық жаңадан келген ойыншыларды мұз айдынында тексеріп, клуб жүйесіндегі жас ойыншыларға әжептәуір ойын уақытын берді. Команда жаңа чемпионатты жаңартылған құраммен бастады. Маусым басталар алдында қорғаушы Әділ Бекетаевпен толыққанды келісім-шарт жасалды. Сондай-ақ шабуылшы Якоб Берглунд командаға қосылды.

Өткен маусымда "Барыс" пен "Салауат Юлаев" төрт бетпе-бет кездесу өткізіп, олардың үшеуінде Уфа ұжымы жеңіске жетті. Бұл жолғы кездесудің бірінші кезеңінде қонақтар белсенді болды. Айдын иелерінде алты минут бойы ойыншы саны жағынан басымдық болғанымен, соған қарамастан уфалық шабуылшы Николай Кулемин гол соғып кетті. Ойынның екінші бөлігінде Кулемин дубль жасаса, Джефф Платт есепті 3:0-ге дейін жеткізді.

Үшінші кезеңде айдын қожайындары қателіктерін түзетуге тырысты. Якоб Лилья олқылық орнын толтыруға барын салып, есеп айырмасын бір шайбаға дейін қысқартты. Бірақ Сергей Шмелев бірден жауап берді. Ал Кулемин ойынды қорытындылап, хет-трик жасады. Нәтижесінде кездесу 5: 1 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды.

"Барыс" (Нұр-Сұлтан, Қазақстан) — "Салауат Юлаев" (Уфа, Ресей) 1:5
Шайбалар:

0:1 — 08:49 Кулёмин (Кадейкин, Науменков).
0:2 — 37:20 Кулёмин (Плэтт).  
0:3 — 39:58 Плэтт (Гранлунд, Маннинен).
1:3 — 45:33 Лилья (Волк, Диц).
1:4 — 47:53 Шмелёв (Башкиров, Кадейкин).
1:5 — 57:25 Кулёмин (Кадейкин).

Юрий Михайлис шәкірттері келесі кездесуін 5 қыркүйек күні өз айдынында  Магнитогорскінің "Металлургына" қарсы өткізеді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу