"Барыс" өз айдынындағы матчтар сериясын ЦСКА-мен өткен кездесумен аяқтады. Астаналықтардың бапкерлік штабы матчты 13 шабуылшымен өткізуді ұйғарып, ойынға Эмиль Галимовты қосты. Қақпада тағы да Адам Шил тұрды.
Кездесу алаң иелерінің қатарынан екі рет ескерту алуымен басталды. Алайда қорғаныста жанқиярлықпен ойнаған "Барыс" шайба жібермей, нәтижелі қарымта шабуыл ұйымдастырды. Айып алаңынан шыққан Мэйсон Морелли Тайс Томпсонға дәл соққы шығарды. Сол арқылы қазақстандықтар гол соқты. Екінші кезеңде есеп өзгермеді. Ал, шешуші үшінші кезең тартысқа толы өтті.
Алдымен Майкл Веккьоне астаналықтардың басымдығын нығайтты. Бұдан кейін мәскеуліктер белсеніп, бастаманы өз қолына алды да, қақпашыны алтыншы алаң ойыншысына ауыстырды. Максим Соркин Шилдің қақпасына жол тауып, есеп айырмасын қысқартты. Осыдан соң ЦСКА бапкерлік штабы тағы тәуекелге барып, алаңға қайтадан алты алаң ойыншысын шығарды. Алайда жағдайды құтқару мүмкін болмады. Веккьоне дәл соққымен матчтың нүктесін қойды. Қорытынды есеп "Барыстың" пайдасына 3:1.
Астаналықтардың қақпашысы Адам Шил 25 сейв жасап қана қоймай, нәтижелі паспен де көзге түсті.
20 қаңтарда Михаил Кравецтің шәкірттері Тольятти қаласында "Лада" командасымен кездеседі.