"Барыс" плей-оффқа жолдама алды

2554

Сырт  алаңдағы матчтар сериясының екінші кездесуінде "Барыс" Сібірді жеңіп, плей-оффқа ресми түрде жолдама алды.

"Барыс" плей-оффқа жолдама алды

Айдын қожайындарынан бірінші кезеңнің соңында Юрки Йокипакка шайбаны қақпаға дәл бағыттап, есеп ашты. Виктор Комаров екінші кезеңнің басында "Сібірдің" басымдылығын нығайтты. Бірақ, "Барыс" тез арада жауап қатты. Максим Мусоров Джесси Блейкердің шығарған пасын голға айналдырып, есеп айырмашылығын қысқартты.

Үшінші кезеңді "Барыс" белсенді өнер көрсетіп, екі рет новосібірлік команда қақпасынан саңылау тапты. Гол авторлары Кирилл Панюков пен Джесси Блейкер. Ойындағы осы өзгерістерден соң Нұр-Сұлтандық команда қорғаныста сенімді ойнап, айдын қожайындарына гол соғуға мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде кездесу "Барыстың" пайдасына 3:2 есебімен аяқталып, Юрий Михайлистің шәкірттерінің плей-оффқа ресми түрде шыққаны жарияланды.

"Сібір" - "Барыс" (2: 3) матчынан кейін бас бапкерлердің қатысуымен баспасөз жиыны өтті.

"Жақсы ойын болды. Біз бүгін қарсыластарымыз көп шабуылдайды деп дайындалдық. Иә, гол жіберіп алдық. Бірақ біз жеңіске деген сенімді жоғалтпай,  мінез бен ерік-жігердің арқасында жеңіске жеттік. Барлық жігіттер жеңіске лайық болды", - деді "Барыс" ХК бас бапкері Юрий Михайлис.  

"Жігіттер қарсыластарға төтеп берді. Бұл командаға серпін берді. Ойында алға шықты. Үшінші кезеңде жекелеген қорғаныс қателіктері матчтың нәтижесіне әсер етті. Барлық статистикалық көрсеткіштер бойынша ойын тең өтті. Бірақ біз жеңіліп қалдық", - деді "Сібір" ХК бас бапкері Николай Заварухин.

Осы ойыннан кейін елордалықтар 62 ұпаймен Шығыс конференциясында жетінші орынға ие болды. Ал "Сібір" 48 ұпаймен тоғызыншы орында қалды. Енді 7 ақпанда "Барыс" "Металлургпен" кездесіп, қонақтағы матчтар сериясын аяқтайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу