banner

"Барыс" тағы да жер болды

1277

Өзінің туған күні жақындағанда тойлата алмай қалды. Астанада "Спартакқа" ойсырай жеңілді. 

"Барыс" тағы да жер болды

26 қараша күні "Барыс" хоккей клубының туған күні. Осы датаның алдында "Барыс" хоккей клубы жанкүйерлерді матчқа шақырып, билет сатып алған көрермендер арасында автокөлік ойнатты. Алайда, меркелік кештің күл талқаны шықты. Жергілікті жанкүйерлерінің алдында жер болып жеңілген "Барыс" тағы да ұятқа қалды. Расын айту керек, мұны біз шамамен осылай болады деп күткен едік. Өйткені, "Барыстың" биылғы ойыны мүлде нашар.

Бірінші периодта Михайлис есеп ашып, "Барыс Аренаға" келген жанкүйердің  төбесі көкке бір елі жетпей тұрды. Бар күшін салып бүгін жеңетін болды деп топшылап отырғанымызда "Барыс" сол баяғы сыңаржақ әдетіне басты. 18 минутта "Спартак" Мәскеу хоккейшілері таразы басын теңестіріп кетті. "Барыс" бұл кезде бір хоккейшіге кем ойнап жатқан болатын. Екіунші период бастала берген тұста "Спартак" тағы бір шайба салды. Бұл голдың авторы тағы да Принс. Ол әріптестерінің пасын зая кетірмеді. Дәл осы ойыншы үшінші шайбаны салған тұста матч тағдыры шешілген еді. Үшінші периодта айдын иелері қарымта қайтарып, 2 шайба айырмашылығын қайтаратын шығар деген дәмеміз болмады емес, болды. Алайда, қауқарсыз командамыз салысы суға кетіп, жанкүйерінің үнжырғасын түсіре берді.

Керісінше үшінші кезеңнің басында ресейлік ойыншы Хохлачев 4 шайбаны салып, мәселені түбегейлі шешіп тастады. "Барыс" тағы да ұятқа қалып, көрерменнің көзіне күйік болды. Қыруар қаржы жұмсайтын отандық клубымыз құрылғалы бері ешқандай жетістікке жетпеді. Бүгінгі ойын барысында ән шырқаған "Алашұлы" тобының "Намысын қолдан бермес" деген әні фанаттар арасында тек қана күлкі тудыртты. Себебі, намысы қайралмаған қазақтың бұл командасы жігерлі жеңіске еш талаптанбады да.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу